Accessibility links

Шетелдік БАҚ: «Қазақстанда баспасөз еркіндігі тым шектеліп барады»


Қазақстандық және шетелдік БАҚ журналистерінің өздеріне түсіруге тыйым салынған Қазақстан президенті инаугурациясынан видео көшіріп алуға аппаратураға құрылғыларын қосып жатқан сәті. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.
Қазақстандық және шетелдік БАҚ журналистерінің өздеріне түсіруге тыйым салынған Қазақстан президенті инаугурациясынан видео көшіріп алуға аппаратураға құрылғыларын қосып жатқан сәті. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Nakanune.kz сайты жайлы сот шешімін «қалған тәуелсіз баспасөзге жасалған соққы» деп бағалаған шетел басылымдары Қазақстандағы жағдайды «диктатура» деп атайды.

«Қазақстанда тәуелсіз басылымдар бірінен соң бірі жабылып жатыр» деп аталған мақаласында британиялық Guardian басылымы Nakanune.kz сайтына қатысты сот шешімін сынға алған. Соттың ұйғарымы бойынша, «Казкоммерцбанктің» іскерлік беделіне келтірген нұқсанның орнын толтыру үшін сайттың меншік иесі Гузал Байдалинова қаржы мекемесіне 20 миллион теңге (107 мың АҚШ долларын) төлеуі тиіс.

Мақалада, сондай-ақ, «соғысты насихаттағаны» үшін жабылған «Adam bol» журналы жайлы да айтылған.

«Баспасөз машинасы мен PR шабуылы сізді басқа жайттарға сендіруге қанша тырысып баққанымен, Қазақстан саяси оппозиция мен тәуелсіз баспасөзді үнемі жаныштап отыратын нағыз постсоветтік диктатура күйінде қалған» деп жазады Guardian.

Freedom House халықаралық ұйымының есебіне сілтеме жасаған басылым «Қазақстан конституциясы сөз және баспасөз бостандығына кепілдік бергенімен, өкімет іс жүзінде бұларды қатаң шектеп отырады» деген тұжырым жасайды.

«Мемлекеттік ақпарат құралдары, лоббистер мен саясаткерлер Қазақстанды саяси хаос жайлаған аймақтағы тұрақтылық аралы ретінде көрсетуге тырысады. […] Алайда, шынайы жағдай мүлде өзгеше. Қазақстан автократ басшы сайлауда оп-оңай 98 пайыз дауыс жинай алатын, саяси оппоненттер түрмеде отырған, ал жиналу еркіндігі мүлде жоқ ел саналады. Тіпті биліктегілер шетелдік шолушыларға ықыласпен паш ететін дін бостандығы да – тым әсіреленген ақиқат. Өткен айда әлемдік діндер конгресін өткізгеніне қарамастан, бұл мемлекет БҰҰ-ның халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясының ұйғарымымен «дін бостандығын қатты шектейтін» 33 елдің қатарында тұр» деп жазады ағылшын басылымы.

Ресейде халықаралық медиахолдинг шығаратын ағылшын тіліндегі Moscow Times басылымы да осы тақырыпқа арнап «Астана баспасөзге қатты қысым жасады» деген мақала жариялаған. Ресейлік газет те Алматы сотының Nakanune.kz сайтына қатысты шығарған шешімін сынға алып, оны «қалған тәуелсіз баспасөзге берілген соққы» деп атаған.

Moscow Times басылымы Nakanune.kz сайтын «мемлекеттік линияға қарсы пікір айтатын азғантай дауыстардың бірі» деп сипаттаса, Қазақстандағы баспасөз бостандығына ежелгі грек сөзімен «оксюморон» («үйлеспейтіндердің үйлесуі») деген айдар тағады.

Басылым авторының жазуына қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев билігінің алғашқы жиырма жылында толық тәуелсіз болмаса да, белгілі бір дәрежеде еркін ақпарат құралдары болған. Бірақ, «үкімет күштері оннан аса қарусыз шерушілерді атып тастаған 2011 жылғы Жаңаөзен қырғынынан соң барлығы өзгерді».

«Қарсылық шарасына шығуға түрткі болған себептерді іздеп, сабақ алудың орнына өзге де постсоветтік автократиялар сияқты бұл елдің өкіметі де «пасық сыртқы күштерді» кінәлап шыға келді. Сол қырғыннан кейінгі төрт жылдың ішінде Қазақстандағы тәуелсіз баспасөздің ауқымы шағын да тұрақты шеңберден тірі қалу үшін жанталасқан жалғыз басылымға дейін тарылды. Газеттер мен телеарналар бір-бірлеп көз ілеспес жылдамдықпен жойылды, ал өкімет шетелдік монстрлармен байланысқа сілтеп отырды. Бұл басылымдардың қайта өмірге келе қоюы неғайбыл» деп жазады Moscow Times.

Автордың айтуынша, Қазақстандағы қуғын-сүргін туралы БҰҰ-дан айту ғана қалып тұр. «Себебі, осы қарқынмен кете берсе, бұл шындықты айтатын жалғызілікті адамдар не шетелге кетеді, не түрмеге түседі» деген байлам жасайды Moscow Times.

(Орысшадан аударған - Мұхтар Екей.)

XS
SM
MD
LG