Педиатрдың керек екенін халық та, билік те айтады

Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан сәбиінің жанында отырған ана. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкімет педиатр-дәрігерлер даярлайтын факультеттерді қайта ашуды тапсырды. Бұл бастаманы қолдайтын профессор «отбасылық дәрігерлер адамда кездесетін мыңдаған аурудың бәрін бірдей біле бермейді» дейді.

Алматы қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Салтанат әсіресе тұмау үдеген кезде жергілікті емханаға балаларын жиі әкеледі. Ол арнайы балалар дәрігері – педиатрлардың жоқтығынан емханадағы ересектермен бірге ұзын-сонар кезекке тұратындарын айтып наразы.

Your browser doesn’t support HTML5

Педиатрлар қайта оралмақ. Аудиоподкаст.

– Кішкентайларға бөлек, үлкендерге бөлек [дәрігер] болуы тиіс қой. Ал қазір не мынау? Араласып, шатасып жүргеніміз, – дейді ол.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ 30 ПАЙЫЗЫ – БАЛАЛАР»

Қазақстанға балалар дәрігерлері аса керек екенін педиатр-профессор Камал Ормантаев та растайды.

– Балалар қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды, сондықтан алғашқы симптомдарынан-ақ ауруды танып-білетін маман қажет. Ешбір дәрігер адам баласында кездесетін 14 мың аурудың барлығын білмейді. Ол мүмкін емес. Сондықтан әр жастың, әр саланың өз маманы болуы керек, – дейді профессор.

Педиатр-дәрігер, профессор Камал Ормантаев.

Камал Ормантаев денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жалпы практикалық дәрігер (отбасылық дәрігер) жүйесі бастамасымен келіспейтінін айтады.

– Министрлік «екі дәрігердің орнына бір ғана отбасылық дәрігер болады» деді ғой. Үнемдеген түрлері. «Отбасылық дәрігер барлық ауруды біледі, үйретеміз» дейді. Ол мүмкін емес. Балалардың организмі де, аурулары да ерекше. Біздің Қазақстанда тұрғындардың 30 пайызы – балалар, – дейді ғалым.

Ол «әр отбасында бір-екі баладан ғана бар елдерге отбасылық дәрігер жеткілікті шығар, ал бізде жағдай мүлдем өзгеше» деп біледі.

«10 МЫҢ ТҰРҒЫНҒА – 3 ПЕДИАТР»

Елдегі медициналық оқу орындарында он жыл бұрын жабылған педиатрия факультеттерін қайта ашу қажет деген пікірді қарашаның 8-і күні үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов те айтты.

«2007 жылда медициналық жоғары оқу орындары маман даярлаудың жаңа жүйесіне көшкен болатын. Осының салдарынан педиатрия факультеті жалпы медициналық бағытқа кіріп кеткен. Енді педиатр болу үшін резидентураны бітіру керек. Сол себепті түлектер педиатрия сияқты мамандыққа көп қызықпайды» дейді ол.

Тасмағамбетов «келесі жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерін ашуды» ұсынған.

Дәрігер ауруханаға түскен балаға дәрі егіп жатыр. (Көрнекі сурет)

Вице-премьердің сөзін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та қолдап, 2017 жылдың қыркүйегінен бастап барлық медициналық оқу орындарында педиатриялық факультеттерді қайта құруды тапсырды.

Премьер-министр орынбасарының дерегінше, қазір Қазақстанда педиатр-дәрігерлер тапшылығы қатты сезіліп отыр. Мәселен, былтырғы дерек бойынша, елде 10 мың адамға үш педиатрдан ғана келген. Ал Атырау, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында 10 мың тұрғынға бір педиатр ғана қызмет көрсетеді.

Қазақстанда 2006 жылы жаңа медициналық білім беру стандарты қабылданып, «Педиатрия факультетін жабу туралы» концепция жасалған. 2007 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындары «педиатрия» мамандығына студенттер қабылдауды тоқтатып, «жалпы медицина» (бес жыл бакалавриат және тағы екі жыл интернатура) бойынша оқыта бастаған. Бұл жеті жылдық оқуды бітірген маман жалпы практика дәрігері, яғни отбасы дәрігері болып шығады.