Accessibility links

Қостанай басшылары тұңғыш президенттің музей қоры көрмесінің ашылуын тойға айналдырды


Облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов (оң жақта) ҚР тұңғыш президентінің мұражайы қорының көшпелі көрмесінің ашылу шарасында. Қостанай, қазан, 2009 ж.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов (оң жақта) ҚР тұңғыш президентінің мұражайы қорының көшпелі көрмесінің ашылу шарасында. Қостанай, қазан, 2009 ж.

Қостанайда облыстық тарихи-өлкетану мұражайдың күрделі жөндеуінің аяқталуы Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті музейінің қорындағы жәдігерлерден құрылған «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» деп аталған жылжымалы көрменің тұсаукесерімен тұспа-тұс келді.

Қостанайда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы толық жөндеуден өтіп, бұған дейін көрермендерге көрсетілмей келген біраз экспонаттарға мұражайдың жаңа залдарынан орын табылды.

Көрмеде негізінен ҚР Президентінің әртүрлі елдерден алған сый-сияпаттары, тартулары қойылды. Солардың ішінде Ресейдің бұрынғы Президенті Борис Ельциннің және басқа мемлекеттер басшыларының тартулары да бар. Көрермендер осы көрме арқылы ҚР Президентінің «Ақ орда» деп аталатын резиденциясының макетімен және Алматыда орнатылған Тәуелсіздік монументінің басты символы «Алтын адам» мүсінінің кішірейтілген нұсқасымен танысуға мүмкіндік алды.
ҚР тұңғыш президентінің мұражайы қорының көшпелі көрмесі. Қостанай, қазан, 2009 ж.


Көрмені ұйымдастыруға жергілікті әкімқаралар барын салды. Шашу шашылды, оркестр күй тартты, әнші-күйшілер музыкалық шашуларын тарту етті. Босағаға керілген лента қиылды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов беташар сөзін қазақ тілінде бастап, орыс тілінде жалғастырған сөзінде бұл көрменің облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға екенін атап айтты.

Көрмеге облыс орталығындағы барлық мәдени орталықтар, Ассамблеяның өкілдері, мәдениет қайраткерлері, мұғалімдер және студенттер шақырылды. Мұражай жанындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектебінің шәкірттері де аталмыш мәдени шарадан тыс қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, көрмені қызықтаушылар көп болды. Алайда, көрмені тамашалаушылар пікірі екіге жарылды.

Олардың алғашқы бөлігі: «көрме ел тарихынан сыр шертеді, көретін бұйымдар, қызықты экспонаттар баршылық» дегенге сайса, екіншілері: «тұсаукесер неге осы көрмеге ғана арналған. Облыстық мұражайдың залдарын қайта ашқаннан кейін негізгі бағыт сол мұражайға байланысты болуы керек еді, ал жылжымалы көрме тұтас мұражайдың бір бөлмесіндегі бөлім ғана емес пе?» дейді.

Қазақ тілінің маманы Айсәуле Баянғалиқызы: "Президент мұражайындағылар ресми түрде көрменің атауын «Музей қорынан» деп жазыпты. Ал облыстық мұражайдың атауы «мұражай» деп жазылған.Терминологиялық комиссия бекіткен терминдер неге ала-құла жазылады?-" деген сауал қойды.
ҚР тұңғыш президентінің мұражайы қорының көшпелі көрмесі. Қостанай, қазан, 2009 ж.


Шамасы, Президент музейі Еуропаға жақын атауды қалдырғанды жөн көрген болуы керек.

Атын атауды қаламаған енді бір қостанайлық тұрғын: «Астанада «Қазақ елі» монументі ашылып, оған Елбасының мүсіні қойылғаннан кейін ұйымдастырылып жатқан бұл көрме Елбасының есімін есте қалдыру бағытында жасалып жатқан оқиғалардың жалғасы тәрізді. Дәл осы көрменің Қостанай халқы үшін ешқандай маңызы жоқ секілді» деген пікірін білдірді.
XS
SM
MD
LG