Екіұдай пікір туғызған тұжырымдама

Интернет клубта Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ақпарат және коммуникация министрлігі талқылауға ұсынған тұжырымдама журналистер мен блогерлерге бақылауды қатайтуды көздейді деген сын айтылып жатыр. Министрлік қоғамдық сын-пікірлерді ескеруге уәде етеді.

16 ЗАҢҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ

Қазақстанның ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша қолданыстағы кей заңдарына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы жоба тұжырымдамасы бойынша қоғамдық талқылау мерзімі бүгін аяқталды. Электрондық үкімет порталында екі апта бұрын жарияланған тұжырымдамада азаматтардың шындыққа сай емес деп санайтын мәліметті теріске шығаруды жариялау құқығына қатысты дауды сотқа дейін шешуге басымдық беру, мүгедектердің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері қарастырылған.

Your browser doesn’t support HTML5

Блогерлер бақылауға алынуы мүмкін. Аудиоподкаст.

Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына шығыс деректері мен міндетті данасына қатысты құқық бұзушылықтың жеңіл түрлері үшін қолданыстағы заңдамадағы тиражды тәркілеу және БАҚ қызметін үш айға тоқтату тәрізді әкімшілік жазаның көлемі мен формасын өзгерту туралы ұсыныс айтылған.

Ал журналистік қызметке қатысты ақпаратты алудың жеделдігін қамтамасыз ету үшін ақпарат сұраушының өтінішіне міндетті түрде бас редактордың қол қойылуы жөніндегі талапты алып тастау ұсынылған.

Сондай-ақ, заманауи технологиялардың дамуымен өмірге келген «Телегазета», «IP-TV интернет тарату» түсініктерін заңнамаға енгізу көзделініп отыр.

Бұған қоса жарнама туралы, байланыс және ақпараттандыру, мемлекеттік сатып алу мен пошта салаларына қатысты – барлығы қолданыстағы 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші.

ЖЕЛІДЕГІ ТАЛҚЫЛАУ

Тұжырымдамада блогер мәртебесін өзгерту, оларды ерікті түрде есепке қою және есепке қойылғаннан кейін интернет-ресурстың БАҚ ретінде толық құқықтық субъектілік алу принципін толықтай заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылған.

Қазақстанның ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Facebook желісі арқылы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа «Блогерлерді есепке алу сіздерге не үшін қажет болды?» деген сауал қойған Kazbek Irg есімді қолданушы 3 мың оқырманы бар блогерді есепке алып, басылымға теңестіру тәжірибесі көрші Ресейде бар екенін еске салған. Бұл сауалға Абаев: «Министрлік блогерлер есебін жүргізбейді. Түзету оны көздемейді. Оның мәні оларға [блогерлер – ред.] қосымша мүмкіндіктер беру. Әрине, ерікті түрде» деп жауап берген.

Бұған қатысты Юрий Халлер есімді қолданушы «Құпия болмаса, сол тіркеу маған нақты мүмкіндіктер береді? Екі күн ойлансам да оның не беретінін ұқпадым» деп жазады.

«Айталық, өзіне жақтас адамдарды жинауды көксейтін әлдебір экстремист ойына келгенін айтып, қазақстандықтар оны аузын ашып тыңдайды. Ал есепке алу блогерді сөзі үшін жауапкершілікке міндеттейді» деген пікір білдіреді Антон Поляков есімді азамат.

Оралхан Күмісбек есімді қолданушының ойынша, қоғамда кейбір шешілмеген мәселелерді қозғайтын блогерлер өте қажет, сондықтан оларға тиісті мәртебе беріп, заңды құқықтарын белгілеген дұрыс.

Интернетте отырған қолданушы. Алматы, 21 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ал қолданушы Исмаилбек Беккужин министрге «Қоғам дамысын десеңіз «араздықты қоздыру» бабын алып тастаңыз... Бұл бап пен сөз бостандығы мүлде үйлеспейді» деп кеңес береді.

Facebook қолданушысы Ерлан Саиров желідегі қауымдастық қоғамның ең көп сын айтатын орны екенін, егер отандық блогерлер Ресейдегідей БАҚ-қа теңестіріліп, тіркеуге алынатын болса, олардың қызметі мен жауапкершілігін құқықтық реттеуді қажет ететін көптеген сұрақ туындайтынын ескертеді.

«Бұл жерде көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Өз басым, мұндай әрекет қоғам үшін тиімсіз деп санаймын. Біз тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беруді ұсынып отырмыз» деген министр Абаев сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеруге уәде береді.

Журналист Дана Рысмұхамедова «порталда нақты ұсыныстардың болмауын біздің бей-жайлығымыз деп қабылдамау керек. Қазіргі жағдай тұжырымдаманы талқылауға аса қолайлы болмай тұр. Сейітқазы Матаевтың (Қазақстан Журналистер одағының жетекшісі – ред.) үкімі нарықты ойға қалдырды. Әлеуметтік желідегі қалжың үшін тұтқындау да оптимизм әкелмейді» деген пікір білдірген.

Қоғамдық белсенді, блогер Қазбек Бейсебаев. Алматы, 9 қазан 2015 жыл.

Қазақстандық қоғамдық белсенді, блогер Қазбек Бейсебаев блогерді тіркеу жайлы ұсынысқа күмәнімен бөлісті.

«Қазақстанда кейде тіпті БАҚ жазбайтын өткір мәселелерді блогерлер көтеріп, жарияланымдары резонансқа ұласқанын байқап жүрміз. Сондықтан үкімет оларға жауапкершілік артқысы келетіні сөзсіз. Алайда соны қалай іске асырғысы келетіні әзірше түсініксіз. Мысалы, блогердің оқырманын қалай есепке алмақ? Егер блогер жабық топта болса ше? – дейді ол Азаттыққа.

Қазақстан үкіметінің ресми баспасөз құралы «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Александр Тасболатов блогерді тіркеуге алу керек деп санайды.

– Блогерді есепке алған дұрыс. Ол жазғаны үшін де жауапты болуы керек. Журналист жарияланымдағы әр сөзіне жауап береді. Блогерге де сондай жауапкершілік жүктелуі тиіс, себебі заң баршаға ортақ, сондықтан заң бұзылған жағдайда журналист те, блогер де жауап беруі керек, - деп санайды ол.

ЖУРНАЛИСТ ЖӘНЕ ДЕРБЕС МӘЛІМЕТ

Тұжырымдамада журналисті ақпараттың шынайылығын тексеруге, сонымен бірге тұлғаның жеке өмірі мен жеке басына қатысты мәліметті сол тұлғаның жазбаша рұқсатымен ғана жариялауға міндеттеу жайлы айтылған.

«Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Александр Тасболатов бұл ұсыныс қисынды деп біледі.

– Жеке өмірге қатысты жазу үшін рұқсат алу – орынды талап. Себебі, заңда атап көрсетілгендей, жеке өміріне қатысты дербес мәліметті қорғау – азаматтың заңды құқығы, - дейді ол.

Бірақ тұжырымдамадағы әлгіндей ұсыныстар тәуелсіз журналистер мен құқыққорғаушылардың секемін туғызып отыр.

Журналист Ермұрат Бәпи.

– Мұның астарында жемқорлыққа батқан шенеуніктердің өзін қорғау мақсаты жатыр. Егер журналист сондай бір шенеунікке хат жолдап, оның келісімін алуы тиіс болатын болса, сонда баспасөздің жемқорлыққа қарсы күресінің нәтижесі қандай болмақ? Сондықтан бұл биік лауазымда отырғандардың қоғамнан оқшауланып, өздерін қорғаштау үшін ойлап тапқан айла-шарғысы, - дейді оппозициялық журналист Ермұрат Бәпи.

«Әділ сөз» қорының заңгері Ганна Красильникованың пікірінше, ақпарат және коммуникация министрлігі өз құзіретіне жатпайтын салаларды реттеуге ұмытылып отыр.

– Бұның қауіптілігі сол – өзіне жағымсыз ақпараттың тарауына бақылауды күшейтіп, оған тосқауыл қою деуге болады, - дейді ол.

Құқыққорғаушы, заңгер Ганна Красильникова.

Заңгер тұжырымдамада шетелдік БАҚ үшін Қазақстан аумағында журналистік қызмет атқаратын Қазақстан азаматтары – «фрилансерлер» жұмысын реттеу неге бөле-жара аталғаны да түсініксіз екенін айтады.

– Бізде отандық фрилансерлер де аз емес қой. Бұл тіпті осы министрлік араласатын сала емес, себебі фрилансер қызметі азаматтық-құқықтық келісімге негізделген. Жалпы тұжырымдамада ешқандай заңды негізі де, қажеттілігі де жоқ тұстар өте көп. Біз алдағы уақытта бұл туралы ой-пікірімізді ұсынамыз, - дейді Ганна Красильникова.

Қазақстан ақпарат және коммуникация министрлігінің ресми өкілі Арсен Бектасовтың Азаттыққа айтуынша, тұжырымдама ведомствоаралық комиссияға берілгеннен кейін соның негізінде заң жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсынылады.