Азаттық: – Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы шықты. Жазушының жарияланбай қалған шығармалары немесе жазушылық қыры туралы жинаққа енбей қалған жазбалар бар ма?
Мұхтар Әуезов
Мұхтар Әуезов
Қазақ халқының ұлы жазушысы. 1897 жылы қыркүйектің 28-і күні дүниеге келген. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы ондаған тілге аударылып, қазақ әдебиетін әлемге танытты. Әуезовтің «Абай жолынан» бөлек, ірілі-шағынды көптеген шығармалары ағылшын, француз, орыс, парсы және т.б. тілдерге аударылған.
Тұрсын Жұртбай: – Мұхтар Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағын жобаға енгізіп, оның алғашқы 13 томын шығарған адам едім. Біздің әуел бастағы жоспарымыз – әр шығарманың жазылу тарихы, әр шығарманың кейіпкерлері, тарихи оқиғалар, жазушының өміріне қатысты түсініктемелер, арнайы мақалалар беру болатын. Алғашқы 10 томдықта бұл жоспар толықтай орындалды. Кейінгі басылымдарға мен атсалыса алмадым. Белгілі-белгісіз себептермен шеттетілдім. 50 томдық толық басылып шықты. Оның жалпы қазақ тарихында үлкен орны бар. Мұндай басылым бұрын-соңды басылып көрген емес. Оны энциклопедиялық басылым деп есептеймін. Бірақ, біткен іске сыншы көп. Соның ішінде Әуезов туралы көлемді-көлемді 7 том еңбек жазған, бүкіл өмірін Әуезовтің шығармашылығы мен өміріне арнаған адам ретінде менің осы басылым туралы үлкен бір пікірлерім бар.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Әуезовтің елу томдық мұрасының 44 томы жарық көрді
Азаттық: – Ол қандай пікірлер?
Тұрсын Жұртбай: – Бірінші, әу бастағы мен жасаған жоба бойынша Әуезовтің көркем шығармаларының әртүрлі нұсқаларын кіргізу керек еді. Мысалы, «Қараш-қараш», «Қилы заман», «Абай жолы», «Дос - бедел дос» секілді шығармалары. Сонымен қатар, Әуезовтің әр жылдары жазған мақалалары мен монографиялары да ғылыми түсінікті қажет ететін секілді. Мәселен, «Қараш-қараш оқиғасының» бірінші нұсқасы 1928 жылы жарияланған кезінде мүлдем басқа болатын. Сол секілді «Абай жолының» 1943 жылы жарияланған нұсқасы, кейінгі 1947 жылғы, 1949 жылғы және 1951 жылғы өңделген нұсқасы мен 1953 жылғы қайта жазылған нұсқасы мүлдем бөлек. Ондағы сомдалып келе жатқан кейіпкерлер басқаша болатын. Мысалы, Шәке образы Шұбарға айналып кетті. Шындығында Шәке – үшінші, төртінші кітаптағы Дәрменнің алғашқы варианты болатын. Сондай-ақ, әу бастағы Абай мен Базаралының ортасындағы қарым-қатынас, Базаралы мен Әйгерім арасындағы желі, Үміт пен Әмір ортасындағы желі, Дәркембай мен Абай арасындағы желі. Бұлар мүлдем басқа арнаға ауысып кетті. 1951 жылғы жан-жақты қыспақтан кейін Мәскеуге барып, «Знамя» журналының түрткілеуімен, яғни мәжбүрлеуімен жаңа тараулар қосылды. Сондай-ақ, 1947 жылғы «Абай», яғни «Ақын аға» романының екінші кітабының қолжазба нұсқасы мүлдем басқа идеяда жүрді. Ол нұсқада кіргізбеймін деп Әуезовтің өзі екі-үш жыл романын басқаға бермей, жариялатпай жүрді. Ал жалпы «Абай жолы» үш кітаппен аяқталуға тиіс болатын.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Мұхтар Әуезовтің сирек суреттері
Азаттық: – Түсінікті. Енді осы алғашқы қолжазба нұсқалар мен алғашқы басылымдарды 50 томдыққа кіргізуге не кедергі болды?
Тұрсын Жұртбай: – Оны мен нақты айта алмаймын. Өйткені әдеп деген іс бар. Сондықтан әдеп сақтап, ол туралы пікір қозғамасам деймін. Өзімнің әуел бастағы ойымды ашық айттым. Қалған дүниелер - сол жобаны жалғастырушылардың ісі. Сондықтан ол мәселе туралы мен тереңдеп жатқым келмейді.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Әуезовтің ататегі туралы еңбек жарыққа шықты
Азаттық: – Әуезовтен 100 жыл бұрын өмір сүрген орыстың үлкен ақын-жазушыларының, мәселен, Толстойдың, Лермонтовтың немесе Пушкиннің өмірінің әрбір күні, олардың не істеп не қойғанына дейін анықтап жарияланған. Бұл тұрғыда қазақ зерттеушілері немесе Әуезовті зерттеушілер қандай жұмыс атқара алды? Өйткені біз жазушының әрбір күні мен атқарған жұмыстарынан хабарсызбыз.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жазушының үйі
Тұрсын Жұртбай: – Бұл сұрақ сәл әбестеу ғой деп ойлаймын. Себебі, біз тура осы мақсатта Ләйла Мұхтарқызының өзі бастап кеткен «Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресін» 97 баспа табақ кітап етіп шығардық. Сонда Мұхтар Әуезовтің туған күнінен өлген күніне дейінгі әр күнгі оқиғалар мүмкіндігінше қамтылды. Бұл - «Лермонтовтың шығармашылық өмірі» деген энциклопедиямен бірдей бағаланатын дүние. Өкінішке орай оған ешкім назар аудармады. Әрине, қазірде сол өмірі мен шығармашылық шежіресіне жаңадан ашылып жатқан, қосылып жатқан деректер бар. Толықтыруға болады. Бірақ Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі 97 баспа табақ болып 1997 жылы жарық көрді.
Абай
Абай
1845 жылы Шыңғыстау төңірегінде дүниеге келген қазақ халқының ұлы ақыны. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Орыс және Батыс мәдениетімен жақындасуды жақтаған, ислам мәдениетін де терең меңгерген ойшыл, композитор.
Азаттық: – «Абай жолы» - Әуезовтің жазушылық өмірінің қорытындысы. Оны өзі де кезінде айтқан. Бірақ кейін «Өскен өркенді» жазды. Мұны «біреулерге алданып, ел алдында уәде берді. Уәдесінен шыға алмай, амалсыз жазуға барды» деп айтылып жүр. Шындығында жазушы шынымен де «Абай жолынан» да биік, керемет шығарма» жазатынына сеніп, пендешілікке салынып кеткен жоқ па?
Тұрсын Жұртбай: – «Абай жолы» роман-эпопеясы тек қана Әуезовтің ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің 20-ғасырдағы оқырманға берген ұлы есебі. Ал «Өскен өркен» романын жазуы алыптың бір үлкен тыныс алу кезеңі деп есептеймін. 1951 жылы қыспаққа алынған кезде, 1953 жылы «Литературная газетаға» берген хаттарында айтады - «мен «Абай жолының» жалғасы ретінде эпопея жазбақпын. Ондағы Дәрмен кейін өсіп, жетіліп, абыз болып, ұлы халықтың ақыны болып, Кремьлде өзінің өнерін көрсетіп, жеткен жетістігін айтады» дейді. Яғни Дәрменді Жамбылдың прототивіне айналдырмақ болған. Шындығында осы Абай қайтқаннан кейінгі Шыңғыс өңіріндегі Ике-Мұсатай арасындағы қақтығыстар, «Алашорда» қақтығыстары туралы ол кісі роман жазбақ болған.
«Алаш» партиясы
"Алаш" һәм "Алашорда"
20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.
"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.
1929 жылы ойында болып, 1932-1934 жылдары алғашқы жобасын, бірінші тарауының нұсқаларын жазып та тастаған. Ал оның оңтүстіктен, Созақтан басталып кетуі автордың түпкі идеясындағы бір үлкен нысананың болғаны. Өйткені Созақ өңірі - қазақтың бағы мен тағдырының қиылысқан жері. Екіншіден, «Абай жолы» секілді ұлы эпопеяда қыр өңірінің, оның ішінде Шыңғыстау секілді арқа өңірінің барлық табиғат құбылыстары түгел жазылып, сипатталып болды. Енді жазушы өзінің бұрынғы соқпағын қайталамас үшін географиялық жағдайды ауыстыруға мәжбүр. Осы реттен алғанда бұл жазушылық қадам деп есептеймін. Әрине, «ендігі шығармаңыз «Абай жолындай» ұлы болсын» деп көзі тірісінде айтқан шәкірттері де болған. Оларға Әуезов «Әй, сен не деп тұрсың. «Абай жолы» қайта тумайды. Ол - Абайдың, менің, бүкіл қазақтың өмірінің қорытындысы. Ол - өмірге басқаша қарау, бүгінгі күнге өзіңнің көзқарасыңды білдіру» деп ұрысқан болатын.
Азаттық: – Әуезов өмірінің соңына дейін қудалаумен, қыспақпен өткені белгілі. Осы орайда ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында Әуезовке қатысты ашылмай, құпия сақталып жатқан құжаттар бар ма?
Тұрсын Жұртбай: – «Жоқ» деп айта алмаймын. Бірақ мен екі жарым жыл ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде «Алашорданың» істерін де түгел қарап шықтым. Әуезовтің де сотталған істерін түгел қарап шығып, өзінің берген, сотта көрсетілген көрсетінділерін түгел жарияладым. Өкініштісі 1957 жылғы бір-екі қатирасы ғана қалған. Қалған дүниелер жоғалып кеткен. Сондықтан да тергеу ісіне қатысты материалдар барынша қамтылған деп ойлаймын. Ал өмірлік деректер, фактілер бар. Тіпті соның шет жағасы ғана шықты деуге болады. Әуезовтің үстінен қауіпсіздік комитетіне, жоғарғы сотқа, прократураға, партиялық бақылау комитетіне, тіпті Сусловқа, Шаяхметовке (СССР тұсындағы кейбір басшыларды айтады - ред.) тікелей жазылған арыздар және сотта қаралған мәселелер өте көп. Мен оның кейбір жай-жапсарларын білемін. Бірақ оны жарияламаймын деп ойлаймын. Өйткені ол менің көркемдік идеяма лайық емес және бұл өте қатпарлы шаруа. Егер оның барлығы ашылатын болса, біз көптеген мәселеге мүлдем қарама-қарсы пікірде болуымыз мүмкін. Көптеген сүйкімді адамдарымыздың сүйкімсіз болып кетуі мүмкін. Сондықтан мен мұны саналы түрде тоқтаттым.
Азаттық: – Ұлы адамдардың пенделік тұстары да болатын белгілі. Біз әдетте бір адамды идеал қылып, оның тек жақсы жақтарын ғана сөз етеміз де, кейбір қырларын жасырып, жауып тастаймыз. Әуезовтің кейбір пенделік қырларын айтуға болмай ма?
Тұрсын Жұртбай: – Менің ойымша, әрбір дерек сол жазушының көркем идеясына, игілікке, жақсылыққа қызмет етсе, оны жариялауға болады немесе белгілі бір жайға арқау етіп, соны көркем шығарма ретінде жазғысы келсе, айтып беруге болады. Неге болмайды? Әуезовтердің ұлы құпияларына бойлау арқылы біз өзімізді, ұлтымызды, заманымызды түсінеміз. Ол болады. Бірақ, өтірік араластыруға болмайды. Содан кейін оны ұрсысқан секілді «шап-шап еткізіп» беруге болмайды. Менде де 150-ден астам хаттар, деректер, ашық хаттар бар. Ол керек пе, жоқ па? Егер Әуезовке қызмет етсе, ұлтқа қызмет етсе мен пайдаланар едім. Әзірге ол деректер мен үшін үлкен идеяға айналмай тұр.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!