56 жастағы Зәбира Өтепбергенқызы - Алматыдағы наразылық акцияларына қатысып жүрген борышкер. Оған жер теліміне ипотекалық несиемен (14 мың доллар) салған, тұрып жатқан жалғыз баспанасынан (жер үй) айырылу қаупі төніп тұр. Банк үйді қарыз төленбегендіктен арестке қойған.
«ҚЫСҚАРҒАН ҚАРЫЗДЫҢ ӨЗІН ӨТЕЙ АЛМАЙМЫН»
2008 жылы «30 мың теңге (250 доллардай – ред.) төңірегінде жалақы алған» Зәбира Өтепбергенқызы сол жылдың соңына дейін несиесін «кешіктірмей өтеп келгенін» айтады. Бірақ 2009 жылы қаңтар, ақпан айы жалақылары наурызда түсіп, төлем мерзімін кешіктіріп алған.
- Бюджеттік мекемеде айлықты уақтылы бермейді. Екі айдың жалақысы наурызда түсті. Наурыздың 20-сы үш айдың ақшасын үстіндегі өсімімен құйдым. Мені графикке қайта қосуға тиіс еді. Бірақ қосу үшін 30 мың теңге сұрады. Ал ақшам кредиттің өзіне әрең жетті, - дейді Зәбира.
Төлем кестесіне қоспағаннан кейін, әрі көп ұзамай жұмыссыз қалған борышкер мұнан ары несие қайтаруға шамасы келмей қалғанын айтады.
- Ол кезде доллар 117 тенге еді. 9 жылға алған 14 мың долларды 27 мың қылып қайтаруға тиіс болғам, - дейді Зәбира.
Зәбира Өтепбергенқызының банкке берешегі айыппұлдарын қосқанда теңгеге шаққанда 3 миллион 600 мыңға жеткен. Енді ол банктен қарыз үстіндегі өсімін алып тастаудыталап етіп келеді.
Қаңтардың 20-сы күні болған борышкерлер наразылығы видеосы:
Your browser doesn’t support HTML5
2015 жылдың ақпан айында үкімет ипотекалық борышкерлер проблемасын шешу мақсатында 130 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдап, Зәбираның Өтепбергенқызының несиесі де қайта қаралған. Қазір оның қарызы теңгеге шаққанда 2 миллионға қысқарып, әжептәуір жеңілдеген. Бірақ борышкер «сол екі ортада жаңа дағдарыс келгенін, жұмыссыз қалғандықтан, бұл қарызды да төлеп шығуы екіталай екенін» айтады.
ҮКІМЕТ КӨМЕГІ
Үкімет «130 миллиард теңгенің борышкерлер қарызын жоюға арналмағанын, ипотекалық несиелерді төлеу шарттарын жеңілдетуге ғана бағытталғанын» мәлімдеген. Ал бағдарлама тетіктерін Ұлттық банк несие берген 11 банкпен және борышкерлер қоғамдық ұйымдарымен бірігіп жасайтын болған.
Алматыдағы борышкерлер наразылығы
Алматыдағы борышкерлер наразылығы
(2015 жылдың мамырынан бастап)
20 мамыр 2015 жыл. Борышкерлер «Банк ЦентрКредит» пен «Казкоммерцбанк» алдында «қарыздарын өтеуді тағы бірнеше жылға созуды және қарыз сомасы үстіндегі өсім мен айыппұлдық төлемдерді алып тастауды» талап етті.
16 маусым 2015 жыл. Борышкерлер Fortebank ғимаратының алдында қайта қаржыландыруға қатысты наразылық акциясын өткізді.
9 шілде 2015 жыл. Ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру туралы талаппен наразылық акциясын өткізген борышкерлердің кейбірін полиция ұстап әкетті.
23 қараша 2015 жыл. 30 шақты борышкер Ұлттық банк алдында наразылық акциясын өткізді.
12 қаңтар 2016 жыл. Борышкерлер "АТФ Банк" пен Fortebank алдына жиналып, наразылық шарасын өткізді.
20 қаңтар 2016 жыл. Ондаған борышкер "Казкоммерцбанктің" Әл-Фараби даңғылы мен Желтоқсан көшесі қиылысындағы бөлімшесі алдында наразылық шарасын өткізді.
26 қаңтар 2016 жыл. Ондаған борышкер "Халық банкі" басшылығымен кездесті.
2 ақпан 2016 жыл. Ондаған борышкер Kaspi Bank пен "Халық банкі" кеңселері алдына жиналып, наразылық білдірді.
2015 жылы сәуірінде «қайта қаржыландыруға 2004-2009 жылдары берілген, 2015 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша берешек қалдығы 36,5 миллион (қазір 101 мың доллар шамасы – ред.) теңгеден аспайтын ұлттық және шетел валютасындағы ипотека қарыздары жататыны» хабарланды.
Қазақстан ұлттық банкінің Азаттыққа берген жазбаша жауабында «қайта қаржыландыруға 15 мың 810 өтінім (108,0 миллиард теңге) қабылданып, олардың ішінде 10 мың 374 өтінім (62,2 миллиард теңге) бойынша қайта қаржыландыру туралы оң шешім қабылданғаны, қазірге дейін 36,2 миллиард теңгеге 7 мың 241 несие қайта қаржыландырылғаны» айтылған.
Алайда «Халықты баспанамен қамтамасыз етейік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сұлубике Жақсылықова «банк өкілдері қайта қаржыландыруға байланысты жасалған бұл бағдарламаны тиімді пайдаланбай отыр» дейді. Оның сөзіне қарағанда, банктер ай сайынғы төлемді кішірейтіп, кестені созып берсе, тұрмысы төмен адамдардың негізгі қарызын ғана қалдырса, борышкерлерге көп жеңілдік болмақ.
- Банктерге қарызды түгел кешір демейміз. Қалтамызға қарап қайта есептесін. Бұрынғы кестемен, мәселен, 300 долларыңыз - қазір 130 мың теңге. Ал оны мүгедек не жалғызбасты әйел қалай өтейді. Ол мүмкіндік бағдарламада бар. Орындау-орындамау банктер құзырында, - дейді ол.
Ал экономист Бейсенбек Зиябекұлы проблеманың шығуына биліктің де қатысы бар екенін, сондықтан борышкерлер талабы қабылданғаны жөн болатынын айтады:
- Банктер әр борышкерлермен сөйлесіп, олардың бүгінгі жағдайымен санасуы қажет. Билік қаржы саласында дұрыс жұмыс істемеді. Отандық өндіріс дамымағандықтан, теңге тұрақты болуы мүмкін емес. Бұл доллармен несие алған борышкерлердің жағдайын қиындатты, - дейді ол.
Бірақ Қазақстан ұлттық банкінің Азаттыққа берген жазбаша жауабына қарағанда, борышкерлерге енді негізгі қарыздарын ғана қайтаратындай жағдай жасалған. Онда «Қарыз алушының борыштық ауыртпалығын жеңілдету мақсатында қарыз бойынша сыйақы, комиссиялық ақылар, тұрақсыздық айыбы бойынша қалыптасқан берешекті кешіру (есептен шығару) көзделген» деп жазылған.
Ұлттық банк 2015 жылы тамыздың 20-сы күні доллар бағамының өзгеруіне байланысты ипеотекалық борышкерлерді қолдау бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін де ескертеді. Жауапта «валюталық қарыздарды (90 күннен астам мерзімі өткен және берешекті өндіріп алу туралы сот актілері жоқ) қайта қаржыландыру кезінде шетел валютасы құны 2015 жылғы тамыздың 18-і күнгі (1 доллар - 188,35 теңге) бағаммен белгіленді. Сот актісі бар қарыз бойынша қайта қаржыландырылатын сома акті шыққан күндегі ресми бағаммен айқындалады» деп жазылған.
«Халық банкі» төрағасы орынбасары Айбар Боданов Азаттыққа қаңтардың 26-сы күні «Борышкерлер жағдайын жеке қарап, жеке-жеке шешім қабылдап жатырмыз. Әр адамның әлеуметтік жағдайы бөлек. Мәселен, ипотекалық несиені қаржыландыруға байланысты өтініш берген әр он адамның тоғызы банк шешіміне риза болып шығып жатыр» деген болатын.
«МӘСЕЛЕ МҰНЫМЕН ШЕШІЛМЕЙДІ»
«Мәселенің мұнымен толық шешілмейтінін» айтқан экономист Меруерт Махмұтованың сөзіне қарағанда, ипотекалық несие проблемасын мұнай бағасына байланысты басталған қазіргі дағдарыс ушықтыруы мүмкін.
- Қазір жеке тұлғалар [ипотекалық] қарыздары 79 пайыздан 77 пайызға азайды. Бiрақ олардың (жеке тұлғалардың) 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздары 11 айда 14 пайызға өсіп, 513 миллиард тенгеден 584 миллиард теңгеге жетті, - дейді экономист Меруерт Махмұтова.
Ал борышкер Зәбира Өтепбергенқызы «доллар бағамы 400 теңгеге тақаған кездер де болды. Кезінде банк пен сот арасында жүремін деп жұмыстан шығып қалдым. Зейнетақы да алмаймын. Енді жұмыс табу тіпті қиын» дейді.
P.S.: Мақала әзірленіп жатқанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 16-сы күні Алматы әкімдігінде өткен жиында борышкерлер мәселесіне қатысты пікірін айтқаны хабарланды. Назарбаев проблеманың баяу шешіліп жатқанына, үкімет былтыр бөлген 130 миллиард теңгенің 90 миллиарды әлі игерілмегеніне наразылық білдірген. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Назарбаевқа борышкерлер мәселесін шешуді барынша тездетуге уәде берген. Назарбаев келтірген мәліметтерге қарағанда, Алматыдағы 7000 борышкердің 3 565-і (40 пайызы) үкімет бағдарламасына өтініш түсіріп, 1470 борышкер несиесі қайта қаржыландырылған.