Accessibility links

Белгілі домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның өткен жылға өкпесі жоқ


"Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, домбырашы Айгүл Үлкенбаева
"Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, домбырашы Айгүл Үлкенбаева

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Үлкенбаева 2009 жылы өзінің этно-фольклорлық «Керулен» тобымен Қазақстанның алыс- жақын ауылдарын араламақшы.

Айгүл Азаттық радиосына берген жаңа жылдық сұхбатында өзінің көзін ашқаннан қазақтың қара домбырасымен бірге келе жатқанын айтқан еді:

- Ес білгелі бері айналысқаным - осы домбыра. Шынашақтай болып, бала - бақшаға барған кезімнен бастап қолымнан домбыраны тастаған емеспін. Мен басында біреу ойнап отырса, жағаласып ойнағанды жақсы көретінмін. Себебі, кішкентайымыздан, естігеніміз - қазақтың әні мен күйі. Сондықтан мектепте де көркемөнерпаздардың белсенді мүшесі болдым, әлі есімде, бірінші сыныпта –ақ оркестрдің құрамында болғаным.

Айгүл алғашқы күйлерін әпкесі жинаған үнтабақтардан үйреніпті. Ол кезде нота дегенді білмейтін жеткіншек, сол шығармаларды тыңдау арқылы орындауға дағдыланады. Домбыраға, күйге үйір болуым ең алдымен әкемнің арқасы дейді күйші.

-Шынымды айтсам, өмірдегі ең алғашқы тыңдарманым, сыншым, ақылшым - ол менің әкем. Мен ол кісімен үнемі ақылдасып отырамын. Жаңа күй үйренсем, оны тыңдатып, пікірін біліп отырамын.

Айгүл Үлкенбаеваның Қазақстанда және одан тыс жерлерде де шебер домбырашы ретінде танылғанына да біраз болды. Өз өмірінің басым бөлігі концерттер мен түрлі мәдени шаралардан тұратын күйші өткен жылға өкпесінің жоқ екендігін айтады:

- Шынымен де әркім жылдың соңына келгенде, ойша болса да өзінің не істеп, не тындырғанын қорытындылап отырады. Мен де ой жүгіртіп отырсам, өткен жыл жаман жыл болған жоқ. Екі дискім жарық көрді. Оның үстіне өзімнің құрған жеке мектебімнің оқушылары жақсы жетістіктерге жетті. Сонымен бірге этно-фольклорлық «Керулен» тобы өткен жылы концерттік сапарларға шықты. Жалпы өткен жылға көңілім толады.
Айгүлдің "Керулен" этно-фольклорлық ансамблі. Алматы, 2009 жыл


«Керулен» деген атауы құлаққа ерекше естілетін бұл бірегей өнер ұжымының мазмұндық, орындаушылық өзгешелігі жайында Айгүл Үлкенбаева былай дейді:

- «Керулен» тобы бұл Алтайдан Атырауға дейінгі Қазақстанның барлық рухани мәдениетін, саз аспаптарын, түрлі орындаушылық мектептерін солардың рухани аясын қамтитын бірегей өнер ұжымы. Байырғы Түркілердің қонысы, қазіргі мына Моңғолияның территориясында жатқан Керулен өзенінің атауымен аталған. Ондағы мақсат – біздің сонау түркілерден бастау алған Тоныкөк, Күлтегін, Шыңғыс хан сияқты ұлы бабаларымыздың рух отын сөндірмей, соны қайта тұтату, сөйтіп, сол кездің сазын қазіргі талап-талғамға сай қайта жаңғырту болатын.

Бүгінде қазақтың күйлерін әрлеп, жаңа қырынан танытып жатқан өнер иелері баршылық. Осы ретте Айгүл бұл өте жақсы үрдіс екендігіне тоқталады.

-Бұл қазақ домбырасын тыңдаушылардың аясын ұлғайтады. Қазіргі кезде эстрадаға қосып орындау кең қанат жайды ғой. Жақсы, бұл қуанарлық жайт. Себебі, бұрын біздің тыңдармандарымыз негізінен үлкен адамдар болса, қазіргі таңда жастар да құлақ асатын болды. Жалпы эстрадаға жататын күй бар, жатпайтын күй бар. Оны таңдай білу керек, орындаған кезде негізгі нұсқасынан ауытқымау керек. Сондай жағдайда ғана біз домбыраның мүмкіндігін ашып көрсете аламыз.
Этно-фольклорлық "Керулен"тобы


Айгүл Үлкенбаева соңғы 3 жылдан бері өзінің домбыра мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Өнермен бірге ұстаздық кәсіпті қатар алып жүрген ол домбырашыларды дайындаудың неғұрлым ескі, халықтық тәсілін қолданудың тиімді екендігіне көз жеткізген.

-Үлкендерден көріп, естіп, үнтаспасын тыңдау арқылы үйренген тәсіліміз - құймақұлақтық тәсіл. Мен өз шәкірттерімді осы тәсілмен үйретудемін. Бұл біріншіден, баланың есте сақтау қабілетін дамытады. Екіншіден, осындай жолмен үйренген нәрсе есінде мәңгі сақталады. Мысалы, нотамен үйренген бала мен аталмыш тәсілмен үйренген баланың ойнау қабілеті екі түрлі болады екен.

Әңгіме соңында домбыраның тоғыз пернесін қоңыр күйдің күмбір үніне толтырған талант пен өнер иесі Айгүл Үлкенбаеваға жаңа жылда да жаңа табыстарға жете беруіне тілектестік білдіре отырып, "Керуленнің" шығармашылық керуен сапары алға баса берсін дегіміз келеді.

XS
SM
MD
LG