«Өлексесі табылған» киіктің қашан өлгені даулы

"Шындық" экспедициясы Қостанай облысы Жангелдин ауданынан түсірілді деп сипаттаған өлген киіктің суреті. (Сурет Амандық Дәулетбекұлынан алынды)

Белсенділер «Қостанай облысында киік әлі де қырылып жатқанын» айтады. Ал ресми мекеме өкілдері «олар – бұған дейін өлген киіктер» екенін хабарлады.

Қазақстанның солтүстік өңіріндегі киік қырылған маңды көріп қайту үшін «Шындық» экспедициясын ұйымдастырған белсенділердің бірі Амандық Дәулетбекұлы ол маңда көмусіз жатқан киік өлекселері кезіккенін хабарлады.

– Қостанай облысы Жангелдин ауданына барғанымызда «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының өкілдері тағы да 5 мыңға жуық киік өлгенін айтты. Аудан әкімшілігі жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, киіктердің өлексесін біздің алдымызда ғана көміпті. Алайда біз көмілмеген киіктердің әлі көп екенін аңғардық, – дейді Амандық Дәулетбекұлы.

Құрамында бір топ қоғам белсендісі бар «Шындық» экспедициясы Қостанай облысының Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарын басып өткен. «Жергілікті билік тарапынан көп кедергіге тап болғандарын, сонда да тоқтамай сапарларын жалғастырып келе жатқандарын» айтқан экспедиция бүгін Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына жетіп тоқтаған.

– Ырғыз ауылының тұрғындары қазіргі даладағы қояндар мен суырлардың қырылып жатқанын хабарлады, – дейді Амандық Дәулетбекұлы.

«БҰРЫННАН ҚАЛҒАН КИІКТЕРДІҢ ӨЛЕКСЕСІ»

Азаттық тілшісі Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Шота Оспановқа қоңырау шалып, «Шындық» экспедициясы мүшелері айтқан дерек жайлы сұрады.

– Жақында 5 мың киіктің өлексесі табылғаны рас. Бұл аумақ бізге емес, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына тиесілі, содан сұраңдар, – деді ол.

Өліп жатқан киіктер. Қостанай облысы, 20 мамыр 2015 жыл.

«Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Батырхан Қожахметұлы «ол өлекселер – мамыр айында қырылған киіктердің көмілмей қалғандары» екенін айтып, ауыл шаруашылығы министрлігіне жөн сілтеді.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің сарапшысы Нұржан Мырзабеков «киіктердің тағы да өліп жатқаны туралы ешқандай ақпарат түспегенін» хабарлады.

Мамыр айында Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында Бетпақдала популяциясына тиесілі 130 мыңнан астам киік қырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі «киік қырылуының бір себебі – пастереллез ауруы болуы мүмкін» деген болжам айтқан. Ал жергілікті тұрғындар киіктер «Протон» зымыран тасығышынан төгілген улы гептилдің әсерінен өлді деп санайды. Бұл пікірді кейбір биолог мамандар да қолдайды.

Киік қырылған өңірлердің кейбірінде тұрғындардың малдары да өле бастаған. Арнайы мекемелер «мал өліміне пастереллез ауруының қатысы жоғын, үй жануарлары суық тию мен одан асқынған өкпе қабынуы сияқты аурулардан, жалпы жай-күйінің нашарлауынан өлгенін» мәлімдеген.