Ираннан келген оралмандар мәселесі

Ираннан келген оралмандар Носратбибі Қазақ пен Баһар Қазақ облыс әкімінің есеп беру жиынында тұр. Ақтау, 24 ақпан 2016 жыл.

Маңғыстау облысы әкімінің жылдық кезекті есеп беру жиналысына келген оралмандар өздеріне қатысты сауалға әкімнің орынбасары орысша жауап бергенде залдан шығып кетті.

Ақпанның 24-і күні Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет сарайында өткен Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың жылдық есебін тыңдауға келгендердің арасында Ираннан келген оралмандар да болды.

Your browser doesn’t support HTML5

Ираннан келген оралмандар мәселесі

ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ЖАУАБЫ

Әкімнің баяндамасынан соң Азаттық тілшісі облыс әкімінен 2011 жылы Маңғыстауға Ираннан көшіп келген бір топ оралманның не себепті осы күнге дейін не азаматтыққа, не баспанаға қолы жетпей жүргені туралы сұраған еді. Оған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмухамбетова жауап берді.

Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев есеп беріп тұр. Ақтау, 24 ақпан 2016 жыл.

– Біз оралмандарға жауабымызды берген едік. 2013-2014 жылдары заңда өзгеріс енгізілді, азаматтық алу үшін заң күшейтілді – деді Шолпан Ильмухамбетова. Осыдан кейін ол жауабын орыс тілінде жалғастырды: – Бұл адамдар кезінде азаматтық алу туралы екіойлы болған, «алу керек пе жоқ па» деп. Сондықтан оларға да қойылатын сұрақ үлкен, Алик Серікұлы, – деді Шолпан Ильмухамбетова облыс әкіміне қарата.

Бұл оралмандардың наразылығын тудырды. «Ештеңе ұқпадық» деген олар әкімнің есебі өтіп жатқан залдан шығып кетті.

Әкімнің есебіне арнайы келіп тұрып шығып кеткен Носратбибі Қазақ пен Баһар Қазақ жиында өздеріне қатысты жауапқа қанағаттанбаған.

– Облыс әкіміне кіре алмаймыз, оның жолын да білмейміз. Содан соң әкім елмен кездеседі деген соң арнайы келгенбіз. Бірақ жауап берген әкім орынбасары бізді «өздері кінәлі» деп орысша бірдеңелер айтты. Оны ұқпаған соң еріксіз шығып кеттік, - деді Носратбибі Қазақ.

Your browser doesn’t support HTML5

Ираннан келген оралманның мұңы

Азаттық бұған дейін де Иранның Горган қаласынан қоныс аударған оралмандардың бірі Әбдірахман Бабық пен оның отбасының жағдайы туралы жазған еді. Жасы 60-ты алқымдаған Әбдірахманның отбасында бірінші сыныпқа биыл барған ауру қызы мен ұлы бар. Оның әйелі Носратбибінің айтуынша, көші- қон полициясындағылар оған Қазақстан азаматтығын алуға кешіккендерін, енді төрт жыл күте тұруы тиістігін айтқан.

ОРАЛМАН КУӘЛІГІ

Әбдірахман Бабық пен Носратбибі Қазақ биыл қаңтар айында көші-қон полициясына барғанымен, оларға биыл да азаматтықтың берілмейтіні туралы айтқан.

– Бізге 2011 жылы келгендерге азаматтық берілмейді деді көші-қон полициясы, – дейді Носратбибі Қазақ.

Алайда Маңғыстау облыстық көші-қон полициясы басқармасы бастығы Гүлшара Бастаубаеваның айтуынша, Ираннан келгендерге азаматтық беруде кедергі жоқ.

Облыс әкімінің есебін тыңдауға келген жұрт. Ақтау, 24 ақпан 2016 жыл.

– Олар оралман куәлігін алып келсін. Үш айдан соң азаматтық алады, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Гүлшара Бастаубаеваның сөзінше, Ираннан келген оралмандардың бір жылға берілетін куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Енді олар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып осы куәлігін жаңартып алуға болады.

Маңғыстауға Иран, Сауд Арабиясы, Түркіменстан, Өзбекстаннан қоныс аударған қазақтар Ақтау қаласындағы оралмандарға арналған орталықта тұрып жатыр. 2010 жылы қолданысқа берілген бұл оралмандарды бейімдеу орталығы 200 отбасына арналған. Онда оралмандардан бөлек балалар үйі түлектері де тұрады.