Techno Trading LTD жұмысшылары Азаттық тілшісіне шағымдарын Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде тамыздың 13-і күні айтты. Олар «мамыр айында жалақыларын көбейтуді талап еткен митинг өткізген соң басшылықпен арада еңбек дауы ушыққанын» айтады. Азаттыққа шағым айтқан жұмысшылардың талаптары бірнешеу: жұмыс орындарын қысқартпау, әлеуметтік төлемдер мен тоқсандық сыйақыларын тұрақты төлеу, жалақыны көбейту, наразылық шарасынан кейінгі қысымды тоқтату.
Маусымның 18-і күні жұмыстан шығарылған Жолдас Көкімбай Techno Trading LTD компаниясында 2007 жылдан бері электрик болып істеген. Бес баланың әкесі «әйелі жасқа толмаған баламен декреттік демалысқа шыққанын, отбасының жалғыз асыраушысы өзі екенін» айтады. Жолдас Көкімбайдың сөзіне қарағанда, ол «биыл мамыр айында болған жұмысшылар наразылығына қатысқаны үшін жұмыстан шығарылған».
- Еңбек заңын бұзғаным жоқ. Бірақ мен маусымның 18-і мен 20-сы аралығында болған компаниядағы жиналыстан соң өрбіген стихиялық митингке қатысқандардың қара тізіміне ілігіппін. Шындығына келгенде мен ол митингке мүлде қатысқаным жоқ. Соттың бірінші инстанциясы менің дәлелдеріме назар аударған жоқ, - дейді ол.
Жолдас Көмекбай енді сотқа апелляциялық шағым әзірлеп жатқанын айтты.
«Жұмыстан себепсіз шығарды» деп шағымданып жүрген жалғыз ол емес. Жұмысшылардың айтуынша, «биыл бұл мекемеден жеті адам жұмыстан қуылған». Осы уақытқа дейін Techno Trading LTD ЖШС-інің жүк көтеруші жұмысшысы болған Нұрлан Таласбаев «тамыздың 4-і күні жұмыстан шығарылдым» дейді.
- Маған қойылған кінә - «түскі ас уақытында ұйықтадың» деген айып. Ол менің уақытым, ұйықтаймын ба, жоқ па - өзім білем ғой, - дейді ол.
Жұмысшылар «мамыр айында болған наразылық митингісінен соң, компанияда қысым көбейді» дейді. Techno Trading LTD жұмысшысы Абай Қалиевтің сөзіне қарағанда, сол митингіден соң «Жалақыны көтеріп, әлеуметтік төлемдерді (отбасын құрғанда немесе емделуге берілетін, көп балалы отбасыларға көмек ретінде төленетін, т.б. төлем түрлері) жүргізуге уәде берілген. Бірақ әлеуметтік төлемдер ғана маусым айынан беріле бастаған».
- Осы компанияда жұмыс істегеніме 10 жыл болды. Бірде-бір рет санаториялық емдеу-сауықтыру тәрізді әлеуметтік қолдау көргеніміз жоқ. Ал жұмысымыз болса, өте ауыр. Мұнай құбырларын, шлангілерін тазалап, жуамыз, жөндейміз. Сондықтан сауатты кадрлармызды қудаламасын, тоқсандық сыйақымызды, әлеуметтік төлемдерімізді уақтылы берсін деген талап қойып отырмыз,- дейді ол.
Оның айтуынша, жұмысшылар бұл талаптарын жинақтап, парламентте талқылау үшін Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейтмағамбетоваға жолдаған.
Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, «ол талап-хатта Techno Trading LTD-нің Маңғыстау облысындағы филиалы директоры Серік Нұрғалиевтің жергілікті кадрлерді заңсыз қудалап, кейбірін жұмыстан шығарғаны» жазылған. Бұдан бөлек, наразылар «Жұмыс орындарын қысқартпау, айлықты төмендетпеу, әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлеу туралы облыс әкімдігімен болған меморандумның орындалуын талап еттік. Хатқа 130 жұмысшы қол қойдық» дейді.
Азаттық тілшісі Гүлнар Сейтмағамбетоваға хабарласуға тырысқанымен, депутаттан қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады.
ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ УӘЖДЕРІ
Азаттық тілшісі бірнеше рет хабарласқанда, Techno Trading LTD-інің Маңғыстау облысындағы филиалы директоры Серік Нұрғалиев «жұмыс орынында жоқ» болып шықты. Компания хатшысы «бастықтың уақыты тығыз» екенін айтып, компания заңгері Тимур Маматовпен сөйлесуге «кеңес берді».
Тимур Маматовтың мәлімдеуінше, «Жұмысшылар екі апта бұрын «Нұр Отан» партиясы өкілдерімен де кездескен. Ол кездесуге мәжіліс депутаттары, компанияның Алматыдағы басшылығы да қатысқан. Олар жұмысшыларға қазіргі жағдайдың қиын екенін, барлық компаниялар үнемдеу режиміне көшкенін түсіндірген».
- Былтыр жалақы 44 пайызға көтерілді. Әлеуметтік төлемдер төленіп жатыр. Бізде қысқарту болған жоқ. Бәрі штаттағы режимде жұмыс істеп келеді. Жұмыстан шығарылғандар еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес, үш сағаттан артық уақыт жұмыс орнында болмағандары үшін шығарылған, - дейді ол.
Заңгердің айтуынша, «әлемдік дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы бұл мекемеге де оңайға тиіп отырған жоқ». - Былтыр жалақы 44 пайызға көтерілді. Әлеуметтік төлемдер төленіп жатыр. Бізде қысқарту болған жоқ. Бәрі штаттағы режимде жұмыс істеп келеді. Жұмыстан шығарылғандар еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес, үш сағаттан артық уақыт жұмыс орнында болмағандары үшін шығарылған, - дейді ол.
- 100 пайыз жекеменшік компаниямыз. «Самұрық-Қазынаға» да, ешкімге қарамаймыз. Сондықтан, бізде санаториялық емдеу сияқты кейбір мәселелер қаралмаған. Түсініңіз, қазір елде, әлемде дағдарыс болып жатыр. Мұнай бағасы 50 доллардан төмендеді. Басқа қызметтің де бағасы құлдырады. Мұндай жағдайда қалай олар жалақы көбейту туралы талап қояды – соны түсінбеймін. Олар осы әрекетімен компанияны құлдыратады. Ертең компания жабылса, өздері жұмыссыз қалады, - дейді Тимур Маматов.
700-дей жұмысшысы бар Techno Trading LTD ЖШС-інің Маңғыстаудағы филиалы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қызмет көрсетеді. Сору- компрессорлық құбырларды тазалау, жөндеу цехтарында әр ауысымда 70 шақты адам жұмыс істейді. Маңғыстау облысының Жетібай кентінде орналасқан өндіріс орны осы поселкедегі барлық мұнай кеніштеріне қызмет көрсетеді.