Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туып-өскен этникалық қазақ Ғазиза Октябрь «Қазақстанға 2011 жылы келіп, оралман мәртебесін алғанын» айтады. Ол «бірден азаматтық алмауына сол кездегі көші-қон заңындағы өзгерістер себеп болып, құжаттарын 2015 жылдан ғана жинай бастаған».
Ғазиза Октябрь 2016 жылы қыркүйек айында өткізген құжаттарына қатысты жауап алған. Маңғыстау облысы ІІД КҚПБ (Көші-қон полициясы басқармасы) бастығы Гүлшара Бастаубаеваның қолы қойылған ол құжатта азаматтық алу туралы өтініші қабылданбайтыны жазылған. Ғазизаның сөзіне қарағанда, құжат тапсырудың өзі оған қиын соққан.
- Үш жыл болды құжат жиғаныма. Көші-қонға барып жүздеген оралман кезекте тұрамыз. Алпыс-жетпісінші болып кезек жеткенде «бұдан артық қабылдамайды» деп қайтарады. Аяғым ісіп кетті, су ішетін, тамақ алатын ақшам жоқ, 30 километр жердегі тұратын үйіме келемін. Бұрын істі болмағаным туралы Моңғолиядан қағаз да әкеліп өткіздім. Құжаттардың бір цифры қате болса, қабылдамай тастайды. Маған үш, ары кеткенде алты айда азаматтық берілетінін айтқанда қуанып кетіп едім, - дейді ол.
Әлгі құжатта «Қазақстан азаматтығы туралы» заңның 17-бабына сілтеме жасалған. Ол бапта Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тарту негiздерi ретінде ұлттық қауiпсiздiкке қарсы әрекеттер, ұлтаралық және дiни араздықты қоздыру, террористік және экстремистік ұйымдарға кіру және террористік әрекеті үшін сотталу сияқты т.б. бірқатар жайттар көрсетілген. Алайда Ғазиза Октябрь құжатта сілтеме жасалған баптағы айыптаулармен мүлде келіспейді.
«ТУРА ЖОЛҒА ТҮСПЕЙ ЖАТЫРСЫҢ, АСЫРЫП ЖІБЕРЕМІЗ»
Ғазиза Октябрьдің Қазақстанға қоныс аударған ата-анасы мен жақын туыстары «азаматтықтарын алған, Ақмола облысы Атбасар ауданында мал шаруашылығымен айналысады». Өзі «күйеуінен ажырасып кеткен соң, одан көрген бір баласымен туыстарынан бөлініп, Маңғыстаудағы жамағайындарына келген». Ол «осында жүріп екінші рет бас құрағанын» айтады.
- Күйеуім істі болып, түрмеге түскен соң да Ақмоладағы туыстарыма бармай, азаматтық алуды күтіп, осында жүріп қалдым. Енді азаматтық беруден бас тарту себебі ретінде «террориссің» деп отыр. Мені дін істері жөніндегі басқармаға теологтар оқуға да шақырған. Төрт ай сабақ та алдым. Бірақ маған «сен түзелмей жатырсың, тура жолға түспедің, сені асырып (қайтарып – ред.) жібереміз» деп қорқытады, - дейді ол.
Ғазиза «террорист» дегеннің не екенін білмейтінін, тек бар айыбы кейінгі екі жылдан бері намаз оқитынын» айтады.
Маған ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер шақырып алып «мына киіміңді, орамалыңды (хиджапты айтады – ред.) шеш, азаматтық береміз» деп талап қояды. «Сен террористердің ортасында отырсың» деп тұрып жатқан жерімді ауыстыруды талап етті.
- Маған ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер шақырып алып «мына киіміңді, орамалыңды (хиджапты айтады – ред.) шеш, азаматтық береміз» деп талап қояды. «Сен террористердің ортасында отырсың» деп тұрып жатқан жерімді ауыстыруды талап етті. Бірақ менің ешкімді дағуаттап жатқан ештеңем жоқ. Ешнәрсе бүлдіргенім жоқ. Мен қатты жәбір көріп келемін, - деген ол еңкілдеп жылап та жіберді.
Ғазиза Октябрьдің тұрақты жұмысы жоқ. Қолынан тамақ істеу ғана келетіндіктен, әр жерде жалданып, күніне екі-үш мың теңге табыс табатынын, сонымен күн көріп жүргенін айтады. Оған берілген уақытша тұру рұқсатының мерзімі 2018 жылдың маусым айында аяқталады.
Ғазиза Октябрь «құзырлы орындар теріс ағымның ортасы деп атаған», өзі тұрған Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау-5 ауылынан қоныс аударып, 35 мың теңгеге басқа жәрден пәтер де жалдағанын, бірақ ол жердің ақысын төлей алмай, бұрынғы орынына қайтып келгенін» де айтты.
- Мен қазір екі елдің ортасында қалдым. Моңғолияның азаматтығынан шығып кеттім. Құжаттарым дұрыс болмағандықтан, ауруханаға да қарала алмай жүрмін. Оралман бола тұра үкіметтен осы уақытқа дейін бір тиын көмек алғаным жоқ. Мына жерде бір мұсылман мені тегін тұрғызды. Енді қайда барамын? Неге мен өз елімде бақытты өмір сүре алмаймын? - дейді ол.
Ғазиза Октябрь өзінен бұрын 13 жастағы ұлы Тілектің тағдырына қатты алаңдайды.
- Бізді теріс ағымда жүрсіңдер деп басқан ізімізді аңдып, әбден қиналдық. Не үшін? Қазақстанның құқық қорғау органдары заңды қатты артық қолданып жатыр. Жоқтаушысы жоқ оралманды қатты басынып жатыр ма деп ойлаймын. Өзімді солай етіп жатыр,- дейді ол.
Биыл 6-сынып бітірген Тілек Октябрь де өзі оқыған мектепте «үнемі психолог бақылауында болғанын», бірнеше мәрте «Намаз оқисың ба? Туыстарың намаз оқи ма? Қандай дін ұстанасың?» деген сауалдарға «жазбаша жауап бергенін, сабақтан соң мектеп психологына барып, сабақтан қайтып кетіп бара жатқанын хабарлап отыратынын» айтты.
- Менің Қазақстанда тұрғым келеді, - дейді ол.
Ақтөбелік заңгер Ағысбек Төлегенов «көші-қон полициясының Ғазиза Октябрьге азаматтық беруден бас тартуы заңсыз» деп санайды. Оның айтуынша, «ешкімнің сот шешімінсіз оны терроризмге қатысы бар деп айыптауға құқысы жоқ».
- Қазақстан азаматтығы туралы заңның 16-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес оралман мәртебесі берілген соң оған үш айдың ішінде азаматтық берілуі тиіс. Экстремизм, терроризмге қатысты күдікті деп санаса, олар арнайы қаулы шығарып сотқа жолдауы керек. Оның терроризмге не экстремизмге қатыстылығы тек сот үкімімен ғана анықталады. Сондықтан құзырлы орындардың әрекеті заңсыз,- дейді ол.
ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ «ЖАУАПТАРЫ»
Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасына бірнеше мәрте хабарласқан еді. Басқарма бастығы Гүлшара Бастаубаева демалыста болып шықты, оның орынында басшы міндетін уақытша атқарып отырған Жеңіс Домбаев тілші сұрағына жауап беруден бас тартты.
Ал Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы учаскелік полицияның аға инспекторы Бақытжан Майлақов Ғазиза Октябрьдің «теріс ағымдағы адам ретінде есепте тұрғанын» айтады.
- Біз министрдің бұйрығына сәйкес деструктивтік діни ағымда тұратындардың есебін жүргізіп, оларды 10 күн сайын тексеріп тұруымыз керек. Ол тұратын мекен-жайда тіркеуде тұратын бірнеше отбасы бар, - деді ол.
Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі басқарма бастығы Ерлан Есбергенов Азаттықтың оралман әйелдің мәселесі туралы сұрағына «Ғазиза Октябрь есімде жоқ» деп жауап берді.
- Біз азаматтық беру мәселесімен айналыспаймыз. Біз көп адамдармен семинар өткіземіз. Ғазиза Октябрь деген оралман есімде жоқ, - деген ол тілшінің басқа сауалдарына «уақыты жоқ» екенін айтып, жауап беруден бас тартты.
Ал Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі басқарма теологы Жанна Бейбіт «Ғазиза Октябрьді оңалту мақсатында сабақ өткізгенін» растады. Оның сөзінше, «дін істері басқармасы қызметкерлері Маңғыстау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті берген тізімге сай терроризм, діни экстермизм бабымен түрмеде отырған адамдардың әйелдеріне сабақ беріп, оларды оңалтуға тырысады», ал түрмеде отырған азаматтарға теологтар барып, абақтыларда арнайы сабақ өтеді.
- Мен Ғазиза Октябрьге сабақ бердім. Оның күйеуі түрмеде отыр. Бірақ Ғазиза түзелген жоқ. Біз оның түзелмегенін ұлттық қауіпсіздік департаментіне мәлімдедік. Оған азаматтық берілмейді. Оны кері жібереді, - деді ол сенімді түрде.
Азаттық тілшісі Ғазиза Октябрь «орамалыңды шеш, тұрып жатқан жеріңді ауыстыр, азаматтық береміз» деп талап қояды» деген ҰҚК-нің Маңғыстау облысындағы департаментінің экстремизммен күрес бөлімі басшысы Ғани Бопановпен хабарласуға тырысқан еді. Алайда телефон тұтқасын ешкім көтермеді.
Ал ата-анасы, туыстары Қазақстанда тұратын, өзі мен баласы да осы елде бес жылдан артық тұрып жатқан Ғазиза Октябрь Моңғолияға қайтып барғысы келмейді. Ол күйеуі туралы толық мәлімет беруді жөн көрмеді. Тек ерінің бір жыл бұрын «терроризм» бабымен сотталғанын айтты. Ғазиза енді депортацияға ұшырамаудың барлық амалдарын қарастырып жатыр. Қазақстан азаматтығын алудан үмітін үзгісі келмейтін ол көші-қон полициясы басқармасының азаматтық беру туралы өтінішін қарамау жайындағы шешіміне қарсы Ақтау қалалық 2-сотына шағым түсірді. Оның арызы тамыздың 8-і күні қаралмақ.
ВИДЕО: «Теріс ағым» айыбы - оралманға азаматтық бермеуге себеп
Your browser doesn’t support HTML5
Маңғыстау облысында діни себеппен азаматтық ала алмай жүрген оралман тек Ғазиза Октябрь емес.
Бұған дейін Ираннан келген Исрафил Багиге де Қазақстан азаматтығы туралы заңның 17-бабына және халықтың көші-қоны туралы заңның 49-бабының «ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террористік іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болуы» жөнінде айтылған тармақтарына сілтеме жасалып, азаматтық беруден бас тартылған еді. 2017 жылы шілденің 4-і күні Ақтау қалалық 2-сотының судьясы Ақмарал Ахметова Исрафил Багиге азаматтық беруден бас тартып, тұрақты тіркеуден алып тастау туралы көші-қон полициясы шығарған шешімді қолдайтынын жария етті.
ВИДЕО: Оралман «экстремист емес» екенін сотта дәлелдемек
Your browser doesn’t support HTML5
Жергілікті көші-қон полициясы мәліметі бойынша, 2016 жылы Маңғыстау облысына шет елдерден қоныс аударған 4535 оралман Қазақстан азаматтығын алған. Ал жыл басынан бері өңірде азаматтық алған оралмандар саны 4 мыңға жуықтаған.