1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты "Совет өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан "Алашорда" қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне" қатысты ОГПУ-дің (СССР кезіндегі саяси жазалаушы орган – Азаттық.) 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Абдолла Байтасов, Дамолла Битiлеуов, Хайретдин Болғанбаев, Ғазымбек Бiрiмжанов, Дiнмұхамед Әділов, Міржақып Дулатов, Хәлел Ғаббасов, Мирза-Ғазы Есполов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Кәрім Жәленов, Ахмед-Сафа Юсупов пен тағы басқалар туралы қаулысының күшi жойды.
"Алашорда" қайраткерлері туралы фотогалерея:
Жоғарғы сот шешімінде ОГПУ айып таққан әлгі адамдардың тергеу ісінен "қылмыстық әрекеттер табылмағаны" және "тергеу орындарының өрескел бұрмалаушылықтар мен заңсыздықтарға жол бергені анықталғаны" айтылған. Бұған қоса Жоғарғы сот "Алашорда" қайраткерлерінің жазған шығармаларында совет билігіне қарсы үгіт-насихат болмағаны туралы әдеби сараптама қорытындысын назарға алған.
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫН АЗАМАТТЫҚ ТҰРҒЫДА АҚТАУ
Алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай 1988 жылғы қарашаның 4-інде қабылданған шешімге Алаш қайраткерлерін азаматтық тұрғыда ақтау туралы 1988 жылы 24 сәуірдегі Жоғарғы сот шешімі бастау болғанын айтады.
- 1988 жылдың басында Қазақстан Жазушылары одағының жетекшісі Олжас Сүлейменов мені шақырып алып, "Алаш қайраткерлерін ақтайтын кез туды. Жазушылар одағының қасынан құрылатын құқықтық комиссияға осы мәселелерді деректер жинап ұсын. Біз соны көтереміз" деді. Әу баста комиссияға төрағалыққа Салық Зиманов ұсынылған еді, бірақ ол кісі уақыты жоғын айтып бас тартты. Сөйтіп, құқықтық комиссия төрағасы болып қала бердім, - деп еске алады ғалым.
Оқи отырыңыз: "ГУЛАГ"-тан аман шыққан Алаш жетекшісі
Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, ол сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Тамаз Айтмұхамбетовтің көмегімен бұған дейін архивте жабық болып келген Алаш қайраткерлерінің ісімен танысып, зерттей бастаған. Комиссия төрағасы ретінде оған Алаш қайраткерлерінің шығармаларының мазмұнын зерттеп, совет үкіметіне қарсы ой-пікірлердің бар-жоғын анықтау міндеті жүктелген.
- 1988 жылы сәуірде "Алашорданың" 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат Олжас Сүлейменовтің атынан Геннадий Колбинге [Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы] жолданды. Сол кезде орталық комитетте идеология бойынша жауапты қызметте Өзбекәлі Жәнібеков, кеңесшісі – Сейіт Қасқабасов болатын. Солардың қолдауымен бұл мәселе қолға алынды. Яғни өзім сараптама жасаған Алаштың КГБ архивіндегі істері қайта қаралып, олар азаматтық тұрғыдан кінәсіз болғандықтан ақталды, - дейді Тұрсын Жұртбай.
Бұл оқиғаның ізінше Қазақ ССР компартиясы орталық комитеті үкімет комиссиясын құрып, оның төрағалығына академик Жабайхан Әбділдин сайланған. Комиссия құрамына академиктер, ғалымдар мен жазушылар кірген.
Ол комиссияның қалай жұмыс істегенін өзінің "Өнегелі өмір" атты кітабында баяндаған Жабайхан Әбділдин алғашқы болып ақталған Шәкәрім Құдайбердіұлының ісі жөнінде былай деп жазған:
"Егер де біз ұтылып қалған жағдайда мені партиядан шығарып, қызметімнен босатып жіберетін еді. Сонымен қатар Ш.Құдайбердиевті ақтау процесі де үш-төрт жылға созылар еді. Артынша қайта құру басталды ғой. Ақтай алмаған жағдайда осы қайта құру кезеңінде бәрібір ақтап алар едік. Бірақ соған дейін бұл мәселе жабық күйінде қалуы мүмкін болатын".
Тұрсын Жұртбай Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығының қалай ақталғанын "Шәкәрім мұрасы қалай ақталды?" атты мақаласында егжей-тегжейлі баяндаған.
КҮДІК ПЕН КҮМӘН
Ғалымдардың айтуынша, 1990 жылдары Қазақ ССР-інде үкімет комиссиясынан бөлек аймақтарды әртүрлі деңгейде комиссиялар құрылып, интеллигенция өкілдерінің шығармашылық жолын сараптай бастаған. Билік және ғылыми орта деңгейінде Алашқа қатысты күдік пен күмән, айтыс-тартыс да толастамаған.
Алаш қайраткерлерін отыз жылға жуық зерттеген тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді 1990 жылы құрылған Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық комиссиясының жұмысын былайша еске алады:
"Міржақып Дулатовты ақтауға байланысты мәселе комиссияда сөз болды. Комиссияның бір бөлігі оны ақтауды қолдаса, екінші бөлігі қарсылық білдірді. Бірақ көп ұзамай қолдаған жақ басымдық алды. 1990 жылы мен сол комиссияға Әлихан Бөкейханды ақтау туралы анықтама дайындадым. Комиссияны сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браун жүргізіп отырды. Обком хатшылары, идеология жөніндегі бөлім өкілдері қатысты. Комиссия мүшелері Әлиханды ақтауға қарсы болды. Браун мәселені қарайық деп еді, бірақ комиссия мүшелері қарсылық білдірді. Әлгі анықтаманы қайтарып берді. Әлихан Бөкейхан туралы құжат сол күйі қабылданбай қалды".
Оқи отырыңыз: Сталиннің Әлихан Бөкейханды қудалауы
Мәмбет Қойгелді 1990 жылдардың басында Әлихан Бөкейхан туралы жазған "Қуандым түнде жүріп, күн шығар" атты мақала республикалық компартия мен Қазақ ССР министрлер советінің органы "Социалистік Қазақстан" газетінде жарияланғанын, оны рұқсатсыз басқаны үшін жиналысқа түскенін айтады. Әйткенмен қоғам жадынан Алаш зиялыларының мұрасы, олардың елге сіңірген еңбегінің өшпегені байқалды дейді ғалым.
- Жалғыз Әлихан Бөкейхан ғана емес, Алаш қайраткерлерінің басқа да өкілдері жөнінде айтыс-тартыстар жүрді. Оларды ақтауға қарсылық танытқандар болды. Бұл сол кездің өзінде қоғамда коммунистік идеологияның іргесі әлі сөгілмегенін көрсеткен еді. Ол әрине, орталық комитеттен, саяси жүйеден болды. Ал бірақ менің байқағаным, қоғам Алаш қайраткерлері туралы жазылған пікірлерді, мақалаларды өте жылы қабылдады. Алаш қайраткерлері туралы шыққан мақалаларды жұрт тез арада оқып, қорытып, ол туралы пікір алмасқанын жақсы білем. Бұл өте қызық кезең болатын. Халықтың Алаш қайраткерлерінің қызметін ұмытпағандығы байқалды, - деді Мәмбет Қойгелді.
Оқи отырыңыз: Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі
Дерек бойынша, сол кездегі комиссия жұмысының нәтижесінде ондаған Алаш зиялыларының мұрасы ақталып, еркін таралуына жол ашылған. Қазіргі кезде алаштанушы-ғалым ретінде танылған бірқатар зерттеушілердің ғылым жолындағы ізденістері сол кезден бастау алады.
Ғалым Тұрсын Жұртбай Мәскеуде жылымықтың басталғанына қарамастан Қазақстанда сталиндік репрессия құрбандарын ақтау мәселесін көтерудің оңай болмағанын, бұл істің белгілі бір деңгейде тәуекелге баруды қажет еткенін айтады.
- Бұл өзі бір-бірімен жалғасқан, жалғыз адамның қолынан келмейтін іс еді. Сол кезде, шындығын айтқанда, Олжас Сүлейменов, соттар Тамаз Айтмұхамбетов, Қазыхан Кенжебаев, прокурор Ғалым Елемесов және Өзбекәлі Жәнібеков, Сейіт Қасқабасов сынды партия қайраткерлерінің демеуімен Жабайхан Әбділдин бастаған комиссия негізгі мақсатына жетті деп ойлаймын. Олжастың заманынан озып отырғаны – Мәскеуде не болып жатқанын, не болатынын ол бір жыл бұрын біліп отырды. Сондықтан бұл оқиғаны бұрын бастадық. Егер ол жақтан қозғалмаса бұл жақтың бас көтеруі мүмкін емес еді, - дейді Тұрсын Жұртбай.
Ғалым айтып отырған Тамаз Айтмұхамбетов сол кездері Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы, Қазыхан Кенжебаев сол соттың мүшесі еді. Республикалық прокуратураны Ғалым Елемесов басқарған. 1988 жылы Қазақстанда Алаш зиялыларын ақтау процесімен қатар Алматыда 1986 жылы желтоқсанда республика басшылығына Геннадий Колбинді тағайындаған Мәскеудің шешіміне наразылық танытқан қазақ жастарының шеруіне қатысқандарға қатысты тергеу істері жүргізіліп, сот процестері өткен болатын.
"ҚУДАЛАУҒА ТҮСПЕГЕН ОТБАСЫ ЖОҚ"
Зерттеушілердің сөзінше, Қазақстанда 1988 жылы басталған Алаш мұрасының қоғамға қайтарылуын жұртшылық жылы қабылдаған, әйткенмен "Алашорда" мен қайраткерлерін ақтауға болмайды" деп білетіндер Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін оған қарсы болып келген.
Тарихшылар Алаш мұрасын халыққа қайтару жұмыстарын қазір де жалғастыру қажеттігін, совет өкіметі жазықсыз қуғындаған ондаған мың адамның іс-құжаттары әлі күнге дейін архивтерде ашылмай жатқанын айтады.
Оқи отырыңыз: "Халық жауларымен" күрес қалай жүрді?
"Қаһармандар" республикалық қоғамдық қоры басшысы Сабыр Қасымовтың сөзінше, қор қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау мәселесімен айналысады.
Қанша адам қырылғанын ешкім білмейді. Мысалы, молдаларды сот-тергеусіз намаз оқып отырған жерінен атып кете берген. Осы сияқты деректердің барлығы әлі архивте жатыр
- Алаштың көсемдерін, белгілі адамдарын ақтадық. Ал қатардағы мүшелері көп қой. Он мыңдаған адам бар. Аудан, ауылдарда сотталған, қудаланғандар қаншама. Қудалауға түспеген отбасы болмаған. Оларды бір баппен ғана емес, толып жатқан баптармен соттай берген ғой. Қырылған адам саны нақты қанша екенін де ешкім білмейді. Мысалы, молдаларды сот пен тергеусіз намаз оқып отырған жерінен атып кете берген. Осы сияқты деректердің барлығы әлі архивте жатыр. Оларды ақтау керек қой. Ресейде қазір іздеу топтары бар. Бізде ол туралы айтсаң біреу түсінеді, кейбірі түсінбейді. "Сенің ата-бабаң бар, неге соны іздемейсің?" деп сұраймын. Жарты күн түсіндірсең ғана "бұл үлкен дүние екен ғой өзі" дейді. Бұл айта берсең таусылмас үлкен әңгіме, - дейді Сабыр Қасымов.
Зерттеушілердің дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. Қазақстанда "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, 1993 жылы сәуірдің 14-інде қабылданған.