Мұнайлыда түйеқұс бағатын жас кәсіпкер

Түйеқұстар. Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы 27 шілде 2018 жыл

Ақтаудан бес шақырым жерде екі жылдан бері «Экзотика құс әлемі» деп аталатын жеке шаруашылық жұмыс істеп тұр. Оны Торонто университетінің түлегі Есен Боранбаев отбасымен бірге дамытып жатыр. Жас кәсіпкер бизнесті өркендету туралы идеясы көп болғанымен газ, су мен электр тапшылығы кедергі екенін айтады.

Торонто университетінің «бизнес-логистика» мамандығы бойынша оқып жүрген кезінде туған жері Маңғыстауға оралып, түйеқұс бағам деген ой Есен Боранбаевтың үш ұйықтаса, түсіне кірмеген. 2016 жылы бакалавр дипломын алған жас жігітті әкесі «жер алып, түйеқұстар әкелгенін» айтып, Мұнайлыға шақырған.

Құс шаруашылығындағы күрке тауықтар

- Маған «оқуды жалғастырамын десең, көмектесеміз» деген, бірақ мен кәсіппен айналысуды жөн деп шештім. Өйткені құс бизнесін бастау үшін аз қаражат жұмсалған жоқ. Отбасылық бизнесті дамытамыз деген шешімді ағам да, әпкем де қолдады, - дейді ол.

Көп кешікпей ортақ іске үлес қосу үшін Есеннің Алматыда тұрып жатқан ағасы мен әпкесі де ауылға көшіп келген.

- Қазір ағам екеуміз негізгі істі жүргіземіз, ал әпкем бухгалтериямен айналысады, - дейді ол.

ӘКЕ ӘУЕСТІГІН БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРУ

24 жастағы Есен Боранбаев әкесінің экзотикалық құс ұстау хоббиін осылайша бизнес жобаға айналдырады. Мұнайлы ауданындағы 2,5 гектар жерде орналасқан жеке шаруашылығында түйеқұстан бөлек бөдене, қырғауыл, тауыстың түрлі тұқымы, үйрек, тауық, қаз бен күрке тәрізді үй құстарын, қояндарды да ұшыратасыз.

Құс шаруашылығы аумағындағы тауыс

- Бір жағынан зоопарк деуге де болады. Мектеп оқушылары түйеқұстарды, басқа да экзотикалық құстарды тамашалауға келеді. Оларға жем береді, - дейді Есен Боранбаев.

Боранбаевтар отбасы төрт жыл бұрын Ресейдегі Нижний Новгородтан әкелген бес түйеқұстың басы бұл күнде 30-дан асқан. Есен бұрын-соңды айналыспаған дүние болған соң қателік көп болғанын, түйеқұстардың алғашқы балапандары көптеп өлгенін айтты.

Австрия түйеқұсы

- Әрине, ветеринар дәрігер үшін де бұл тосын жайт. Себебін ол да, біз де білмейміз. Кейін анықтадық, көбіне тас жұтып қояды, оны қадағалап жүргеннің өзінде жемге араласып кетеді. Қазір ветеринар да, біз де жаппай оқып үйрендік, - дейді ол.

Кәсіпкер түйеқұс өсірудің тиімді бір бизнес идея екендігіне айналыса келе көзі жеткенін айтады. Бағу қиын болғанымен пайдасы да мол. Оның сөзінше, түйеқұстың еті – денсаулыққа пайдалы, холестерині аз, протеині көп диеталық ас. Сырқат жандар мен спортшылар үшін таптырмайтын тағам. Мұнайлының ауа-райына үйрене бастаған әр түйеқұс күн сайын 2,5 келі құрама жем жейді.

Түйеқұстың бірі ыстықтан сағалап тұр

- Он айға жақындаған әр балапан 100 келіге дейін ет береді. Бірақ қазір оларды мүлде соймаймыз, басын көбейтумен айналысып жатырмыз. Ал жұмыртқаларының ұрықтанғанын инкубаторға саламыз, тазаларының ішіндегі сұйығын тазалап, сувенир ретінде сатуға шығарамыз. Жұмыртқаларының салмағы екі келі болады, - дейді ол.

Әкесінің хоббиін өз бойына сіңірген Есен экзотикалық құстары туралы сағаттап айтудан жалықпайды. «Миының көлемі көзінен кішкентай болғандықтан түйеқұс – ең ақымақ құс» деген сияқты жиі айтылатын тұжырыммен келіспейді.

- Өздерімен жиі араласатын жұмысшыларды жақсы таниды. Жылтырақ заттарға үйір, тісі болмағанымен тұмсықтарын созып тартып алады. Еркектері тұқым шашар уақытта агрессивті, қызғаншақ болып кетеді. Тепсе, соққысы – жойқын, - дейді ол.

МАШАҚАТЫ МОЛ КӘСІП

Кәсіпкер шығынын жабу үшін құстың басқа да түрлерін өсіріп жатыр. Оның айтуынша, тауық пен қаз өсіру оңай емес, «жемін берсе, жетпей ме» деп ойлауға болмайды.

- 1500 бөдене бар. Олардың әрқайсысы апта сайын бес жұмыртқадан туады. Бірақ ұрықтанған жұмыртқалар сатуға келмейді. Сондықтан сатуға жұмыртқа алу үшін ұрғашыларының бір бөлігін бөлек ұстаймыз, - деп түсіндіреді ол.

Құс шаруашылығындағы қаз-үйректер

Есен жеке брендін танымал ету үшін өнімдерін сапалы етуге күш салып, мұздатылған құс етін мүлде сатпауды ұйғарған.

- Біз тек жаңа сойылған, сапалы өнімді сертификатымен қаладағы бірнеше дүкендерге тапсырамыз. Олардың да талабы жоғары. Біздің шаруашылықтан шыққан өнімге сенуге болады деген түсінікті қалыптастырғымыз келеді, - дейді ол.

Торонтода жеке бизнес жүргізу теориясын оқып, қанаттанып қайтқан Есен Боранбаев елге келген соң идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылымдардың жоқтығы көп кедергі екеніне көзі жеткенін айтады. Жас кәсіпкер көкөніс өсіру үшін былтыр бірнеше жылыжай салып, газ бен су тапшылығынан соң ойы іске аспаған.

- Шынымды айтсам, газ, су, электр деген ең негізгі заттар болуы тиіс деп ойлағандықтан дәл осылар кедергі болады деген ой басыма келмепті, - деп шарасыздау кейіппен күледі ол.

"Экзотика құс әлемі" шаруашылығының құрылтайшысы Есен Боранбаев

Есеннің сөзінше, 118 миллион теңге жеке қаражат салған бизнесті бұл кедергілер үшін тоқтатуға болмайды.

- Тәжірибесіздігіміз ғой, былтыр төрт жылыжай қойдық. Газ орнына пешпен, тоқпен жылытуға тырыстық, бірақ нәтиже болған жоқ. Сондықтан биыл ештеме екпей отырмыз, әйтпесе ақшаны желге шашумен бірдей, - дейді ол.

Кәсіпкер Канадада алған білімін Қазақстандағы ахуалға сай практикалық тәсілдермен ұштастыруға тырысқан. Өз күшімен қуаты аз газ тарту шығынынан бас тартқан. Электрді үнемдеп пайдалануға көшкен. Жазда орталық құбырдан су келмией қалатын болғасын қолдан су қоймаларын жасап, құстардың жемі үшін аздап егін еккен.

Құс шаруашылығындағы кәдімгі дала бүркітінің балапаны

- Биыл әкімдіктен бір «Нұр-Капитал» деген жобаға қатысуға ұсыныс түсті. Ең жоғары бөлінетін инвестиция құны – 30 миллион теңге, несие аз процентпен беріледі. Соған қол жеткізсек, ипподром салып, өгіз, жылқы жемдеуге көшеміз. Олардың құрылысына өз қаражатымызды жұмсаймыз, әкімдіктен алынған ақшаға туризм үшін пони, шабыс аттарын, жылқы, өгіз, сиыр сатып аламыз, - дейді ол.

Азаттық тілшісі кәсіпкерлер үшін ең маңызды мәселенің қалай шешілетіні туралы Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаевпен сөйлесіп көруге тырысқан еді. Алайда оның хатшысы әкімнің орнында жоқ екенін айтты. Аудан әкімінің құрылыс, коммуналдық шаруашылық саласы бойынша орынбасары Нұрлыбек Жолбаев кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған электр қуаты, газ бен су проблемасының барлығын растады. Оның сөзінше, қазір электр мәселесі сол кәсіпкерлердің өз есебінен шешіліп жатыр.

Құс шаруашылығындағы патша қырғауылы

- Олар бұрын тоқты «Қазтрансойлдан» алып келсе, енді аудандағы «Маңғыстауэнерго» мекемесіне көшіріп жатырмыз. Оған шаруашылықтар өз қаражаты есебінен қосылып жатыр. Ал мен газ бен су мәселесі бойынша жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр, - деді ол.

Болашақ инфрақұрылым жобалары үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін әкімнің орынбасары нақты айта алмады.

"Экзотика құс әлемі" шаруашылығының кіре берісі

«Экзотика құс әлемі» фермерлік шаруашылығы Ақтаудың іргесінде тұрғанымен территориялық орналасуы жағынан Мұнайлы ауданына қарайды. Осы аумақта бұл фермерлік қожалықтан өзге тағы 16 шаруашылық бар. Газ, су мен электр қуатының жоқтығынан олардың тек жартысы жұмыс істеп тұр. Нұрлыбек Жолбаев шаруа қожалықтары инфрақұрылымның жоқтығына қарамастан жұмыс істей алатындарына сенімді болған соң ғана жер алған деген уәж айтады. Ал 100 мыңнан астам тұрғынының 75 пайызын оралмандар құрайтын Мұнайлы ауданы бойынша бес мыңдай шағын және орта кәсіпкерлік субъект тіркелген. Бұл шаруашылықтарда алты мыңнан астам адам жұмыс істейді.