Биліктегілер журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қатысты ақталу әрекеттеріне көшті

Оралдағы ТДК-42 телеарнасының фирмалық белгісі.

"Жайық-пресс" медиа-компаниясының басшысы Шыңғыс Мұқан ақпарат құралдарын қорғаушы ұйымдарды біліксіздігі үшін кінәлап, журналист Лұқпан Ахмедьяров өзінің жұмыстан шығарылуына облыстық әкімшіліктің араласпағандығын айтып отыр дейді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке қолайсыз сауал қойғаны үшін жұмысынан қуылған ТДК-42 телеарнасының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың айналасында өршіген дау әлі басылар емес. Жуырда БАҚ-тар құқын қорғаушы ұйымдар мен бірқатар басылым журналистері ақпарат министріне жұмыссыз қалған журналистке қатысты әділеттілікті орнату керектігін айтып ашық хат та жолдаған еді.

Бұл үндеу облыс әкімшілігіне қарасты "Жайық-пресс" медиа-компаниясының бас директоры Шыңғыс Мұқанның наразылығын туғызды. Ол "болған істің ақ-қарасын айырып алмай, мұндай үндеу жазу - түбегейлі қате" деген пікірде. Мұны ол ақпарат құралдарының құқығын қорғамақ болған ұйымдар мен журналистер қауымдастығының біліксіздігімен байланыстырады:

- Мен олардың ұстанымын түсіне алар емеспін. Бұл оқиғаға әкімнің қатысы қанша? Егер журналистер қауымдастығы өздерінің әріптестерін БАҚ қожайынынан қорғай алмаса олардың құны көк тиын болғаны ғой. Әрі бұл іске әкімді араластырған жөн бе еді? - деді Шыңғыс Мұқан Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында.
"Жайық-пресс" медиа-холдингінің басшысы Шыңғыс Мұқан. Орал, 13 ақпан, 2009 жыл.


Сонымен қатар, Ш.Мұқан журналист Лұқпан Ахмедьяровтың жұмыстан босатылуы немесе жұмысынан төмендетілуі жайындағы мәселені Серік Мерғалиевтің өзі ешкімнің араласуынсыз, тікелей шешкеніне сенімділігін былай білдіреді:

- Шындығында, ТДК-42 телеарнасының қожайыны Серік Мерғалиев телеарна қызметкерінің қызметін төмендетіп, тіпті жұмысынан шығарып жіберу туралы өзі шешкен болуы керек. Жекелеген басылымдарда әкімнің Серік Мерғалиевке тікелей телефон шалып, Лұқпан Ахмедьяровты жұмысынан қууды талап еткені туралы жазылды. Алайда, мұның барлығы да шылғи өтірік (шындыққа жанаспайды). Мен бұл туралы Лұқпанның өзімен телефон арқылы сөйлестім, ол бұл сөзді теріске шығарып, өзінің жұмыстан шығарылуына әкімнің қатысы болмағанын айтты.

"Жайық-пресс" басшысы Шыңғыс Мұқан журналист Лұқпан Ахмедьяровтың осыдан бірнеше ай бұрын құрылтайшысы облыстық әкімдік болып табылатын «Приуралье» газетінде жақсы жұмыс істегенін айтады. Оның сөздеріне қарағанда, журналист сол кездің өзінде Бақтықожа Ізмұхамбетовты сынға алған, ал әкім оның сынына түсіністік танытып келген көрінеді:

- Бақтықожа Ізмұхамбетовтың кез-келген журналиспен ашық сөйлесетінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Әкімнің ай сайын жергілікті БАҚ өкілдерімен жүздесіп, баспасөз мәслихатын тұрақты түрде ұйымдастырып тұруы да - осы сөзіміздің айқын айғағы. Бұл мәжіліске кез-келген журналист қатыса алады, олардың көптен көкейде жүрген сауалдарын қоюына да мүмкіндік мол.

Батыс Қазақстан облысында толықтай жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын "Орал өңірі" және "Приуралье" газеттерінің басын құрап отырған "Жайық-пресс" медиа-компаниясының жетекшісінің ұстанымы осындай болды.

Ал біраздан бері сапарда болған Лұқпан Ахмедьяров Шыңғыс Мұқанның сөздеріне таң-тамаша қалып отыр. Журналист Лұқпан Ахмедьяров Шыңғыс Мұқан екеуінің арасында ешқандай әңгіменің болмағанын айтады:

- Мен бұл туралы, нақтылап айтсам, әкімнің менің жұмыстан қуылғаныма қатысы жоқ деп ешкімге айтқан да және бұл туралы ешкіммен сөйлескен де жоқпын. Мен өз сөзімнен бас тартпаймын, әрі өз ұстанымымда қала беремін. Сондай-ақ, менің даудан қорқып, басқа жерге бас сауғалады деген де шындыққа жанаспайды. Және әкімдік тарапынан айтылған түрлі қауесеттерге де сенбеуді сұраймын. Ал өзім Мәскеуде жеке шаруаммен болдым.

Шыңғыс Мұқанның Қазақстандағы баспасөзді қорғау ұйымдары мен журналистік ұйымдардың біліксіздігі туралы айыптауына қатысты «Журналистер қауіп-қатерде» қорының төрайымы Розлана Таукина өз пікірін өзгеше білдірді. Розлана Таукина биліктің беделін өздеріне ыңғайлы кез-келген тәсілмен қорғаштау қадамы деп бағалайды мұны:

- Мұны біздің биліктің кезекті құйтырқы әрекетіне балауға болады. ТДК-42 телеарнасының қожайыны Серік Мерғалиев журналист Лұқпан Ахмедьяровқа облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен арада «қолайсыз» әңгіме болғанын айтқан, әрі бұл сөзді телеарна ұжымы да тегістей естіген. Шынын айту керек, осы әңгіме арқылы әкімнің Серік Мерғалиевтің «бәлелі» журналистен құтылмақ болған шешіміне қандай да бір ықпалы болғаны рас. Ал Шыңғыс Мұқанның біздің біліксіздігіміз туралы айтқан сынын оның өз арына қалдырдым. Бұл оның жеке пікірі, әрі біз осы сөзден кейін де журналистер құқы мен сөз бостандығына ара түсуімізді тоқтатпаймыз.

Қазақстан журналистері 12 ақпан күні мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке қаратып үндеу қабылдаған болатын.