Алып алтын құс қанатын жоғары-төмен баяу қағады. Оның үстінде алтын шар ілініп тұр. Алыстан қарағанда төбедегі бұл екі экспонат Қазақстан туындағы фрагменттерді еске салады. Мұражай жұмысын осы айдың басында, Астана күніне, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орайластырып, шілденің 6-сы күні бастады.
АЙМАҚТАРДАН ЖИНАЛҒАН АЛТЫН
Кешке, мұражай жабылар алдында, кең фойеде музыка қосылып, шамдар сөндіріледі де, шұғылалы шоу - алтын құстың самғауы басталады. Келушілердің көпшілігі әсерлі көріністерді қызыға тамашалап, мобильді телефон камераларына түсіріп жатты.
Дегенмен мұражайдағы экспонаттардың барлығы бірдей есте қала бермейді. Алтындар, көне дәуір және орта ғасырлар тарихы, этнография залдарында экскурсия жетекшілері суретке түсіруге рұқсат етпеді.
Алтындар залында экскурсия жетекшілері бұдан 45 жыл бұрын Алматыға таяу Есік қорғаны қазбаларынан табылған атақты Алтын адамның бұйымдарын көрсетеді. Екінші алтындар залынан Қазақстан аумағында табылған жеті алтын жауынгерді көруге болады. Экскурсия жетекшілері олардың киімдері мен уақ-түйек әшекейлерін сипаттап, мән-мағынасын түсіндіреді. Келушілердің кейбірі «Астанаға бұл экспонаттарды қайдан әкелген және олар енді үнемі осында тұра ма?» деген сауалдар қойып жатты.
Аумағы 4 мың шаршы метрден асатын мұндай үлкен мұражай үшін экспонаттар елдің әр өңірінен әкелінгенін бұл жерде жасырмайды. «Келешекте мұражай өзінің жеке экспонаттары болуын жоспарлап отыр» дейді мұндағылар.
Азаттық тілшісіне Жезқазғанның тарих-археологиялық мұражайы қызметкерлері «Астанадан хабарласып, экспонаттар сұрағанын» айтқан еді.
- Бірақ әзірге ештеңе алған жоқ, ойланып отыр, - дейді өзінің аты-жөнін айтқысы келмеген мұражай қызметкері.
Алайда Астанадағы Ұлттық мұражайда көне заттардан өзге, қазіргі заманның экспонаттары да бар. Олар қазіргі өнер залына ғана емес, Астана және Тәуелсіз Қазақстан залдарына да қойылған. Бұл жерде Астана құрылысының зор макетін көруге болады. Бір зал келесі залға ұласып, оларды президент Назарбаевтың бейнесі біріктіріп тұрғандай әсер аласыз.
Тәуелсіз Қазақстан залында бұл елдің тәуелсіздік тарихы тек қана Назарбаевтың жеке тұлғасы арқылы көрсетілген: кездесулер мен марапаттар, оқиғалар — барлығы да президенттің қатысуымен көрсетілген. Экспозицияларды Қазақстан президентінің түрлі фотосуреттерімен толтырып тастаған.
«АРХИТЕКТУРАНЫҢ ЖАҢА ЖАУҺАРЫ»
Алғашқы жұмыс күндерінде мұражайға жүздеген адам келді. Олардың кейбірі кіреберістегі қазақ тілінде жазылған тақтайшада «мұражай» сөзінің орнына орыс тілінен кірме сөз қолданылғанына мән беріп жатты. Тақтайшадағы жазу мынадай: «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі».
Instagram әлеуметтік желісінің қолданушысы Руслан Монтыкаев тақтайшаның суретін жариялап, «Музейдің қазақшасы мұражай екенін тіпті мен білемін» деп жазған екен.
Жергілікті баспасөз ғимараттың үш жыл салынғанын жазып, оның Орталық Азиядағы ең үлкен мұражай екенін айтып жатты. Жергілікті газеттер бұл архитектуралық нысанның авторы Нұрсұлтан Назарбаев дейді. Ол ашылу салтанатында мұражай ғимараты жөнінде «қазіргі сәулет өнерінің жаңа жауһары» деген пікір айтқан еді.