Бүгін Астананың аудандық сотында Мұхтар Жәкішевке қарсы қозғалған екінші іс бойынша тыңдаулар басталмай жатып аяқталды. Жәкішевтің қорғаушысы сотты түгел өзгертуді сұраған еді, алайда ол өтініші орындалмады.
Сейсенбі, қарашаның 15-і күні таңертең басталған Жәкішев ісіне қатысты алғашқы тыңдаулар жарты сағаттан соң тоқтап, түстен кейінгі сағат 4-ке шегерілді.
СОТҚА КҮМӘНДАНУ
– Біз тек бұл істі қарайтын Сарыарқа сотын толық құрамда өзгертуді сұрап үлгердік. Істің, әрі сот шешімінің обьективті болатындығына күмәніміз бар. Себебі дәл осы сот бұған дейін айыптау үкімін шығарған болатын, – дейді Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Паллада Тепсаева. Бірақ адвокат Жәкішевке қандай айып тағылғанын айтудан бас тартты.
Алдын-ала тыңдаулар да бұған дейінгі отырыстар сияқты жабық түрде
Адвокаттың сөзінше, айыпталушы Жәкішев бұл процестің ашық өтуін сұрап, хат жазған.
– Мұхтар бұл процестің ашық түрде өтуін сұрап, хат жазған болатын. Оның пікірінше, бұл істі жабық өткізуге ешқандай негіз жоқ. Іске байланысты ешқандай құпия құжаттар жоқ, – деді адвокат.
«ІСТІҢ СОҢЫ БЕЛГІЛІ»
Ал Жәмила Жәкішева күйеуінің осы күнге дейін Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында қамауда отырғанын айтты.
– Соңғы екі жарым жыл бойы сол жерде жатыр. Себебі оның ісі тергеліп жатыр ғой, сондықтан ол тергеу изоляторында, – деді Жәмила Жәкішева Азаттық тілшісіне.
«Бұл істің басынан бастап айыптаушы бағыт алғанын ескерсек, қазір істің соңы да белгілі» дейді Мұхтар Жәкішевтің зайыбы.
Түстен кейін жалғасқан сот процесінде белгілі болғандай, судья сот құрамын толық өзгертуге рұқсат етпеген. Сот залынан шыққан адвокат Паллада Тепсаева өзіне іс материалдарымен танысуға уақыт берілгенін, алайда ол уақыттың «мерзімі көрсетілмегенін» айтты.
Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясын 1998-2009 жылдар аралығында басқарды. Осы кезеңде ұлттық компания банкрот кәсіпорыннан дүние жүзінің уран өнеркәсібі саласындағы жетекші өндірушіге айналып, Қазақстан уран шикізатын өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шықты.
Мұхтар Жәкішев «өзіне сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салған және пара алған» деген айып бойынша 2010 жылы наурыздың 12-і күні сот үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Жәкішевтің өзі мен жақтастары қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды.