Президенттің ауруханаға түскенін Қазақстан шетел басылымдарынан білді

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті. 16 қыркүйек 2010 жыл

Сарапшылар бұған қатысты ақпарат беруден бас тартып отырған билік орындарының қылығын сынайды және Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінің медицинасына сенбегенін айтады.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейсенбі күні Астанада болатынын айтқан. Бұл турасында ол Германияда өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін журналистерге хабарлады.

«ЕРТЕҢ ҚАЗАҚСТАНДА БОЛАДЫ»

- Менің білуімше, президент қысқа мерзімді демалыста және ертең ол Қазақстанда кеңсесінде болады, - деп «Риа Новости» агенттігі Ержан Қазыхановтың сөзін келтіреді.

Әйтсе де, министр Назарбаевтың денсаулығы мен оның демалысын қай жерде өткізгені туралы ақпарат беруден бас тартқан.
Көрнекі сурет. Гамбург қаласынан бір көрініс. 6 сәуір 2010 жыл

Немістің «Бильд» газеті сейсенбі күні Қазақстанның 71 жастағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұртқа жария қылмай Гамбург-Эппендорф медициналық орталығында дәрігерлік тексеруден өткенін хабарлаған еді. Сәрсенбі күні басылым Нұрсұлтан Назарбаевтың қуық безіне операция жасалғанын жазады. Ақпарат бұлағы әуелі қазақ президентінің жағдайы жақсы, Гамбургтегі өте қымбат қонақ үйлердің біріне түсті деп, кейін Астанаға ұшып кетті деп хабарлады.


ҮНСІЗДІК

Президенттің денсаулығына қатысты кешеден бері әртүрлі ақпараттардың пайда болып жатқанына қарамастан президент әкімшілігі журналистердің сұрақтарына жауап бермей отыр. Осыған дейін Ақорда мемлекет басшысының қысқа мерзімді демалыста екенін жазған болатын. Бірақ оның ауруханаға жату жоспары туралы айтпап еді.

Сейсенбі күні түстен кейін президенттің баспасөз хатшысы Бағлан Майлыбаев қайта-қайта хабарласуға тырысқан Азаттық тілшісінің өзіне кінә артып, мүлдем жауап беруден бас тартты.

Халықаралық агенттіктердің жазуынша, Гамбург-Эппендорф клиникасы өздерінің пациенттері туралы мәліметті жарияламау туралы ережені алға тартып, Назарбаевқа қатысты ақпаратты растамаған, жоққа да шығармаған.

«ОПЕРАЦИЯНЫҢ СӘТТІ ӨТУІНЕ ТІЛЕКТЕСПІН»

Есесіне президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев сейсенбі күні жеке блогында Нұрсұлтан Назарбаевтың шыныменен де Гамбург университетінің клиникасында жатқанын айтып, «президентпен арада болған келіспеушіліктерге қарамастан операцияның сәтті өтуіне тілектеспін» деп жазды.

«Нұрсұлтан Әбішұлына қуық безінің рагы («рак предстательной железы») деген диагноз қойылған. Менің ойымша, мемлекет басшысына қоғамдық тұлға ретінде медициналық құпия деген принцип жүрмейді. Сондықтан қазақ лидеріне қойылған диагнозды қоғамға жариялау керек деп есептеймін» деп жазады Рахат Әлиев.
Нұрсұлтан Әбішұлына қуық безінің рагы деген диагноз қойылған. Менің ойымша, мемлекет басшысына қоғамдық тұлға ретінде медициналық құпия деген принцип жүрмейді.

Қазақстан жұртшылығы президентінің денсаулығы жайлы ақпараттың рас-өтірігін анықтай алмай жатқан кезде Рейтер агенттігі мұның халықаралық нарықта қазақстандық активтер құнының өсуіне ықпал етіп үлгергенін жазады.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Антон Морозов жұрттың осыншалықты президент денсаулығына не себепті қатты «шұқшиғанына» таң қалады.

- Елбасының денсаулығына осынша қатты назар салу қалыпты жағдай деп есептемеймін, - деп бағалайды Антон Морозов көзіне «оғаш көрінген жайтты».

«МӘСЕЛЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҒАНА ҚАТЫСТЫ ЕМЕС»

Ал оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсардың пікірінше, біріншіден, «бұл Қазақстанның өз ішінде емес, шетелге барып емделген президенттің елдегі медицина саласына берген бағасын» көрсетеді.
Президенттің денсаулығына қатысты мәліметті «өз елінен жасыруы ешбір демократия қағидаларына жатпайды.

Екіншіден, оның пікірінше, президенттің денсаулығына қатысты мәліметті «өз елінен жасыруы ешбір демократия қағидаларына жатпайды».

- Неге десеңіз, бұл жерде мәселе тек президенттің тағдыры туралы ғана емес, елдің тағдыры, бүкіл мемлекеттің тағдыры жайлы болып отыр. Егер елбасының денсаулығы нашар болса, оның халыққа қауіп төндіретін бір жағы болуы мүмкін, - дейді Уәлихан Қайсар.

«БҰЛ ӘРБІР ЕЛДІҢ МӘДЕНИЕТІ»

«Кез келген адам сияқты президенттің де жеке өміріне қатысты ақпараттарды құпия түрде ұстауына құқығы бар» деген саясаттанушы Дос Көшім әйтсе де, президент аппаратының нақты жағдайда үнсіздік танытуын құп көрмейтінін айтты.

- Дегенмен де президент аппараты немесе оның баспасөз қызметі егер демалыста болса, қашан кеткенін, егер ауырып қалса, денсаулығы жайлы ақпаратты үзбей жариялап отырғаны дұрыс. Бұл заң да емес, әрбір мемлекеттің мәдениетіне жатады, - дейді Дос Көшім.
Президент аппараты оның денсаулығы жайлы ақпаратты үзбей жариялап отырғаны дұрыс. Бұл заң да емес, әрбір мемлекеттің мәдениетіне жатады.

Оның айтуынша, бұған қоса ресми хабар қандай да бір жалған ақпараттардың, өсек-аяңдардың пайда болуына қарсы тұрады. Саясаттанушы мұның елдегі қоғамдық-саяси өміріне ықпалы барын да атап өтті.

«Президент орналасқан» Гамбург-Эппендорф медициналық орталығы қуық безі бойынша ауруларды емдеуге маманданған әлемдегі атақты клиникалардың бірі.

Шілденің басында Венесуэла президенті Уго Чавес те Кубада қатерлі ісікке орай операция жасатқызған болатын. Бірақ та бұл ақпаратты елге президенттің өзі жеткізіп, Кубадан отанына оралған кезде президент тіпті өзін қолдаушыларға алғыс айтқан болатын.