Шебер Әл-Фарабидің саз аспабын жаңғырттым дейді

Арғынбек Ахметжанов, музыкант, шебер. Семей, 12 желтоқсан 2011 жыл

Семейлік домбыра шебері Арғынбек Ахметжанов орта ғасыр дәуірінде өмір сүрген ғұлама ғалым Әл-Фарабидің музыка теориясына сүйене отырып, жаңа саз аспабын жасадым деп санайды. Жаңа музыка аспабына ол «әлфара» деген атау берді.

Шебер «кезінде Әл-Фарабидің өзі ойнаған» саз аспабын жасау үшін 15 жыл уақыт жұмсағанын айтады. Ол бұл аспапты жасардың алдында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің еңбектерін зерттеген, арнайы әдебиеттерді оқыған, ағаш ойып, қажет үлгінің сызбасын жасаған.

Арғынбек Ахметжанов Әл-Фарабидің жазбаларымен танысқан. Шебердің айтуынша, ғұлама ғалым адамдармен әңгіме-дүкен құрған кезінде өз қолымен жасаған саз аспабында ойнайтынын айтқан. Бұл саз аспабының концепциясы мен құрылымын ол музыка жөніндегі трактаттарында таратып жазғанын сөз еткен.

- Әл-Фараби өзінің естелігінде бұл саз аспабының жиналмалы-құралмалы екенін де айтады, - дейді шебер. - Саз аспабында ойнаудың алдында, Әл-Фараби оның бөлшектерін біріктіріп, құрап отырған. Мен оның бұл ерекшелігін сақтап қалуға тырыстым. 18 түрлі жарты тон астасып жататын домбырамен салыстырғанда, мұнда 12 түрлі жарты тон бар. Бірақ, бұл оның колориті жұтаң деген сөз емес, - дейді Арғынбек Ахметжанов.

«ӘЛФАРАҒА» ПАТЕНТ ҚАЖЕТ

Қазір Арғынбек Ахметжанов саз аспабына патент алу үшін құжаттарын жинастырып жатыр. 75 жасқа келген шебер 100-ге жуық домбыра жасаған екен. Домбыра жасау ісінің құпиясын оған әкесі Ахметжан үйретіп кеткен. Әкесі оған тек домбыра жасау ғана емес, киіз үйдің ағашын жасауды, қамшы өруді, атқа керек ер-тұрман, айыл-жүген, тіпті, аяқ киім тігуді де үйретіп кеткен. Арғынбектің бала кезінде олардың отбасы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Саржал ауылында тұрған.

Орта мектепті бітірген соң Арғынбек Семейдегі педагогикалық училищеде музыка сауаттылығына үйренген соң, педагогикалық институтқа оқуға түседі.
Шебер студент кезінде Абай мен Шәкәрімнің, Әуезовтің шығармаларын көп зерттегенін айтады. Олардың өлеңдеріне ән жаза жүріп, әндерді ерекше, жетік етіп орындау үшін ерекше саз аспабын іздестіреді.

Ондай саз аспабының бар екенін ол тұңғыш рет, ғұлама ғалым Әл-Фарабидің естелігінен оқиды. Сол күннен бастап, шебердің өз сөзімен айтқанда, оның бүкіл ғұмырына жалғасқан ізденіс кезеңі басталған.

ДЕБЮТ

2011 жылғы қарашының 25-і күні шебер өзінің мерейтойына арналған концерттік бағдарлама кезінде, қалың көпшілік алдында әл-фара саз аспабын тұңғыш рет тартты. Қалалық филормания залына жиналған көпшілік алдында танымал әншілер Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтың өлеңдеріне жазылған Арғынбек Ахметжановтың әндерін шырқады.

Қалалық филармония директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері, сазгер, филармонияның қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің жетекшісі Оразғали Сейітқазинов әріптесінің жетістігі туралы былай деді:

- Әлфара ерекше саз аспабы болып шыққан. Оның үні тереңнен шығады, ойлы, жұмсақ. Әлфараны домбырамен салыстыруға келмейді:олардың құлақ күйі әртүрлі, ішек саны да сәйкес келмейді. Сондықтан үндері де түрліше. Әлфара үшін тұтас концерт, музыкалық спектакль жазып, оны халық эпосын жырлаушы солист ретінде пайдалануға болады.

Шебер туралы телесюжет түсірген «Қазақстан» телеарнасының редакторы Ержан Жақыпов Азаттық радиосына берген сұқбатында:

- Әлфараның дүниеге келу тарихын әңгімелеген соң, шебер бұрын біз көріп-білмеген беймәлім саз аспабын көрсетті.Саз аспабына шебердің қолы тиген сәтте-ақ айналада адам сенгісіз тыныштық орнады. Көшенің шуы, адамдардың дауысы бір-ақ сәтте жоғалып кеткендей әсер туды. Сол сәтте әлфара өзіне ғана тән шабытпен үн қатты. Мен сазгер, сыншы, я музыка маманы да емеспін. Бірақ, мен естіген саз аспабынан шыққан үннің ғажаптығы сонша, уақыт тоқтап қалғандай әсерде қалдым, - деді.

Your browser doesn’t support HTML5

Әлфараның үні