Құс фабрикасының басшысы қарызға батқан соң кәсіпорыннан бас тартты

Черемшан құс фабрикасының жұмысшылары еңбекақыларын талап етіп тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 15 қараша 2010 жыл.

Қарашаның 15-і күні Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданында «Черемшанка плюс құс фабрикасы» ЖШС-нің жұмысшылары наразылық шарасына шықты. Олар жалақыларынын уақтылы берілмейтін айтса, ЖШС басшылығы компаниядан бас тартатындығын жариялады.
Осы күні таңғы сағат 8.00-ден бастап Черемшанка ауылынан фабрикаға ағылып келген жұмысшылар әдеттегідей тауық қораға қарай емес, фабрика әкімшілігінің алдына бет алды. Бас-аяғы 300 қаралы жұмысшы жиналды. Олар фабрика директорымен кездесуді талап етті. Жұмысшыларды бұндай күйге душар қылған мәселе мынада болып шықты.


АҚШАНЫҢ ОРНЫНА – АЗЫҚ-ТҮЛІК


Черамшанкадағы 3 мыңға тарта халықтың күн көріп отырғаны – жалғыз осы фабрика. Қолдарына толық еңбекақы алмағалы аттай 15 жыл болыпты. Осы аралықта еңбекақыны кәсіпорын иелері уақытында емес, үнемі үзіп-үзіп қана беріп отырған. Сондай-ақ оларға жалақының есебінен азық-түлік берілген кездер жиі болған және бұл әрекет бүгінге дейін жалғасып келеді. Осы ретте өз ақшасын толықтай қолға ұстап көрмегендер баршылық. Содан бері әні-міне деп шыдап келген жұрттың биыл төзімдері таусылды.

«Біз де ақшаның шетін көріп, адамша киініп жүргіміз келеді» дейді жұмыс істегелі бері тек азық-түлікпен есеп айырысып келген жұмысшы әйелдер.

Наразы жұмысшылардың айтуынша, фабриканың еңбекшілер алдындағы жалпы қарызы 36 млн теңгеден асып кеткен. Оның үстіне жұмысшылардың зейнетақы қоры да талай жылдан бері бос жатыр. Құс фабрикасының жетекшісінің зейнетақы қоры үшін қарызы 55 млн теңгені құрайды.

Құс фабрикасының жұмысшысы Светлана Хомякова былай дейді:
– Күннен күнге құрып жатыр фабрика. Оған қарап жүрген ешкім жоқ. Бастығымыздың шаруасы да жоқ Бүгін міне, жем қамбасы бос тұр. Директор соны келіп көрді ме деп сұраңыз, жоқ, білмейді де.

Ал тағы бір жұмысшы Полина Антропова:
– Азық-түлік арқылы ғана есеп айрысады. Ал жақында тек көмек жіберілді: 10 келі макарон, 50 келі ұн таратты.Бұған да рахмет,-дей келіп, кейбіреулердің электр жарығынсыз отырғанын айтады.

– Электр жарығын қиып тастаған, төлемеген соң. Кейбір ел көмірсіз, отынсыз отыр. Қыс болса міне келіп қалды,-дейді ол.


ЖШС БАСШЫСЫ ОРНЫНА – ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ


Қарызға белшесінен батқан кәсіпорын басшысы Адалат Аллахбердиев мырза жұмысшыларға қарасын да көрсетпеді.

Құс фабрикасындағы жұрт бастықтарынан қайран күтіп жүргенде, Адалат мырза аяқ асты мәлімдеме жасады. Ол бұл кәсіпорыннан бас тартатындығын жариялады. Ол бұл мәлімдемесін халық алдына шығып емес, облыс әкімі өкілдері арқылы жеткізді. Өзі тағы да жауап күткен журналистерге көрінбеді.

Адалат Аллахбердиевтің атынан шығып сөйлеген Шығыс қазақстан облысы әкімінің орынбасары Григорий Пинчук былай дейді:
– Біздің бүгінге беретін жауабымыз мынау: бұл компаниядан бастықтары бас тартты. 1 теңгеге сатуға әзір.Тек 590 млн қарызы бар екенін ескеру керек. Қазір фабриканы сақтап қалудың барлық амалын қарастырып жатырмыз. Бірақ өздеріңіз де байқаған боларсыздар, әлі ұсыныс жасаған ешкім жоқ,-дейді.

Әкім орынбасарының бұл арада меңзегені – құс фабрикасына жаңа инвестор іздеу болып табылады.

Еске сала кетсек, Черамшанкадағы бұл құс фабрикасы аймақтағы осы саладағы ең ірі өндіріс орны ретінде аталады.