Полицейлерге қарсы аштық полицияда өтіп жатыр

Наразылық танытып отырған ерлі-зайыпты Тарасовтар. Өскемен, 16 қараша 2015 жыл

«Баламызды қастандықпен өлтіру фактісі дұрыс тексерілмеді» деп санайтын зейнеткерлер - ерлі-зайыпты Тарасовтар Өскемен қаласында наразылық акциясын ұйымдастырды.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое кентінің 74 жастағы тұрғыны Владимир Тарасов қарашаның 12-сінен бері полиция ғимаратында су ғана ішіп, аштық акциясын өткізіп жатыр. Жанында 70 жастағы жұбайы Валентина Тарасова бар. 2013 жылдың ақпанында мерт болған бизнесмен ұлдары Григорий Тарасовтың қазасына қатысты жайттарды «жан-жақты» тексеруді талап еткен қарттар наразылық акциясын Өскемендегі облыстық ішкі істер департаментінің бақылау пунктінде өткізіп отыр.

Ерлі-зайыптылар баласын "қастандықпен өлтірді" деп жориды, ал тергеушілер "жазатайым жағдай" деп санайды. Наразылық білдіріп жатқан зейнеткерлердің қолындағы плакаттар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған.

САЯЖАЙДАҒЫ ҚАЗА

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Владимир Тарасов «39 жастағы кәсіпкер балам Григорий Тарасовты қастандықпен өлтірген адамдар мен тапсырыс берушілерді жасырған тергеу амалдарына қарсы бұған дейін де аштық өткізгенбіз» дейді.

Тергеу болжамынша, Григорий Тарасов 2013 жылдың 23 ақпанында Бұқтырма су қоймасы жағасында орналасқан саяжайында жазатайым жағдайдан - су жылытатын қазандық жарылып мерт болған. Қайғылы оқиға болған күні ол саяжайында демалып жатқан.

Тергеу болжамынша, Григорий Тарасов 2013 жылдың 23 ақпанында Бұқтырма су қоймасы жағасында орналасқан саяжайында жазатайым жағдайдан - су жылытатын қазандық жарылып мерт болған.

Бірақ Владимир мен Валентина Тарасовтар «баламызды қастандықпен, әрі айрықша қатігездікпен өлтірген» деп санайды. Олар «қастандық бизнесін тартып алу мақсатында жасалған» деп болжайды.

— Ол «Үлбі-фтор» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы әрі кәсіпорында 70 пайызы үлесі болған, - дейді Владимир Тарасов.

Тарасовтар баласы мерт болған күннен бастап «оны қастандықпен өлтірген» деген жорамалын дәлелдеуге тырысып келеді. Владимир Тарасовтың кеудесіндегі «Бұл – біздің соңғы аштығымыз емес, шешуші шайқасымыз» деп жазылған плакатқа қарағанда, қарттар табандылық танытуға бекінген сыңайлы.

Зейнеткерлердің айтуынша, бұл - баласының қазасын «әділ тексермеуге» қарсы үшінші наразылық акциясы. Тарасов осындай алғашқы аштық акциясын былтыр маусымда Өскемен қаласының Республика алаңында өткізген. Екінші рет аштық өткізетінін биыл 15 сәуірде жариялаған, бірақ оны өткізбеген. Өйткені Владимир Тарасовтың айтуынша, президент сайлауы қарсаңында президент Нұрсұлтан Назарбаев келетін болған соң зейнеткер қарттарға «балаларыңның қазаға ұшырау себебін жедел анықтаймыз» деген уәде берілген. Бірақ ол уәде орындалмаған. Енді екі қарт жаңа наразылық акциясын өткізуге бекінген. Қазір аштық акциясын Владимир Тарасов жалғыз өткізіп жатыр, ол тамақтан бас тартқан, су ғана ішеді. Ерлі-зайыптылар егер оның жағдайы нашарлап кетсе, аштықты Валентина Тарасова жалғастырады деп келіскен.

«Өмірімді жетім болып бастап едім, бұл дүниеден жалғыз (баласыз - ред.) аттанатын болдым» деп қамығады Владимир Тарасов. Баласының 2013 жылдың қарашасында эксгумация жасалған мүрдесі жер қойнауына әлі тапсырылмай, екі жылдан бері мәйітханада жатқаны да қарттардың қайғысын тіпті ауырлата түскен. Оның үстіне, Тарасовтардың айтынша, әлі күнге дейін анықталмаған себептермен баласының бір бүйрегі жоғалып кеткен.

АСТАНАЛЫҚ КОМИССИЯ

Азаттықпен әңгімесінде Владимир Тарасов «баламның қазасына қатысты тергеу амалдары жан-жақты жүргізілмегені аздай, оларды бұрмалап өткізді» дейді. Тарасов бұған дәлел ретінде бірнеше сот-медицина сараптамасының «бір-біріне қайшы» ұйғарымына сілтеме жасайды. Оның болжамынша, баласын әуелі қастандықпен өлтіріп, кейін су жылытатын бактың көмегімен жарып жіберген.

Владимир Тарасов талай табалдырықты тоздырған, оның ішінде жоғарыдағы мекемелерге дейін жеткен. Владимир Тарасов 1982 жылы КПСС орталық комитетінің Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген. 1990 жылдары Глубокое аудандық мәслихат хатшысы, ал 2005 жылы президенттік сайлау науқаны кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жергілікті сенімді өкілдерінің бірі болған.

«Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен әрекетінен бір жыл бойы ештеңе шықпаған соң Владимир Тарасов былтыр наурызда Астанадағы бас прокуратураға барған. Оның айтуынша, бас прокуратура Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына тергеу амалдары кезіндегі жіберілген олқылықтарды жойып, істі «Алдын ала келісіп әрі топтасып айрықша қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына ауыстыруға тапсырма берген. Тарасовтың айтуынша, әуелі ширақ басталғандай көрінген тергеу амалдары кейін өзге арнаға түсіп, ал биыл сәуірде мүлде тоқтап қалған. Зейнеткер Астанаға тағы ұшып барған.

— Қазанның 26-сында Астанаға ұшуға мәжбүр болдым. Мені президенттің көмекшісі, Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ермекбаев мырза қабылдады. Оның қабылдауында 26 қазан күні сағат 15-те болдым, ал сағат 16-да Қазақстан Республикасының бас прокуроры қабылдады, - дейді Владимир Тарасов.

Комиссия құрамына баламның қазасын тексерумен айналысқан жедел-тергеу тобының жұмысын тікелей қадағалаған қызметкерлерді енгізіп, бас прокурордың тапсырмасы дұрыс орындалған жоқ.

Тарасовтың сөзінше, бас прокурор қылмыстық істі тексеруге араласпаған қызметкерлерден комиссия құрып, жәбірленушілердің әр уәж-дәйегін мұқият тыңдап, жазып, талқылауды және жәбірленушілердің комиссия жұмысына қатысты пікірін арнайы бағанға жазсын деген тапсырма берген. Бас прокуратура құрған комиссия қарашаның 2-інде облыстық ІІД-не келген.

— Бірақ комиссия құрамына баламның қазасын тексерумен айналысқан жедел-тергеу тобының жұмысын тікелей қадағалаған қызметкерлерді енгізіп, бас прокурордың тапсырмасы дұрыс орындалған жоқ, - дейді Владимир Тарасов.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, комиссия құрамына былтыр желтоқсан айында баласының қазасына қатысты істі тоқтатқан тергеушілерді де енгізген. Тарасовтар бас прокуратурадан келген әлгі комиссиямен тіл табыса алмаған. Бизнесменнің әкесі «комиссия жас жігіт жазатайым оқиға салдарынан мерт болған, оған қастандық жасалмаған деген әділетсіз ұйғарым шығарды» дейді.

Владимир Тарасов бас прокуратура комиссиясы ұйғарымына қарсы шығып, «баламның қазасына қатысты жайттарды әділ әрі жан-жақты тексеру» талабымен 12 қарашадан бастап мерзімсіз аштық жариялайтынын мәлімдеген. Полиция ғимараты ішіндегі бір аптадан асқан өзгеше наразылық акциясы осылай басталған.

Ішкі істер департаментінің бақылау-өткізу пунктіндегі кезекшілікте тұрған полиция қызметкерінің Азаттыққа айткынша, наразылық білдірушілерге бақылау пунктінде отыруға ІІД басшылығы рұқсат берген. ІІД басшылығына хабарласу мүмкін болмады.

Тарасовтардың айтуынша, дәрігерлер екеуінің жағдайын бақылауға келмеген. Валентина Тарасова ерінің қан қысымы сәл төмендегенін айтады. Ал Владимир Тарасовтың өзі денсаулығына қатысты шағымданбады.

Орыс тілінен аударған - Айжан Оралғазина