Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты этникалық өзбектер басым тұратын Қарамұрт ауылының тұрғыны Бахадур Тураев Азаттық тілшісіне тамыздың 27-сі күні түстен кейін 20 шақты адам ауылға сырттан көлікпен келіп, тәртіпсіздік жасағанын айтады.
Оның сөзінше, белгісіз азаматтар ауылдық әкімдіктің алдында тұрған адамдарды, оның ішінде такси жүргізушілерін соққыға жығып, бірнеше дүкеннің терезесін қиратқан. Бахадур Тураев оннан астам адам жарақаттанып, Елмұрат Ташболатов деген жасы 40-қа таяған тұрғын ауруханаға түскенін хабарлайды. Ол оқиғаға не себеп болғанын білмейді.
Мұндай оқиға болғанын ауылдағы "Мұхитдин" сауда үйінің сатушысы Саламат Тайжанова да растайды. Оның айтуынша, тәртіпсіздік жасауға келгендер тапанша, арматура, шолақ мылтық ұстаған, кейбірі беттерін тұмшалап алған.
Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарласқан Қарамұрт тұрғынының сөзінше, "қазақ және өзбек жастары арасында қақтығыс болып", төрт адам - этникалық өзбектер жәбір көрген.
Тәртіпсіздік жасауға келгендер тапанша, арматура, шолақ мылтық ұстаған, кейбірі беттерін тұмшалап алған.Саламат Тайжанова, Қарамұрт тұрғыны
Қақтығыс кезінде бір туысы соққыға жығылып, сүйегі сынып, ауыр халде ауруханаға түскенін айтқан тұрғынның сөзінше, оқиға кезінде мылтық та атылған. "Ондаған қазақ жігіті келіп шабуылдады. Қақтығыс бір сағаттай болды" дейді тұрғын.
"Өзбекстан халық қозғалысы" ұйымының сайтында жазуынша, "халқының 98 пайызын өзбектер құрайтын ауылға шолақ мылтық, тапанша, өткір арматурамен қаруланған 150-дей адам көлікпен келген".
Бұл оқиғаның анық-қанығын білуге Қарамұрт ауылына барған Азаттық тілшісі ауылдық әкімдік алдында жылжымалы полиция көлігі тұрғанын, бірақ ішінде ешкім жоғын байқады. Ал ауылға адамдар емін-еркін келіп-кетіп жатыр.
Қарамұрттың Азаттық тілшісімен тілдескен жергілікті такси жүргізушілері тамыздың 27-сінде "15 шақты көлікпен 50-60 шақты адам келіп, өздерін соққыға жыққанын" айтты.
- Оннан астам таксист жараланды. Оқиға негізі қазақтар тұратын көрші Мәдени ауылынан келген екі қазақ жігітінің әңгімесінен шыққан. Қарамұрттағы асханадан тамақ ішкен екі жігіт ақшасын төлемей, арты төбелеске ұласқан, - дейді Қарамұрттың таксистері.
Үшеуіне медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Бір тұрғын ауруханаға жатқызылды.Сайрам аудандық ауруханасының бас дәрігері
Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров "Интерфакс-Казахстан" агенттігіне тәртіпсіздіктен екі күн бұрын Мәдени ауылынан келген тұрғындардың Қарамұрт ауылында шу шығарғаны туралы айтқан. Әкім тамыздың 27-сі күнгі төбелес кезінде шабуыл жасаушылардың 17 көлік пен 89 сауда орнын бүлдіргенін хабарлаған.
Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Азаттыққа Қарамұрт ауылында оқыс оқиға болғанын растап, ол оқиғадан соң бір адам ауруханаға түскенін, тәртіпсіздікке қатысты бес адам ұсталғанын мәлімдеді. Полиция өкілі жанжалдың этникалық сипаты жоғын айтты.
Бір тұрғынның ауруханаға жатқызылғанын Сайрам аудандық ауруханасының бас дәрігері де растады. Дәрігердің Азаттық тілшісіне айтуынша, тамыздың 27-сінде Қарамұрт ауылының бірнеше тұрғыны медициналық көмек сұрап ауруханаға келген.
- Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Бір тұрғын ауруханаға жатқызылды. Оның аты-жөнін, қазіргі жағдайына қатысты ақпарат бере алмаймыз, - деді аты-жөнін жарияламауды сұраған дәрігер.
Оңтүстік Қазақстанда тұратын өзбектер - Қазақстандағы ең ірі этникалық азшылық топтардың бірі саналады. Ресми статистикалық мәлімет бойынша олардың саны жарты миллионнан асады.