Есімовтің блогерлермен кездесуі кезінде белсенділер тұтқындалды

Your browser doesn’t support HTML5

Өздерін «тәуелсіз блогерлерміз» деп атайтын үш белсенді Алматы әкімі Есімовтің кейбір блогерлермен кездесуіне барғанымен, оларды кіргізбеді. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.

Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуіне барған бірнеше белсендіні шараға кіргізбеді. Бұған наразылық білдірген оларды полиция тұтқындады.
Ақпанның 5-сі күні полиция Алматы әкімі мен бір топ жергілікті блогер кездесуі өтіп жатқан мейрамхана алдында акция өткізбек болған белсенділер Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов, Ринат Кибраевты ұстады. Белсенділер ұйымдастырушылардың оларды Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен кездесуге кіргізбей қойғанына наразылық білдірген.

Полиция өздерін "тәуелсіз блогер" атайтын белсенділермен қоса, Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбетті де ұстады.

КЕЗДЕСУГЕ КІРЕ АЛМАҒАН ҮШ БЕЛСЕНДІ, БІР ТІЛШІ

Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбеттің айтуынша, полиция оларды ұстаған кезде "қоғамдық тәртіпті бұздыңдар" деген себеп айтқан. Өздерін "тәуелсіз блогерміз" деп сипаттаған Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов, Ринат Кибраев "Есімовтің кездесуіне бізді кіргізбеді, әкім жағымпаз блогерлерін ғана шақырған" деп мәлімдеп, "Есімов, шық!" деп айғайлаған. Белсенділердің қолында "жағымпаз блогерлер" туралы шағын плакаттар болған. Азаттық тілшісі:

Алматы әкімі Есімовпен кездесуге шақырылмаған блогер Нұрәлі Айтеленов наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 5 ақпан 2014 жыл.

- Әл-Фараби көшесінің бойындағы Есімовтің блогерлермен кездесуі өтіп жатқан мейрамхана алдына төрт-бес полицей келіп, белсенділерді плакаттарын жайып көрсете бастаған кезде, шамамен сағат түскі 13:00 кезінде ұстады, - дейді.

Полиция Азаттық тілшісінің видеокамерасын тартып алып, белсенділермен бірге Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне апарған. Полиция бөлімшесіне кіргізген соң Щелоков, Айтеленов, Кибраевты алып қалып, Азаттық тілшісін "қателесіп ұстадық, кешірім өтінеміз" деп босатқан. Камерасын қайтарып берген.

Азаттық тілшісі Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне қайта хабарласқанда телефонды көтерген кезекші "белсенділерге қатысты Алматы қалалық ішкі істер департаментінен (ІІД) сұраңыз" деді. Алматы ІІД-сінен жауап алу мүмкін болмай тұр.

"ТІЗІМ АЛДЫН АЛА ЖАСАЛҒАН"

Кездесу өткен ақпанның 5-сі күні әлеуметтік желілерде "әкіммен кездесуге тек билікшіл блогерлер ғана шақырылды" деген мазмұндағы жазбалар көбейді.

Ресейлік блогер Илья Варламов жақында жариялаған жазбасында Қазақстандағы билікшіл блогерлерді "қояндар" деп атаған еді. Ақпанның 4-і күні Youtube желісіне белсенділер "Есімов қояндарды ұнатады" деген видео жариялады. Онда өзін тәуелсіз блогер санайтын Ринат Кибраевқа әкімдік өкілі "Сіздер бәрібір кездесуге кірмейсіздер. Қайда өтетінін де айта алмаймын" деп жауап береді. Алматы әкімі мен блогерлер кездесуі қайда өтетіні жарияланбаған еді.

Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге қатысты салған карикатурасы да интернет арқылы тарады.
Ал Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өзін "Гауһар" деп таныстырған өкілі:

"Алматы қаласының әкімі Есімовпен кездесетін блогерлер тізімі біраз уақыт бұрын, алдын ала жасалды. Қатысатын блогерлерге алдын ала шақырту жіберілген. Солар ғана кездесуге кіргізілді" деді.

Азаттықтың "Кездесудің мақсаты мен мазмұны қандай болды?" деген сұрағына баспасөз қызметінің өкілі "жауап бере алмайтынын" айтты.

Ақпараттарға қарағанда Есімов он шақты блогерге түскі ас беріп, бейресми жағдайда әңгімелескен.

Ал ақпанның 5-сі күні кешкісін Нұрәлі Айтеленов, Ринат Кибраев пен Дмитрий Щелоковтің "бұзақылық" айыбымен 10 күнге қамалғаны хабарланды.