Горбачев әлі күнге дейін өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін айтады

ССРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 21 ақпан 2011 жыл.

Бұдан 20 жылдай бұрын тарқаған Совет Одағының соңғы басшысы Михаил Горбачев 80 жасқа толды. Горбачев өзін ССРО-ны сақтап қалғысы келген және қайта құру кезеңіндегі Кремльге қарсы бүліктерді басуға қарсылық көрсетуші адам етіп көрсетеді.

2011 жылдың 2 наурызында Совет Одағының бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев 80 жасқа толады. Биыл, сонымен бірге, ССРО-ның ыдырағанына 20 жыл және Алматыдағы Желтоқсан оқиғаларына 25 жыл толады.

Жақында Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орыс редакциясына берген сұқбатында Михаил Горбачев Совет Одағын сақтап қалуға қалай тырысқанын, бұл істе оны кімнің қолдап, кімнің қолдамағанын айтып берді. Ол, сонымен бірге, одақтас республикалардағы Кремльге қарсы бүліктерді басу кезінде не себепті қан төгілгенін түсіндірмек болып әрекеттенді.

ГОРБАЧЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВ

Онымен бірге советтік тоғыз республиканың басшылары ССРО-ны сақтап қалғысы келді деп еске алады Михаил Горбачев. Оның айтып отырғаны – РСФСР және Әзірбайжан, Белорусь, Қазақ, Қырғыз, Тәжік, Түркмен, Өзбек, Украин советтік социалистік республикалары.

Бұл елдердің басшылары Советтік Егемен Республикалар Одағы жайында бірқатар жобаларды даярлады. Осылайша ССРО-ның орнына тең құқылы
ССРО президенті Михаил Горбачев пен Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 жыл.
егемен республикалардың жұмсақтау федерациясын құруды жоспарлады. Бұған қатысты бірқатар мәжілістер Михаил Горбачевтің Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясында өтті.

Бұл іс 1991 жылдың сәуір айында басталды. Одақтық шартқа алғашқы қол қою рәсімі 1991 жылғы тамыз төңкерісінің салдарынан болмай қалды. Беловежье келісіміне қол қойылған соң жаңа одақтық шартқа қатысты жұмыс түбегейлі тоқтады. Михаил Горбачевтің айтуынша, дәл осы кезде тоғыз республика арасындағы жаңа одақтық шарттың жобасы даяр болатын. Бірақ бұл шартты жасау оңайға түспеген, өйткені оның айтуынша, «Ельцин барлығына қысым жасаған».

Михаил Горбачев тоғыз республика басшыларының арасынан Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Совет Одағын сақтап қалудағы өзінің жақын жақтасы болғанын атап өтеді. Тамыз бүлігіне байланысты Ново-Огарево келісімі тығырыққа тірелгенде Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев одақтық шарт жайын еске салған.

«Кейінге қалдыруға болмайтын тағы бір маңызды мәселе – сегіз республиканың парламенттері мақұлдаған Одақтық шартқа қол қою жайы. Бекітілген осы құжаттың мәтініндегі кез-келген өзгерістер тек осы республикалар жоғары билік органдарының келісімімен ғана енгізіледі» делінген Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 20 тамызында жасаған мәлімдемесінде. Бұл мәтін Данияр Әшімбаев пен Виталий Хлюпиннің «Қазақстан: билік тарихы» кітабында келтіріледі.

«Назарбаев Одақты сақтап қалудың батыл жақтаушысы болды және мен оған не жайында әңгіме болатынын айтқан соң ол жаққа бармай қалды», – дейді Михаил Горбачев біздің радиоға берген сұқбатында.

ССРО-ның бұрынғы президентінің айтып отырғаны Беловежье тоғайында, Вискулиде болған кездесу. Осы жерде кездескен РСФСР, Украин және Белоруссия республикаларының басшылары келісімге қол қойып, бұл оқиға ССРО-ның ыдырап, ТМД-ның құрылғанын жариялады.

«Әңгіме – менімен бірге мәжілістес болған сатқындар жайында. Мен Ельцин жайында айтып отырмын. Ельциннен өзге тоғыз республиканың барлығы одақты сақтап қалуды жақтаушылар болды» дейді Михаил Горбачев. Бұл
ССРО-ны сақтап қалу туралы бүкілодақтық референдум өткен күні Кишиневте тәртіпсіздіктер болды. 17 наурыз 1991 жыл.
тоғыз республикаға өзгелерінің де қосылатындығына ол сенімді. Бірақ, оның айтуынша, тамыз бүлігінен соң одақтық шарт жобасын ары қарай жылжыту қиынға түскен.

Бұл оқиғаларға дейін, 1991 жылдың 17 наурызында советтік республикаларда ССРО-ны сақтап қалу жөнінде бүкілодақтық референдум өткен. Бұл референдумға сайлаушылардың 88,2 пайызы қатысты. Осы материалдарға сәйкес, «ССРО-ны тең құқылы егемен республикалардың одағы ретінде сақтап қалуды қажетті деп есептейсіз бе?» деген сауалға сайлаушылардың 94,1 пайызы «иә» деп, 5 пайызы «жоқ» деп дауыс берген. Сайлау бюллетендерінің 0,9 пайызы жарамсыз деп танылған.

ССРО-ның өзге республикаларында референдум сауалы басқаша қойылған. Онда: «Сіз Советтік Социалистік Республикалар Одағын, кез-келген ұлт адамының құқықтары мен бостандықтарына толық кепілдік берілетін тең құқылы егемен республикалардың жаңарған федерациясы ретінде сақтап қалуды қажет деп есептейсіз бе?» делінген. Ресми деректер бойынша, «иә» деп дауыс бергендердің ішінде ең жоғары көрсеткіш Түркімен ССР-інде (97,9 пайыз), Қырғыз ССР-інде (96,4 пайыз) және Тәжік ССР-інде (96,2 пайыз) болған.

ГОРБАЧЕВ ЖӘНЕ КРЕМЛЬГЕ ҚАРСЫ БҮЛІКТЕР

Михаил Горбачев Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орыс редакциясына берген сұқбатында Совет Одағын ыдыратқан құпия келісімдерге қарсы тұра алмадым, өйткені оқиғаларға осылайша араласу қантөгіске ұшыратар еді дейді. Бірақ сол кездегі қорғаныс министрі Евгений Шапошников Борис Ельциннің жағына шығып кеткенін, оған жоғары қызметтің уәде етілгенін білгенін мойындайды.

Сондықтан Горбачев әскерилер жағынан өзіне көмек болады деп ойламаған. Шапошниковтың Одақ ыдыраған соң ТМД-нің Бірлескен Қарулы
Телеарна орталығын басып алмақ болған совет десантшыларының жолын бөгеген Литва тұрғындары әскери танктың астында қалған адамды шығарып алуға әрекет жасап жатыр. Вильнюс, 13 қаңтар 1991 жыл.
Күштерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалғаны, бұл қызметте 1992 жылдың ақпан айынан 1993 жылдың тамыз айына дейін отырғаны белгілі.

– Мен әуел бастан-ақ қантөгіске барғым келмеді, әскерді қолданғым келген жоқ. Тіпті, әскер шыққан күннің өзінде ол басу үшін емес, қарсылас тараптарды ажырату, тұрақтандыру үшін пайдаланылды. Бірақ бәрінде де адамдар қаза болды. Бакуде осылай болды, – дейді Михаил Горбачев.

Михаил Горбачев одақтас республикалардағы Кремльге қарсы көтерілістері жайлы осылай деді. Ол тек Вильнюс пен Тбилисидегі көтерілістерді ғана еске алды. Оның пікірінше, ең күрделі жағдай Вильнюсте болған. Сол кезде, 1991 жылдың 13 қаңтарында советтік десантшылар телемұнара мен телеорталыққа шабуыл жасаған кезде қарусыз 14 адам қаза болып, жүздеген адам жарақат алған.

– Вильнюсте ең күрделі жағдай болды, қарсыластар бір-бірімен бетпе-бет тұрды. Егер өзге бір жерлерде болса, бұның ақыры қантөгіске ұласар еді. Бірақ олар бір-біріне қарап тұрды. Қалай дегенмен – өзгеше мәдениет, өзгеше мінез. Бұл үдерісті бейбіт жолға түсіру мақсатында келіссөздер жүргізу үшін біз онда Белоруссия Жоғарғы Кеңесінің төрағасы бастаған үш адамды жібердік. Олар Минскіге қонып қалған. Мен олардың кідіре тұруын біреулер «сұраған болар» деп күдіктенемін. Келеңсіз оқиғалар дәл осы түні болған, – дейді Михаил Горбачев.

1989 жылдың сәуір айында Тбилисиде саяси жағдайдың асқынуын сол
Шеруді күшпен басып-жаншыған совет әскері Руставели даңғылында тұр. Тбилиси, 11 сәуір 1989 жыл.
кездегі ССРО Жоғарғы Советі президиумының төрағасы Михаил Горбачев, өзінің айтуынша, шетелден іссапардан келген соң ғана білген.

– Мен Кубадан және Лондоннан келгенмін, – дейді ол. – Шыққан бетте маған Грузияда болып жатқан оқиғалар жайында баяндады. Шеварднадзе мен Разумовский Грузияға жедел ұшып барып, оқиға тізгінін қолдарына алсын деген шешім қабылдадым. Бұл бірінші рет болып отырған оқиға емес еді. Грузиндер қаншалықты қызуқанды болғанымен, ақылға сала білетін. Таңертең тұрған соң олардың ешқайда кетпегенін білдім. Сөйтсек, Патиашвили (республика орталық комитетінің бірінші хатшысы Джумбер Патиашвили – аутор) «ешкімнің қажеті жоқ, өзіміз келістік» депті. Олар активті, әскер өкілдерін жинап алып алаңды тазалауға келісіпті. Шеварднадзенің де ол жаққа барғысы келмеген болар деп ойлаймын. Патиашвилимен екеуінің арасы онша жақсы емес болатын. Олар келісті, ал нәтижесінде өздеріңізге белгілі оқиғалар болды.

Тбилисиге ССРО-ның түрлі өңірлерінен парашютті-десантты әскерлер, ішкі әскерлер және милицияның арнаулы бөлімшелері жіберілді. 1989 жылғы 9 сәуірдегі Тбилиси оқиғаларын тексеру жөніндегі ССРО халық депутаттары съезі комиссиясының деректері бойынша, митингіні қуып тарату барысында оның 16 қатысушысы оқиға орнында, үшеуі сәл кейінірек ауруханада қаза тапқан. Әскерилер мен милиция қызметкерлері арасында қаза тапқандар жоқ.

Михаил Горбачев Тбилиси мен Вильнюстегі қарсылық шерулерін басып-жаныштауға қатысы болғанын үзілді-кесілді жоққа шығарады. «Күш қолдану туралы шешімдер менің қатысуымсыз қабылданған» дейді. Ол өзі басқарып отырған елдегі қарсылық шараларына байланысты «не болғанын білген жоқпын» дейді осы күнге дейін. Оның үстіне ол жоғары бас қолбасшы болатын.

ССРО-ның бұрынғы президенті 1991 жылдың 13 қаңтарында Вильнюсте болған оқиғаларға қатысты былай деп еске алады:

– Мен «не болды, қайдан, неге» деп сұрап жатырмын. Біздің бәрімізді гарнизон бастығы – әлдебір генерал немесе полковник жарға жықты. Яғни бәрін маған айтпай жасаған. Тіпті, мен келісім берген күннің өзінде, бұл ең нашар нұсқа болатын. Мұндай жағдайлар болып жатқан, бірақ мен білген жоқпын. Бұл біз өмір сүріп жатқан сол кездегі жағдайды көрсетеді.

ГОРБАЧЕВ ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН

Михаил Горбачев Совет Одағын 1985 жылдың наурыз айынан бастап басқарды. Ол басқарып тұрған кезде ССРО-да бірнеше мәрте толқу болды, кейін ол оқиғалар Одақтың күйреуінің нышаны сияқты қабылданды.

Ең біріншісі Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Оқиға Қазақстан
1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққандар. Алматының орталық мемлекеттік мұрағатындағы сурет.
Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына ешкімге белгісіз, Қазақстанда ешқашан жұмыс істемеген Геннадий Колбинді қоюына жастардың қарсы шығуынан басталып, оның соңы Кремльге қарсы митингіге ұласты. Биыл Желтоқсан оқиғасына 25 жыл толады.

Михаил Горбачев Азат Еуропа/Азаттық радиосы Орыс редакциясының тілшісімен Совет Одағындағы қарсылық көңіл-күйлер туралы әңгімелескенде 1986 жылдың желтоқсан айында Алматының Брежнев алаңында болған оқиғалар жайында ләм-мим деп ауыз ашпайды.

Бірақ кейбір саясаткерлер қазақ жастарының көтерілісін басып-жаншуға қатысты жауапкершілікті дәл сол Горбачевке артады. Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөніндегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының комиссиясы Михаил Горбачев басқарған КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының әрекетін айыптауды ұсынды.

«Қазақстанның жоғарғы саяси басшысын тағайындау кезінде коммунистер мен халықтың пікірін қаперге алмаған диктаты үшін; соңы ауыр зардаптарға ұшыратқан, оның ішінде адамдардың қазаға ұшыратқаны, Алматыға ішкі істер министрлігі ішкі әскерлері арнаулы бөлімдерін енгізу туралы конституцияға жат шешімді мақұлдағаны үшін; Қазақстан халықтарының достық қарым-қатынастарына ауыр зардабын тигізген, қазақ халқының намысына тиіп, ұлтшыл деп айыптаған саяси тұрғыдағы жауапсыз қадамы үшін» айып тағу керек деген еді.

Бұл комиссияны құру бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшырап, ақыры 1990 жылы құрылды.

Сол оқиғаға қатысушылардың бірі Әркен Уақтың «самиздаттық» кітабында жазғанына қарағанда, комиссия 1986 жылғы желтоқсан айындағы жастардың бас көтеруін басып-жаншу арнайы құрылған «Метель – 1986» оперативтік жоспары бойынша жүргізілгенін анықтады. Бұл жоспар бірінші рет Қазақстанда сынақтан өтіп, содан соң ССРО-ның өзге өңірлерінде кеңінен пайдаланылған. Комиссия материалдарында айтылғанындай, бұл жоспар бойынша арнайы құралдарды қолдану қарастырылған. Бірақ дәл сол кезде бұл үшін заңнамалық негіз жоқ болатын.

Советтік соңғы бас хатшы Михаил Горбачев жариялылық пен демократияны уәде етті. Бірақ шын мәнінде азаматтардың саяси құқықтарға қатысты алғашқы талаптарына қарсылықпен білдіріп, наразы бұқараға қатысты ескі советтік тәсілмен әрекет етті. Әркен Уақтың жазуынша, «жүйе өкілдерінің бастамасымен жоғарыдан басталған қайта құру алғашқы емтиханнан-ақ құлап қалды».