Соңғы ширек ғасырда Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесіне байланысты арнайы заң қабылданып, үкімет бірнеше рет тіл дамыту бағдарламасын жасаса да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарын бітірген жастардың арасында қазақ тілін меңгере алмағандар көп кезігеді.
Солардың бірі – жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын Нұрбол Асылбаев 40 жасқа келгенше қазақ тілін мүлдем игере алмаған. Ол орта мектептегі советтік білім беру әдістемесін кінәлайды.
– Қазіргі мектеп бітірушілерге қарап әлі де бұрынғы әдістен ұзамағанымызды байқаймын. Мәселен, өз басым неміс тілін үйреніп, Германияға оқуға бардым. Бірақ өз еліңнің тілінде сөйлемеу ұят екенін түсініп, жасым қырыққа таяғанда тіл үйренуді қолға алдым, - дейді Нұрбол Асылбаев.
Ол қазақ тілін әуелі мемлекеттік тапсырыспен шыққан оқулықтар арқылы үйренуге талпынғанмен көп ілгерілей алмаған. Кейін эпостық жырларды жаттау жобасына қатысып, ойын қазақша түсіндіре алатын деңгейге жеткен. Жырлардағы сөздер мен сюжеттер арқылы қазақтың салт-дәстүрін де үйренген.
«СЫНАУШЫ КӨП, ЖАСАУШЫ АЗ»
Мемлекет қаржыландыратын қазақ тілін дамыту мен үйрету бағдарламаларына көңілі толмай түрлі қосымша әдістемелерді ұзақ уақыт іздеуге мәжбүр болғандардың ішінде өз тәжірибесі негізінде оқулық жазып кеткендер де бар.
Соңғы кездері жұртшылық арасында кең тараған «Ситуативный казахский» деп аталатын қазақ тілін үйренуге арналған кітап авторы Қанат Тасыбеков ана тілін үйренуге жасы 50-ге келгенде кіріскен. Кейін өз ізденісінің негізінде арнайы оқулық жасаған.
– Негізгі мамандығым зоотехник, осы салада диссертация да қорғадым, өмір бойы орыс тілінде оқыдым. Қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелер көп, бірақ нәтижелі әдістемелер жоқ. Қазақ тілін білмейтін адамдар 10 жылдан бері тіл оқыту жөнінде кітап шығарып, сатып келе жатқанын білемін. Демек сұраныс бар. Мәселен, қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерлер бар, бірақ оларда мотивация жоқ деуге бола ма? Керісінше ең үлкен мотивация – соларда. Өйткені бәрі де қызметте жоғарылағасы келеді, - дейді ол.
Қанат Тасыбек оқулығында қазақ тіліндегі сөз тіркестерін шынайы өмірден алынған эпизодтарда қолдануды негізгі әдістемеге айналдырған. Тіл үйренушілердің қызығушылығын тудырған бұл оқулығы 10 мың тиражбен шығысымен түгел сатылып кеткен.
Әуесқой лингвист оқулық шығару үшін үкіметтен қаржы сұрамаған. Өзінің айтуынша, оқулығына сұраныс бар екені байқалғанда кітабы мемлекеттік тапсырыспен қайта басылған.
– Бұл кітап – менің өзімнің жеке азаматтық бастамам. Өйткені тілді үйретушілерді сынаушылар көп, бірақ жасаушылар аз, - дейді ол.
Қазақ тілін үйретудің жаңа тәсілдерін іздеумен шұғылданушылардың тағы бірі – Земфира Ержан бұл іспен 2009 жылдан бастап айналысып келеді. Ол тілді дәстүрлі жыр жаттату арқылы үйрететін жобасының тиімділігін үкіметке дәлелдей алмаған соң, мәдениеттанушы Зира Наурызбаевамен бірігіп оқулық жазған. Ақылы топ құрып, «Қобыланды батыр – жатқа» деген жобасын ашқан.
– Мәдениет, өнер саласын зерттеуші болғандықтан қазақ тілін жыр тілімен үйретіп, ондағы тарих пен мәдениетті оқытып, үйрету арқылы тілді үйретудің оңайырақ болатынына көз жеткіздік, - дейді Земфира.
«ПАТЕРНАЛИСТІК КӨЗҚАРАС БАСЫМ»
Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова қазақ тілін үйретудің түрлі әдістемесі енді қалыптасып келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, ағылшын және орыс тілдерін оқыту әдістемелерінің тарихын енді қалыптасып келе жатқан қазақ тілін оқыту әдістемесімен салыстыруға болмайды.
– Менің байқауымша, постсоветтік қоғамда мемлекетке қатысты патерналистік көзқарас әлі күнге қалмаған. Яғни, барлық міндетті үкіметке арту. Тілге келгенде де солай. Бірақ Қанат Тасыбеков пен Земфира Ержан сияқты адамдардың жобалары – осындай патерналистік ұстанымдарды бұзатын азаматтық бастамалар. Ал тілді үйренгісі келмейтіндер әдістеме жоқтығын алға тартады. Бұл олардың өздерінің селқостығы, нигилизмнің көрінісі, - дейді ол.
Анар Фазылжанова қазақ тілін үйрету бойынша ұйымдастырылып жатқан азаматтық бастамаларға тұрақты мониторниг жасалмайтынын, жыл сайын үкімет тарапынан қыруар қаржы бөлінсе де, мемлекеттік тілді қолдау саласы бойынша жұмыс істейтін белсенді ҮЕҰ-дардың аздығын айтады.
1989 жылғы қыркүйектің 22-сі күні ҚазССР-інің Жоғарғы кеңесі қабылдаған «Тілдер туралы заңға» сәйкес қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген. Содан бері Қазақстан үкіметі мемлекеттік тілдің дамуы, оқытылуы мен қолданыс аясының кеңуіне және ресми мекемелерде іс жүргізуді қазақшаға көшіруге қатысты ондаған бағдарлама қабылдады. Олардың кейбірін жүзеге асыру кезінде Тіл комитетінің өкілдері арасында жемқорлық дауына ілініп, істі болғандар кездесті. 2009 жылы бұрынғы Тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбекке «қазақ-орыс-ағылшын электрондық сөздігін жасау жобасына бөлінген 65 миллион теңге қаржыны талан-таражға түсірді» деген сырттай айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған болатын. Сол жылы қаржы полициясының өкілі оны «құқық қорғау органдарынан тығылып, Түркияда жүр» деп хабарлаған.
1997 жылы Қазақстан президенті бекіткен «Тіл туралы» заңның 4-бабында «үкімет мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін азаматтардың еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» деп көрсетілген.