Мақтаға түскен құрт шаруаларды алаңдатып отыр

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: Мақташылар шығынға батқандарын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта егетін Мақтарал ауданындағы шаруалар биылғы мақтаға құрт тиіп, өнімділік төмендеп кеткенін айтады. Жергілікті ауыл шаруашылығы саласының маманы субсидиядан басқа еш көмек берілмейді дейді.

МАҚТАШЫ ШАҒЫМЫ

Мақтарал ауданы Жаңажол ауылдық округінің тұрғыны Бөкейхан Кәленов биыл әр гектарына 35 мың теңге төлеп үш гектар жерді жалға алған. Жерді жыртуға, мақтаны егуге, суаруға, өсіруге, тыңайтқышы мен дәрілеуге бас-аяғы 480 мың теңге жұмсаған. "Биыл құрт түскендіктен мақтаның шығымы өте нашар" дейді ол. Айтуынша, құрт мақтаның ұлпа салатын қауашағы - көсегін жеп қойған. Кейбір алқаптарда құрт мақтаның жапырағына дейін жеп тастаған.

- Қазір әйеліммен бірге мақта теріп жүрмін. Тапқан ақшамызды өз мақтамызды теретін терімшілерге жинап жатырмыз. Басқа амалым да жоқ. Үш гектар жерден екі тонна мақта аламын ба, алмаймын ба белгісіз. Бұл не болады? Келісін 200 теңгеден өткізсем де еңбегімді ақтамайды, -дейді Бөкейхан Кәленов.

Құрт түскен мақта жапырағы. Мақтарал ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 14 қыркүйек, 2017 жыл.

Ал үш жарым гектар жерге мақта еккен Нодир Бохиев «биыл мақта бітік шыққанымен, тамыз айында құрт түсіп кетті» дейді.

- Бір кісі болса мейлі ғой, ауылда 50-60 пайыз шаруаның мақтасын құрт жеді. Зиянкестерге қарсы дәрі де бердік. Өлмеді. Қаншама шығынға баттық? Бір ғана тыңайтқыштың өзіне 70 мың теңге жұмсадық. Енді гектарына бес-алты центнерден мақта аламыз ба, жоқ па? - дейді Нодир Бохиев күманданып.

"ТЕРІМШІ АЗ"

Азаттық тілшісі мақта алқабында өнім жинаумен айналысып жүрген терімшілермен де тілдесуге тырысты. Алайда олардың көбі өз жұмыстары туралы айтудан бас тартты. Тек өзін "Гүлнұр" деп таныстырған терімші биыл жарамды өнім аз екенін айтты. Терімшінің пікірінше, ол мақта теріп болып қалған сегіз гектар жерден әлі екі тонна да мақта шықпаған.

- Азды-көпті ақша табайық деп мақта теруге шығамыз. Биыл мақта жоқ. Әдетте, күндігіне 100 килограммнан асырып мақта теруге болатын еді. Ал қазір күніне 60 килограмм мақтаны әрең теріп отырмыз, - дейді ол.

- Бұл – бірінші терім. Бірінші терімде бір қозаның өзінде кем дегенде үш-төрт уыс мақта болуы керек. Қазір бір метр жерден бес-алты уыс қана мақта аласың. Тергенге де өнбейді, - дейді терімші.

Мақта алқабындағы терімшілер. Мақтарал ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 14 қыркүйек, 2017 жыл.

Оның сөзінше, қазір мақташылар да бұрынғыдай жаппай терімші іздеп жатқан жоқ.

- Ауыл тұрғындары біріне-бірі көмектесіп мақта жинап жатыр. Жылда Өзбекстаннан терімшілер келетін. Қазір сырттан терімші іздеп жатқан жоқ. Дихандар терімшілерге бір килограмм мақта үшін 25 теңгеден төлейді, - дейді Гүлнұр.

МАМАН НЕ ДЕЙДІ?

Шаруалар мен терімшілердің айтқанымен Мақтарал аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұрат Айдарбеков те келісетіндігін білдірді. Оның Азаттыққа айтуынша, биыл аудан бойынша 94 мыңнан аса гектар жерге мақта егілген. Оның жеті мың гектер жерін құрт жеп, қатты залалданса, 45 мың гектарға жуық жер "орташа залалданған".

- Зиянкестерден сақтану үшін 32 мың гектар жерге мемлекеттен химиялық өнім, дәрі берілді. 21 мың гектар жерге шаруалардың өзі дәрі шашты. Сонда да болмады, - дейді Мұрат Айдарбеков.

Мұның себебін түсіндіруін сұраған Азаттық тілшісіне ол ауа-райының өткен қыста да жылы болғандығын айтып жауап берді.

- 2016 жылы қыс жылы болды да биыл мақта құрты бірден шықты. Мұндай жағдай 1978 және 1998 жылдары да тіркелген. Бұл әр 20 жылда қайталанып отырған апат. Қанша күрескенмен көмектеспей отыр, - дейді бас маман.

Мақта алқабы. Мақтарал ауданы. Оңтүстік Қазақстан облысы. 14 қыркүйек, 2017 жыл.

Мұрат Айдарбеков бұдан соң дихандарға берілетін судсидия жайын тізбелеп кетті.

- Мақтаны жинап өткізгенше шаруа 37 операция жасайды. Мысалы, жерді жыртады, суарады, шит тастайды тағысын тағылар. Өнім алғанша әр гектарға 220 мың теңге жұмсайды. Мемлекеттен берілетін субсидия бар болғаны гектарына 21 мың теңге. Бұдан бөлек беретін көмегі жоқ, -дейді бас маман.

Мақтарал ауданы - Оңтүстік Қазақстан облысында мақта егіншілігімен айналысатын үлкен аудандардың бірі. Қазіргі таңда мақта қабылдайтын зауыттар шаруалардан әр тонна мақтаны сапасына қарай 151-175 мың теңгеден қабылдап отыр.