2015 жылғы есепке Қазақстан халықаралық Freedom House ұйымы сипаттаған тоғыз түрлі шектеудің жетеуі қолданылатын ел ретінде кірген. Атап айтқанда Қазақстанда
- Әлеуметтік желілер мен байланыс қосымшалары блокталады;
- Саяси, әлеуметтік және діни тақырыптар туралы жазбалар бұғатталады;
- Ақпарат-байланыс технологиялары бұғатталады немесе жабылады;
- Үкіметті жақтайтын комментаторлар (билікшіл тролльдер – ред.) онлайн талқылауды бұрып әкетеді;
- Цензура мен жазалауды күшейтетін заң қабылданады;
- Онлайн журналист, блогер мен ақпарат-байланыс технологияларын қолданушы саяси-әлеуметтік контент үшін ұсталады, тұтқындалады және ұзаққа қамалады;
- Үкіметті сынаушылар мен адам құқығын қорғаушы ұйымдарға техникалық шабуылдар жасалады деп көрсетілген.
Қазақстанда «барлау мен анонимдікті шектеу туралы заңның қабылдануы» мен «онлайн журналист, блогер мен ақпарат-байланыс технологияларын қолданушының өлімі» сияқты тек екі көрсеткіш табылмаған. Бірақ Қазақстан интернет қолданушылардың виртуалдық жеке желі (VPN), прокси қызметтер мен Tor арқылы жеке бас мәліметін құпия ұстау және IP адресін жасыру құқығын шектеуші ел ретінде Беларусь, Индонезия, Иран, Қытай, Өзбекстан мен Эфиопияның қатарында аталады. Елдің интернетінде ең қатты тыйым салынған үш тақырып «билікті сынау», «конфликт» және «жемқорлық» болып шыққан.
Жергілікті тәуелсіз басылым өкілдері мен сөз бостандығын қорғаушы белсенділер «жылдан жылға авторитаризм белгілері жиі байқалып келе жатқан Қазақстан үшін бұл – заңдылық» деген пікір айтады.
«ЖАҒДАЙ ҚИЫН»
Журналистика саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мирас Нұрмұханбетов, қазір жұмыссыз. Ол – жақында ғана сот шешімімен жабылып қалған ADAM журналының журналисі.
Соңғы 10 жыл бойы жұмыс іздеп көрмеппін. Жұмыс мені іздеп келді. Әлі де болса, оқырманға «жетудің» жаңа формасын табуға болар деген оптимистік көңіл күйден айырылғым келмейді. Дегенмен, дәл қазір жағдай қиын, - дейді Мирас.
Ол Қазақстандағы бірлі-жарым тәуелсіз басылымдар – қоғамды ойлануға, болашаққа қарап жоспар құру мен оятуға қызмет ететінін айтады.
«Кезекті митингіні таратып жіберді», немесе «тағы бір белсенді қамауға алынды», я болмаса «біреу миллиондаған пара алды» деп тек хабарлап қоймай, оқырманды ойлануға, анализ жасап, қорытынды жасауға итермелейміз. Қазіргі жүйенің не үшін және қалай жұмыс істеуі қажет екенін түсіндіруге тырысамыз. Әрине, үкімет, прокурор, судья мен әкімдерден құралған бұл жүйеге біздің әрекетіміз ұнамайтыны анық. Сондықтан тәуелсіз БАҚ-ты жабуда бар күшін салып, дегеніне жетіп жатады, - дейді журналист.
«АВТОРИТАРИЗМГЕ ЖЫЛЖЫП КЕЛЕМІЗ»
Қазақстандық Ratel.kz интернет-ресурсының белгісіз себеппен бұғатталып, ашылмай тұрғанына екі айға таяп қалды. Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов сайтының не себепті бұғатталғанына қатысты биліктен жауап ала алмай отырғанын айтады. Бұл сайтта авторлар мен комментаторлар саяси-әлеуметтік мәселелерді ашық талқылауға тырысып келген. Әсіповтің сөзінше, бұл жағдай өзін айтарлықтай шығынға ұшыратқан. Себебі сайтқа шығуы тиіс жарнамалар – шықпай тұр. Тиісінше, сайттың жарнамаға қатысты келісім-шарттары бұзылған, әзірге материалдарын Facebook желісінен өзге жерде жариялай алмай отыр.
Егер жемқорлар бизнесті жүргізуде немесе параның көлеміне қатысты өзара дауласып, тіпті соғысып жатса, тәуелсіз БАҚ-қа келген кезде олардың барлығы бізге қарсы тұра қалады.
- Күн сайын авторитаризмге жылжып келеміз. Авторитарлық елге тәуелсіз БАҚ қажет емес. Авторитарлық режим – коррупция екені белгілі. Жыл сайын жемқорлар саны көбейіп келеді, тиісінше жемқорлық туралы айтатын БАҚ керек емес. Егер жемқорлар бизнесті жүргізуде немесе параның көлеміне қатысты өзара дауласып, тіпті соғысып жатса, тәуелсіз БАҚ-қа келген кезде олардың барлығы бізге қарсы тұра қалады, - дейді Марат Әсіпов.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының ақпаратына қарағанда биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда абыройы мен ар-намысына нұқсан келтірді делінген журналистерге немесе ақпарат құралдарына қатысты 35 іс сотқа жеткен. БАҚ өкілдерінен талап етілген моральдық өтемақының жалпы көлемі 390 миллион 400 мың теңге.
ДЕКОРАЦИЯ
«Әділ сөз» жетекшісі Тамара Калееваның сөзінше, Қазақстанда 2000-2015 жылдар аралығында редакция мен журналистерге жасалған шабуыл саны 250-ге жеткен. Алайда оның барлығы «журналистердің кәсіби қызметіне қатысты жасалған қылмыс» деп емес, қарапайым тұрмыстық «бұзақылық» деп бағаланып келеді.
- Қазақстанның қылмыстық кодексінде «журналистік қызметке кедергі келтіруге» қатысты жаза қарастырылған арнайы бап бар. Ескі 1998 жылғы кодексте ол «155 бап» болса, 2015 жылы толықтырылған жаңа қылмыстық кодексте «158 бап» болып өзгерді. Дегенмен, 1998 жылдан бері журналистерге жасалған қылмыстың бір де бірі бұл бап бойынша қозғалып, осы бап бойынша жазаланған адам болған жоқ. Бұл бап біздің билік – өзгелердің алдында тек есеп бергенде көрсететін «өлі бап», елдегі журналистердің құқығы қоралып жатыр деу үшін, тек декорация үшін қажет, - дейді Калеева.
Қазақстан үкіметі БАҚ пен интернеттегі сөз бостандығын шектеу туралы сын-ескертпелерді үнемі теріске шығарып келеді. Астана бұл тақырыпқа қатысты мәлімдемелерінде «елдегі ешбір басылымның сот шешімінсіз жабылмайтынын» уәж ретінде алға тартады. Бірақ сөз бостандығын қорғаушы белсенділер БАҚ-қа қатысты шешім шығаратын соттардың биліктен тәуелсіздігіне күмән келтіреді.
Халықаралық Freedom House ұйымы биыл зерттеп шыққан 65 елдің 42-сінде билік жеке компаниялар мен қолданушыларды түрлі әшкерелеуші интернет материалдарды жоюға мәжбүрлеген. Зерттелген 65 елдегі интернет қолданушылардың 61 пайызы үкімет, әскер мен билеуші отбасын сынауға цензура салынған елдерде тұрады, 58 пайызы блогерлер саяси-әлеуметтік, діни мәселелер туралы жазғаны үшін түрмеге қамалатын елдерде өмір сүреді.