Қырғызстан Қазақстанды Аспара өзенін пайдалану бойынша келісімді бұзды деп айыптайды. Жергілікті тұрғындар бұл мәселеге қатысты Қырғызстанның Жогоргу Кенешіне (қырғыз парламенті – ред.) хат жіберген. Ал Қазақстан билігі бұл мәселеге қатысты «ешқандай заңбұзушылық болған жоқ» дейді.
ЖОГОРКУ КЕНЕШКЕ ӨТІНІШ
Аспара өзені Қазақстанның Жамбыл облысы Мерке ауданы мен Қырғызстанның Шу облысы Панфилов ауданын бөліп ағады. 1948 жылы жасалған екі ел арасындағы келісім бойынша Аспара өзені суының 62 пайызын – Қазақстан, ал 38 пайызын – қырғыздар пайланады.
Панфилов ауданы Фрунзе аймақтық кеңесінің депутаты Таштанбай Тунгатаровтың сөзінше, Аспара суымен 6,5 мың гектар жер суғарылуы тиіс, бірақ соңғы уақыттары Қазақстан жағы бірте-бірте суды азайтып жатыр.
– Бұл мәселені жылда көтереміз, премьер-министрге, Жогоргу Кенеш пен вице-премьерлерге де хат жаздық, тіпті олармен кездестік те. Бірақ мәселе сол күйі шешілмей тұр. Халық әлдебір жеміс-жидек пен дақыл егуден қорқады. Билік бізге қант қызылшасын егіңдер дейді, бірақ оған су жоқ қой. Биыл да қалай болатыны белгісіз. Тау басындағы қардан жиналған су 40 пайыз дейді, ал былтыр 140 пайыз болған, - дейді депутат.
Наурыздың 16-сы күні бір топ жергілікті тұрғын Жогорку Кенеш депутаттарымен кездесіп, мәселені 20 күн ішінде шешіп беруді талап еткен. Таштанбай Тунгатаров «су екі жаққа тең бөлінсін, Қазақстан су бөлістіру ісіне Қырғызстанды да араластырсын» деген талап қойылып жатқанын айтады. Бұдан бөлек депутат су қоймасын салуға шақырады.
– Чалдыбар ауылының маңында 950 гектар жайылым жер бар. Біз сол жерге ең болмаса 3 миллион текше метр су сақтайтын су қоймасын салып беруді сұрап отырмыз. Бұл су мәселесін біршама жақсартады. Осы аудандағы 9 мың адам жер игеріп, күнелтіп келеді. Сондықтан бізге су аса қажет, - дейді депутат.
Your browser doesn’t support HTML5
«КЕЛІСІМ БҰЗЫЛҒАН ЖОҚ»
Жамбыл облысы Мерке ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков Азаттыққа берген комментариінде Қазақстан тарабының келісімді бұзғанын жоққа шығарады.
– Аспара өзені суының 62 пайызы Қазақстанға, 38 пайызы Қырғызстанға тиесілі. Біз бұл шарттың бір де бірін бұзған жоқпыз. Былтыр солай бөлініп келді. Мерке ауданында 20 жыл бұрын Аспарамен секундына 24-25 текше метрге дейін су аққан. Соның 7-8 текше метр суын қырғыз тарабынан БЧК (Үлкен Шу каналы – ред.) арқылы алатынбыз. Олар қазір бізге бір текше метр көлемінде ғана су беріп отыр. 2015 жылы секундына бір текше метр су алсақ, 2014 жылы мүлде су берген жоқ. Сондықтан Мерке ауданындағы шаруалар судан тапшылық көрді. Бұл жерде келісім-шартты бұзу деген жоқ. бізде барлығы суды пайдалану ережелеріне сәйкес жүріп жатыр, - деді ол.
Өмірбековтің айтуынша, қазір өзен суы бұрынғыдай көзбен емес, компьютер арқылы өлшенеді. Сол себепті қателесу қиын.
– Олар (қырғыз тарабы – ред.) бізге Аспарадан су алғанына байланысты өз есебінен БЧК бойынша су беруі тиіс болатын. Ал олар сол судың үштен бір бөлігін ғана беріп отыр десек болады, - дейді әкімдік өкілі.
Мерке ауданының тұрғыны, диқан Думан Оңғарбаев жыл сайын жаз уақытында су тапшылығы сезілетінін айтады.
– Биыл жауын-шашын аз болып жатыр, жағдай қиындауы мүмкін. Енді ғана жұмыс бастап жатырмыз. Суды әлі қолданып жатқан жоқпыз. Жазға таман кішкене тапшылық болады ғой. Бірақ әзірге белгісіз не болары, - дейді диқан.
Аспара су қоймасын салу туралы қырғыз депутатының ойын Мерке ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков те айтады. Ол осындай жолмен су тапшылығы мәселесін шешуге болады деп санайды. Себебі, күз бен қыс кезінде жауын-шашынмен суы молайған өзен суы қоймада сақталса, судан тарығатын жаз кезінде қолдануға жағдай туар еді. Өмірбековтің сөзінше, бұл мәселе үкіметте қаралғанымен әзірге кесімді шешім қабылданбаған.
Әкімдіктің дерегіне сәйкес, су тапшылығы мәселесін шешу үшін Қазақстан мен Қырғызстан тамшылап суғару сияқты үнемдеу технологиясын қолдануға тырысып жатыр. Екі ел диқандары суғаруды көп талап етпейтін, мол өнім беретін астық пен көкөніс түрлерін өсіруге талпынып жатқаны да айтылады.
Қырғыз Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтан бастау алатын Аспара жоғары ағысында бірде кеңіп, бірде тарылып отыратын тау шатқалдарымен өтеді. Төменгі ағысындағы аңғары кеңейіп, жазыққа айналады. Өзеннің алабында бес көл бар. Аспара суын шекаралас екі елдің халқы егін суаруға пайдаланады.
(Мақалада Азаттықтың Қырғыз қызметінің мәліметтері пайдаланылды.)