«Қазақмыстағы» ереуілге тағы бірнеше кеніш қосылды

Мыс кенішіндегі жұмысшы. Көрнекі сурет

Жезқазған аймағындағы Анненский кеніш орнында басталған ереуілге мамырдың 6-сы, жексенбі күні тағы бірнеше шахта қосылғаны белгілі болды. Жер астында ереуілдеп жатқан кеншілерді жер үстіндегі әріптестері қолдап шыққан.
Азаттық тілшісіне мамырдың 6-сы күні мәлімет берген Жезқазғандағы аймақтық басылымның тілшісі Берік Жағыпаров:

- 65, 67-ші кеніштердің, сонымен бірге «Шығыс және Батыс –Жезқазған» кеніштерінің жұмысшылары да «Анненскийге» жиналып жатыр. Бірақ басшылық олардың ешқайсысын шахтаға түсіріп жатқан жоқ. Өйткені басқа да наразы жұмысшылар кеніштің астындағы жолмен қазіргі 98 адамға қосылып, ереуілдеушілер 4-5 мың болып кетеді ме деп қорқып отыр, - деді.

Бұл ақпаратты корпорация жартылай ғана растап отыр.
Бірақ басшылық олардың ешқайсысын шахтаға түсіріп жатқан жоқ. Өйткені басқа да наразы жұмысшылар кеніштің астындағы жолмен қазіргі 98 адамға қосылып, ереуілдеушілер 4-5 мың болып кетеді ме деп қорқып отыр.
Берік Жағыпаров

«Интерфакс-Казахстан» агенттігіне «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағы бойынша PR-менеджері Елена Шальнова «Анненский кенішінің жұмысшыларына тағы екі: Шығыс-Жезқазған және Оңтүстік кеніштерінің жұмыскерлері қосылды» деген.

Шальнованың сөзінше, «қазір жер астында ереуілдеп отырғандарға тағы 152 адам қосылған. Қазір жер астында 250 адам бар. Ал жер үстіндегі наразылық танытып жатқандар саны 350-ге жеткен».

Дегенмен Берік Жағыпаров қазір "Анненскийде" мыңнан аса кенші жиналып тұрғандығын айтады. Алайда «Қазақмыстың» жексенбі, мамырдың 6-сы күні таратқан баспасөз мәлімдемесінде «кеніш маңындағы жағдай қалыпты» деп жазылған.

Бүгін түсте "Анненский" кенішінің территориясында жұмысшылар мен корпорация басшылығы: Эдуард Огай мен оның орынбасары Сергей Дяченкомен кездесу өткен. Басшылық «еңбек дауы конструктивті жолмен шешілсе, ереуілдеп жатқандарға ешқандай жаза қолданылмайды» деп мәлімдеген.

Эдуард Огай Сәтпаев қаласының прокуроры, Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының басшылығына арналған хатын оқыды. Онда Огай «болып жатқан жайтты еңбек дауы деп қарастыруды және ешқандай шара қолданбауды» сұраған.
Эдуард Огай Сәтпаев қаласының прокуроры, Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының басшылығынан «болып жатқан жайтты еңбек дауы деп қарастыруды және ешқандай шара қолданбауды» сұраған.
Ал Берік Жағыппаровтың сөзінше, кеше прокуратура жер астындағы кеншілерге барып, олардың бұл ереуілі «заңсыз» деп түсіндірген. Бұл әрекетті кеншілер өздеріне жасалып жатқан қысым деп бағалап, наразы болған.

- Түскі 14.00-де (мамырдың 6-сы күні – ред.) Огай жұмысшылардан бастамашыл топ құрып, әр кеніштен 10-15 адамнан келсін деген. Оған бірақ жер астындағылар келіспеді. Бес кенші шығып өздерінің талаптарын айтты да, қайтадан астына түсіп кетті. Кеншілер шахтаға түскен адамның ең азы 150 мың теңге, ал тікелей кен өндірумен айналысатындарға 350-500 мыңға дейін айлықты көтеруді айтып отыр, - деді Берік Жағыпаров.

Мамырдың 4-і Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай «наурыз айынан бері 32 мыңнан астам жұмысшы аттестациядан өткенін, жұмысшылардың жалақыларын кемінде 20-30 пайызға өсіретінін» айтқан еді.

«Қазақмыс» кеншілерінің бұл жолғы ереуілі Анненский кенішінде мамырдың 5-і күні басталған болатын. Кеншілер жалақыларын өсіруді талап етіп, шахтадан шықпай қойған.

Қазақстанда «Қазақмыстың» 18 кеніші, 10 кен байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту өндірістік кешені және 60 мыңдай жұмысшысы бар. Компания 2011 жылы қазған кенінен 299 мың тонна катод мысын өндірген. Бұл - Қазақстанда өндірілетін барлық мыстың 90 пайызы.

«Қазақмыс» кеншілерінің ереуілі туралы Youtube сайтында жарияланған видео-үзіндіні мына жерден көре аласыз:

http://www.youtube.com/embed/JZl-pJOTBwA