Accessibility links

Абайдың қай күні туғаны әлі даулы


Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы.
Қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы.

Бүгін Семей мен Астанада Абайдың туған күнін атап өтті. Елдің басқа өңірлері ақынның туғанына 171 жыл толуын бұдан жарты айдай бұрын – 10 тамызда еске алған.

Тамыздың 23-і күні Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы қазақтың классик ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушысы және ірі ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 171 жыл толғанын атап өтті.

Бұл мекеменің қызметкері Мейрамгүл Қайрамбаеваның сөзінше, қорық-мұражай «көпшілік жұрт 10 тамызда туған деп есептейтін ақынның дүниеге келген сәті – басқа күн» деп біледі.

– 15 жылдан бері ақынның туған күнін 10 тамыз емес, 23 тамызға ауыстырып, тұрақты түрде мерекелік шара ретінде атап өтіп келеміз, – дейді ол.

«АБАЙ ЖАҢА КҮНТІЗБЕ БОЙЫНША 23 ТАМЫЗДА ТУҒАН»

Мейрамгүл Қайрамбаева Абайдың туған күні делінген 10 тамыз юлиан күнтізбесі бойынша белгіленген дата екенін айтады.

– 1958 жылы Әрхам Кәкітайұлы [Ысқақов] өз қолымен жазылған төрт дәптерден тұратын естелігін жазып өткізген. Ол естелік музейдің қорында әлі бар. Сонда Әрхам: «1845 жылы қалыпты әдет бойынша Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді» деп көрсеткен, – дейді ол.

Мейрамгүл Қайрамбаеваның сөзінше, Абайдың туған күні жайлы бұдан басқа ешбір дерек жоқ.

Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған өлеңдер жинағы. (Көрнекі сурет)
Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған өлеңдер жинағы. (Көрнекі сурет)

«Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының «Абай қазіргі күнтізбе бойынша 23 тамызда туған» деген ұстанымын әдебиетші ғалым Арап Еспембетов те қолдайды.

– Абайдың туған күні 10 тамыз емес, 23 тамыз екенін ұстазым Қайым Мұхамедханов осыдан он неше жыл бұрын Әрхам Ысқақовтың естелігіне сүйене отырып жазған. Ескі стильде жүрудің қажеті жоқ, – дейді ол.

Ғалымның «ескі стиль» деп отырғаны – Ресейде совет үкіметі орнағанға дейін қолданыста болған юлиан күнтізбесі. Советтік халық комиссарлары кеңесі 1918 жылы 26 қаңтарда декрет қабылдап, елді календарлық жүйесін григориан күнтізбесіне көшіруге үкім еткен. Арап Еспембетов әлгі қаулы бойынша сол жылдың 1 ақпаны бірден 13 ақпан болып белгіленгенін еске алды.

– Жаңаша күнтізбе бойынша Абайдың туған күні 23 тамызға тура келеді. Бірақ Астана мен Семейден басқа жерлерде, мәселен, Алматыда жыл сайын 10 тамызда атап өтеді. Бұны қойып, бір жолға түсу керек, – дейді ол.

Сол жақта - Абайдың ұлы Тұрағұл жазған естелік, оң жақта - Абайдың хатшысы Мүрсейіт дайындаған ақын өлеңдері. (Көрнекі сурет)
Сол жақта - Абайдың ұлы Тұрағұл жазған естелік, оң жақта - Абайдың хатшысы Мүрсейіт дайындаған ақын өлеңдері. (Көрнекі сурет)

«ӘУЕЗОВ БЕКІТКЕН 10 ТАМЫЗ – АБАЙДЫҢ ТУҒАН КҮНІ»

Зерттеушілердің арасында «Абай 23 тамызда туған» деген пікірмен келіспейтін адамдар да аз емес. Солардың бірі – жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай.

– Мен үшін Әуезов бекіткен 10 тамыз – Абайдың туған күні. Басқа ештеңе білмеймін, – дейді ол.

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері, әдебиетші ғалым Серікқазы Қорабай да 1933 жылы Абайдың толық жинағы шыққан кезде жазушы Әуезов ақынның туған күнін 10 тамыз деп көрсеткенін айтады.

– Әуезов бұл күнді тектен тек жаза салған жоқ. Абайдың көзін көрген, қолын ұстаған адамдармен тілдесе жүріп барып жазды. Бұл халықтың да құлағына сіңісті болып кетті. Енді оны ауыстырудың қажеті жоқ. Абайдың туған күнін 10 тамыздан 23 тамызға өзгерткеннен келіп-кетер ештеңе жоқ, – дейді Серікқазы Қорабай.

Абайдың Алматыдағы ескерткіші. (Көрнекі сурет)
Абайдың Алматыдағы ескерткіші. (Көрнекі сурет)

Абайдың туған күні 10 тамыз ба, әлде 23 тамыз ба – «онда айырмашылық жоқ» екенін әдебиетші ғалым Жаңғара Дәдебаев та айтады.

– Мәселе – Абайдың нақты туған күнін белгілеуде емес, оның айтқандарын ұғуда. Әсіресе жоғарыда отырғандар. Сондықтан Абайдың туған күнін 10 тамыздан бастап 23 тамызға дейін атап өтсе де қарсылығым жоқ, – дейді ол.

Бүгін Семейде «Абай шаңырақтары шақырады» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылып, ақын мұрасына қатысты ғылыми конференциялар өтіп, Абай ескерткішіне гүл қойды. Ал Астанада Абайдың туған күніне арналған концерттік шаралар болды.

Біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мекемесі – ЮНЕСКО Абайдың туғанына 150 жыл толған 1995 жылды «Абай жылы»деп жариялап, ақынның мерейтойын сол жылы 10 тамызда атап өткен.

XS
SM
MD
LG