Accessibility links

Жабайы жуа жұлған зейнеткер 5 мың доллар төлеуі тиіс


Черемшанка ауылының тұрғыны Светлана Колесникова. Шығыс Қазақстан облысы. (Сурет YK-News.kz порталынан алынды)
Черемшанка ауылының тұрғыны Светлана Колесникова. Шығыс Қазақстан облысы. (Сурет YK-News.kz порталынан алынды)

Шығыс Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енген жабайы жуаны жинағаны үшін ауыл тұрғыны Светлана Колесниковаға 5 мың долларға жуық айыппұл салған. Енді ол Жоғарғы сотқа шағымданбақ.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Светлана Колесникованың әңгімесі бастала бере үзіліп кетті. Біраздан кейін тұтқаны көтерген өзге әйел адам дауысы: «Кешіріңіз, қатты қобалжып кеткенде осылай есінен танып қалады. Есін жисын деп су бердім» деді.

Ол кісі Светлана Колесникованың әпкесі Зинаида екен. «Өз үйі тұруға жарамсыз болғандықтан Светлана бірде менде, бірде 31 жастағы қызы Еленаның үйінде жүр» деп түсіндірді Зинаида.

Біраздан кейін есін жиып, тынышталған Светлана Колесникова 857 мың теңге (5 мың долларға жуық) айыппұл туралы сот үкімінен басталған қырсық туралы Азаттық тілшісіне баяндап берді.

ҚЫМБАТ ЖУА

Шығыс Қазақстан облысы Глубокий ауданы Черемшанка ауылының 58 жастағы тұрғыны Светлана Колесникова бір жыл бұрын жабайы жуа салынған сөмкемен орманнан келе жатқанда ұсталған. Оған қарсы «жойылып кету қаупі бар өсімдік түрін
Жабайы өсетін жуа.
Жабайы өсетін жуа.
заңсыз жинады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Бір айдан кейін Глубокий аудандық соты Светлана Колесникованың еркіндігін бір жылға шектеу туралы үкім шығарған. Онсыз да ешқайда шықпайтын әрі бүкіл туыстары Черемшанка ауылында тұратын зейнеткер бұған аса қатты қынжылмаған.

Бірақ ол еркіндігін шектеу жазасынан гөрі «Черемшанка орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің азаматтық талап-арызы негізінде сот салған 857 мың теңге айыппұл мен 8577 теңге мемлекеттік баж салығын көбірек уайымдайды.

Светлана Колесникованың сот үкіміне қатысты берген апелляциялық шағымынан еш нәтиже шықпаған. 2013 жылдың қазанында Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы оның шағымын қанағаттандырудан бас тартып, сот үкімі заңды күшіне енген. Ол кассациялық шағым бермеген. Енді сот шешімін орындаушылар «айыппұлды төлеуді баста» деп талап етіп, оны мазалап жүр. Зейнетақысы мардымсыз әрі мойнында банктен алған несиесі бар ол «айыппұл төлеуге шамасы жоғын» айтады.

«Жабайы жуаны тұрмысым жетіскеннен жұлғаным жоқ» дейді зейнеткер. Бұрын жұмыс істеген жергілікті құс фабрикасы дәл ол зейнетке шығарда жабылып қалған. Светлана Колесниковаға ең аз зейнетақы тағайындаған. Қазір ол барлық үстемені
Табада қуырылып жатқан табиғи жуа. (Көрнекі сурет)
Табада қуырылып жатқан табиғи жуа. (Көрнекі сурет)
қосқанда, айына 32 мың теңге (175 долларға жуық) зейнетақы алады.

Баспанасы құлайын деп тұрған зейнеткер ауылдан үй сатып алу үшін банктен 300 мың теңге (1650 доллар) несие алған. Енді несиені мардымсыз зейнетақысынан төлеп отыр. «Жайылымдық шөптің арқасында ғана күн көріп отырмын. Жуаны да
немерелеріме бәліш пісіріп беруге қысқа тұздап алу үшін жинап едім» дейді ол.

«Жұрттың көбі жинап, Риддер немесе Өскемен қаласындағы базарларда сатып жүрген жабайы жуа Қазақстанның Қызыл кітабына енгенін білмеппін. Жергілікті тұрғындар ғасырлар бойы жинап жүрген жуа бұдан азайып қалған жоқ» дейді Светлана Колесникова.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ХАРЛАМОВТЫҢ КӨМЕГІ

Светлана Колесникова сол кезде Өскемендегі тергеу абақтысында отырған риддерлік құқық қорғаушы Александр Харламовтан көмек сұраған.

«Колесникованың ісіне қатысты кассациялық шағым беру мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан айыппұл мен мемлекеттік баж салығын төлеу мерзімін созуға әрі оның сомасын азайтуға тырысып көруден басқа амал жоқ» дейді Харламов Азаттық тілшісіне.

Ол сот шешімін орындауға қатысты апелляциялық сотқа шағым берген. Бірақ апелляциялық алқа «алғашқы сот инстанциясының үкімі былтыр қазан айында заңды күшіне енген, ал апелляциялық соттың шешіміне қатысты кассациялық шағым
Құқыққорғаушы Александр Харламов өзі босап шыққан тергеу абақтысының алдында тұр. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл. Харламовтың жеке архивіндегі сурет.
Құқыққорғаушы Александр Харламов өзі босап шыққан тергеу абақтысының алдында тұр. Өскемен, 4 қыркүйек 2013 жыл. Харламовтың жеке архивіндегі сурет.
берілмеген» деген уәжбен оның шағымын қанағаттандырмаған.

Енді Александр Харламов сот орындаушысының шешіміне қатысты Жоғарғы сотқа шағым әзірлеп жатыр.

– Құр сүлдері қалған Светлана Колесникованы алғаш көргенде Бухенвальд лагерінің тұтқынын көргендей болып, қатты қайран қалдым. Заң адамға қарсы емес, адам игілігі үшін жазылмай ма? Жоғарғы сот зейнеткер әйелдің мүшкіл жағдайына түсіністік танытар деп үміттенемін, - дейді Александр Харламов Азаттық тілшісіне.

Торжуа не аюпияз (орысша атауы - черемша) деп аталатын жабайы жуа Қазақстанның қызыл кітабына алты жыл бұрын енгізілген. Биліктің айтуынша, бұл өсімдік Қазақстан аумағында аз өседі. Жуаның бұл түрі С витаминіне өте бай. Ресми тұлғалар жойылып кетуі мүмкін жабайы жуа сияқты сирек өсімдіктер пісіп-жетілген кезде браконьерлік оқиғалары өршіп кететінін айтады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG