Accessibility links

«Заңсыз» материалдарды енді сот шешімінсіз бұғаттай алады


Интернетті бұғаттау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы.
Интернетті бұғаттау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы.

Инвестициялар және даму министрлігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «интернеттегі заңға қайшы материалдар сот шешімінсіз бұғатталып жатқанын» хабарлады.

Инвестициялар және даму министрлігінің дерегінше, «Байланыс туралы» заңға былтыр енгізілген өзгерістер Қазақстан заңдарына қайшы келетін интернет материалдарын сот шешімінсіз бұғаттауға рұқсат етеді.

«Байланыс туралы» заңның 41-бабының 1-тармағы бойынша, бас прокурор немесе оның орынбасарының нұсқауымен интернеттегі заңға қайшы ақпараттарға не ресурстарға уақытша шектеу қойылады. Дәл осындай құзырет инвестициялар және даму министрлігіне де берілген. Бас прокуратурадан не осы министрліктен бұйрық алған байланыс операторлары не мемлекеттік техникалық қызмет түрлері ондай материалдарға шектеу қоюы тиіс.

«ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТІП, ҚҰЗЫР АЛДЫҚ»

Инвестициялар және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің өкілі Бекзат Рахымов биылғы 1 қаңтарға дейін «заңға қайшы материалдарға тек сот шешімімен ғана шектеу салынып келгенін» еске алды.

екзат Рахымов, инвестициялар және даму министрлігінің өкілі. Астана, 22 қаңтар 2016 жыл.
екзат Рахымов, инвестициялар және даму министрлігінің өкілі. Астана, 22 қаңтар 2016 жыл.

- Бірақ ол ұзақ процесс еді. Сот шешімі шыққанша екі ай өтіп кетеді, ал заңға қайшы материал интернетте тарай береді. Оның үстіне бізге сот тарапынан өтініш көп болды. «Қандай да бір ақпаратқа заң жүзінде шектеу қойылғаны анық жазылса, онда неге бізден шешім сұрап келесіңдер? Неге өздерің бұғаттай бермейсіңдер» деген ұсынысты көп естідік. Осыдан кейін заңды өзгертіп, құзыр алдық, - дейді инвестициялар және даму министрлігінің өкілі Бекзат Рахымов.

Инвестиция және даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпараткомитетінің басқарма бастығы Руслан Әбдіхалықовтың айтуынша, жаңа заң күшіне енген 1 қаңтардан бері интернеттегі жалғыз материал ғана (порнографиялық сипатына бола) бұғатталған, бірақ оған байланысты ешкім сотқа шағымданбаған.

Руслан Әбдіхалықов «террористік не экстремистік мәні бар» делінген материалдарды да сот шешімінсіз бұғаттай алатындарын айтады.

- Ең алдымен мұндай материалдарды таратпауға, сайттан алып тастауға ескерту береміз. Онымызды орындамаса, тиісті сараптама шыққанша уақытша шектеу қоя аламыз. Ақпарат таратушы немесе сайт иесі бізбен келіспесе, сотқа беріп, өз ұстанымын дәлелдей алады, - дейді Руслан Әбдіхалықов.

RATEL.KZ ЖӘНЕ ZONAKZ.NET

Азаттық тілшісі инвестиция және даму министрлігі өкілі Руслан Әбдіхалықовтан былтыр күзден бері ашылмай тұрған Ratel.kz және Zonakz.net интернет-ресурстарының қандай негізде бұғатталып қалғанын сұрады.

Руслан Әбдіхалықов, байланыс және ақпараттандыру салсындағы бақылау басқарамсының жетекшісі. Астана, 22 қаңтар 2016 жыл.
Руслан Әбдіхалықов, байланыс және ақпараттандыру салсындағы бақылау басқарамсының жетекшісі. Астана, 22 қаңтар 2016 жыл.

- Бұл сайттарды бұғаттауға соттың шешімі, прокурордың хаты, тиісті мекемелердің талабы болған емес. Яғни біз ешқандай да шектеу жұмыстарын жүргізбедік. Олар (сайт иелері – ред.) «бізді бұғаттап тастады» деген уәж айтады. Менің болжамымша, олар өздерін өздері жауып тастаған. Сұрақтарына бірнеше мәрте жауап бердік, - деді министрліктің байланыс және ақпараттандыру саласындағы бақылау басқармасының жетекшісі Руслан Әбдіхалықов.

Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов жазған хаттарына тиісті мекемелерден жауап алғанын растайды. Бірақ ол министрлік өкілінің «сайты иелері өздері жауып тастаған» деген сөзімен келіспейді.

- Путин «Украинада Ресей әскері жоқ» деп айта береді, бірақ елдің бәрі басқаша екенін біледі. Тура осындай «соғыс» біздің сайтқа қатысты жүріп жатыр. Олардың бәрі «сайтты бұғаттамадық» дейді, бірақ сайт ашылмайды. Сайт – біз үшін ақша табудың жолы. Сонда өзіміз оны жауып тастап, ақшасыз қалып отырмыз ба? - дейді Марат Әсіпов.

Сайттың бұғатталуына қатысты сотқа жүгінбегендерін айтқан Марат Әсіпов оны «барлық тиісті орындардан жауап хат алдық, сотқа беретін негіз жоқ» деп түсіндірді.

Қазақстанда интернет материалдарын сот шешімінсіз бұғаттау әрекеттері әсіресе 2014 жылдың соңғы айларында – Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында жүрген қазақстандықтар» деп сипатталған азаматтар жайлы видео интернетке тараған соң күрт жиілеген. Кейін Қазақстан бас прокуратурасы ол роликтің мазмұны «терроризмді насихаттау және ақтау» деп танылғанын мәлімдеп, роликті және оның жекелеген эпизодтарын Қазақстан территориясында таратудан бас тартуды ұсынған. Сол күннен бастап елде бұл видео ғана емес, ол туралы жазылған интернет материалдары да бұғаттала бастаған.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан үкіметін тәуелсіз ақпарат құралдарын қуғындағаны үшін, сөз бостандығына қысым көрсеткені үшін жиі сынап келеді.

XS
SM
MD
LG