«Қорғас ісі»: прокурор түрмеге жіберуді сұрады

«Қорғас ісіне» байланысты айыпталушылар үзіліс кезінде туыстармен сөйлесіп тұр. Алматы, 20 маусым 2013 жыл.

«Қорғас ісі» бойынша сотталғандардың айыптау үкіміне қатысты шағымын қараған Қазақстан әскери сотының апелляциялық алқасының шешімі жуырда шықпақ. Сот процесі тергеу абақтысының «ерекше залында» өтіп жатыр.

«Қорғас ісі» бойынша сотталғандардың бірінің, ҰҚК-нің бұрынғы жоғары шенді қызметкері подполковник Ирлан Әбдірахмановтың адвокаты Елена Ребенчук сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымдары бойынша өткен апелляциялық сот қаулысы тамыздың 6-сы күні жарияланатынын Азаттық тілшісіне айтты. «Коррупциялық қылмыстар жасады» деп айыпталған Әбдірахманов бұл іс бойынша өзгелермен бірге биыл сәуір айында 17 жылға сотталған.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ СОТ

Елена Ребенчук «менің практикамда апелляциялық соттың бұрын-соңды мұндай ұзақ отырысы болған емес» дейді. 45 айыпталушыға қатысты үкім болғандықтан, «Қорғас ісі» бойынша өткен апелляциялық сот отырысында сөйлегендер көп болды. Олардың екеуі шартты мерзімге сотталған, ал қалғандары үш жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге түрмеге кесілген. Олардың ішінде «контрабандистерге көмектесті» деп айыпталған ҰҚК қызметкерлері де бар. Сотталғандардың көбі – кеден органдары қызметкерлері мен кәсіпкерлер. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі антикоррупциялық процес. Сотталғандар Қытаймен шекарадағы негізгі кеден бекетіндегі мафиялық қылмыстарға қатысты айыпталады.

Қорғас кеден бекетінде тұрған адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.

Апелляциялық сотта шағымдарды қарау мен тараптардың жарыссөзі бір аптадай мерзімге – шілденің 8-інен бастап 11-іне дейін созылды. Процесті әскери соттың апелляциялық алқасының судьясы Айдын Нұрбеков жүргізіп жатыр.

Сотталғандардың адвокаттары алғашқы сотта клиенттерінің кінәсі дәлелденбегенін айтады. Адвокаттардың көбі «сотталғандарға жалаң айыптар тағылды, ал судья Советхан Сәкенов оларды дәлелденбеген айғақтар ретінде тануы тиіс еді» деп мәлімдеді.

«Қорғас ісі» бойынша өтіп жатқан апелляциялық сотта прокурор адвокаттардың сөзінен кейін орнынан тұрып, сотталушылардың кінәсі алғашқы сотта толық дәлелденгенін қысқаша мәлімдеп, соттан үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

ЕРЕКШЕ ЗАЛДА ӨТКЕН СОТ

«Қорғас ісі» сотталушылар саны жөнінен Қазақстан тарихындағы ең ауқымды сот процесі ретінде әлеуметтің назарына ілінді. Әуелі іс бойынша 100-ге жуық адам айыпталған. Кейін сотталушылардың қатарында 45 адам қалып, өзгелері «істеген қылмысына қатты өкіну және тергеу амалдарына көмектесу» бабы бойынша куәгерлер қатарына ауыстырылған.

Қорғас кеден бекетінің Қытай жақ беті. (Көрнекі сурет)

«Қорғас ісі» процесінің алғашқы сатысында істі әскери сот қараған. Билік «айыпталушылар саны көп болғандықтан, оларды тасымалдауда қиындық тууы мүмкін» деген уәжбен сот процесін тергеу изоляторында өткізуді ұйғарған.

​Елдің әр аймағынан тұтқындалып, Алматының шетіндегі СИ-18 тергеу изоляторына жеткізілген айыпталушылар әлі сонда отыр. Апелляциялық сот шешімін күтіп отырған олар үкім күшінде қалса, түрмелерге таратылуы мүмкін екенін де біледі. Қазақстан әскери сотының апелляциялық алқасы отырысы да тергеу абақтысындағы арнайы жабдықталған залда өтті. Бірақ сот отырыстарына сотталғандар қатысқан жоқ.

Сот болжамынша, ҰҚК-нің жоғары шенді тұлғалары демеген ұйымдасқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы контрабандалық жолмен Қытайдан Қазақстанға тауар тасыған. «Қорғас ісі» соты тұтас бір жыл бойы – 2013 жылдың сәуірінен 2014 жылдың сәуіріне дейін жүрді.

Үкім шыққаннан кейін «бұл істің астарында контрабанда саласын бөлісе алмаған күштік мекемелер арасындағы талас жатыр, ал кеден бекеттеріндегі коррупцияны тудырған себептер жойылған жоқ» деген пікірлер тараған. Азаттық тілшісімен әңгімелескен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев «заңдарды кәсіпкерге кеден бекетінен жүгін заңсыз жолмен өткізу тиімсіз болатындай етіп өзгерту керек» дейді.