Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық кеңеске сауалы түрлі болжамдарға жетеледі. Сарапшылардың кейбірі «бұл сауал кезектен тыс өтетін сайлаудың белгісі» десе, кейбірі өзі білетін жауапты өзгеден сұрау - нонсенс» дейді
«КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУДЫҢ БЕЛГІСІ»
Ақпанның 4-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңестен Конституциядағы «президент өкілетінің тоқтауы туралы 42-бабы 3-тармағын түсіндіруді» сұраған.
Конституцияның бұл тармағында «президент өкілеттігі жаңадан сайланған ел президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы президенттерінің бәрі, қызметінен кетірілгендерден басқасы, Қазақстанның экс-президенті деген атағы болады» деп жазылған.
Конституциялық кеңес заң бойынша өтінішті түскен күннен бастап үш ай ішінде қарайды. Егер мәселе кейінге қалдыруға болмайтын, шұғыл қаралуы керек болса, кеңес президенттің талап етуі бойынша өтінішке он күнде жауап қайтарады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық кеңеске жолдаған сауалы баспасөзде жарияланысымен түрлі жорамалдар пайда болды. Соның ішінде «кезектен тыс сайлау өтуі мүмкін» деген болжамдар көбейді. Азаттық тілшісі сөйлескен саяси сарапшылар оның бірнеше саяси астары бар деп санайды.
Осыған дейін Азаттыққа «2019 жылы кезектен тыс президент сайлауы өтуі мүмкін» екенін бірнеше рет айтқан бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев «президенттің сауалы кезектен тыс сайлаудың тағы бір белгісі» деп санайды.
- Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы сұқбатында президент сайлауы 2020 жылдың желтоқсан айында болады деген. Ал Конституция бойынша президент бес жыл мерзімге сайланады және сайлау желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өтеді. Соңғы президент сайлауы 2015 жылдың сәуірінде өтті. Ендігі сайлау 2020 жылы желтоқсан айында өтсе, онда президент өз қызметінде сегіз ай артық, яғни сегіз ай заңсыз отырған болып шығады. Сондықтан сайлау биыл, 2019 жылы желтоқсан айында өтіп, президент 2020 жылы сәуір айынан бастап іске кірісуі тиіс. Меніңше, Конституциялық кеңестен осы мәселені нақтылап алуды сұрап отыр,- дейді ол.
Қазбек Бейсебаев президенттің сұрауын биыл ақпанның 27-сінде өтетін «Нұр Отан» партясының съезімен де байланыстырып отыр. Сарапшы президенттің бұл әрекетін съезд алдындағы дайындық деп есептейді.
Қазбек Бейсебаевтың сөзінше «Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі сайлауға қатысатыны немесе қатыспайтыны осы съезде жариялануы» мүмкін.
- Бұл сұраудың нәтижесі қандай болса да бір жайт анық байқалады. Өз өкілеттігінің қашан аяқталатынын сұраудың өзі - Назарбаев дәуірінің аяқталғанын көрсетті,- дейді Қазбек Бейсебаев.
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева «Назарбаевтың өзі президент сайлауы мерзімінде өтеді дегеніне қарамастан қазіргі кезде кезектен тыс президент сайлауын биыл өткізудің барлық белгісі бар» деп есептейді.
- Менің ойымша, президент элитаның ішінде талқыланып жатқан кей мәселені жария түрде шешіп алғысы келетін тәрізді. Саяси элитаның ішіндегі бейресми қатынастардың рөлі жоғары екенін ескерсек, осындай сұрақ арқылы қандай да бір шешімді көпшілік алдында шешіп алу керек болғанға ұқсайды. Бұл мәселені көпке жарияламай-ақ та шешуге болар еді. Меніңше президент кулуардағы келісімдерге жол бермейтінін, барлығы құқықтық нормалар бойынша жүзеге асатынын көрсетіп, бұл мәселеге нүкте қойғысы келген болар,- дейді ол Азаттыққа.
«КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТЕН СҰРАУ - НОНСЕНС»
Саясаткер Әміржан Қосанов болса президенттің сұрауы кезекті ойын деп санайды. Оның пікірінше президенттің өзіне бағынышты Конституциялық кеңеске сұрау салуы – саяси мимикрия.
- Егер ол дербес шешім қабылдайтын тәуелсіз конституциялық сот болса, онда мәселе басқа. Қазіргі Конституциялық кеңес президент қалай айтса, солай шешім қабылдайтыны белгілі. Сондықтан бұл сұрақ – нонсенс,- дейді ол.
Әміржан Қосановтың пікірінше «президент сұрауының» астарынан үш мәселе байқалады. «Біріншісі, биологиялық себеп - президенттің денсаулығына, жасына байланысты. Екіншісі, кланаралық тартыстың ушығып, президентке бағынбай бара жатқандығында. Жаппай жемқорлық пен әлеуметтік, экономикалық проблемалардың көбеюі, елдің әр тұсындағы трагедиялық жағдайлардың саяси астар ала бастауы да осындай шешім қабылдауға әсер етеді. Үшінші мәселе, Қазақстандағы билік форматын бақылап отырған Ресейдің ықпалы байқалады».
Әміржан Қосанов «президенттің сұрауы» кезектен тыс сайлаудың айқын белгісі деп есептемейді.
- Қазақстан билігі орнықтырған қазіргідей жағдайда бәрі де мүмкін. Президент бұл сұрақты кезектен тыс сайлау өткізу үшін де, өткізбеу үшін де пайдалана алады,- дейді ол.
Кезектен тыс президент сайлауы өтуі мүмкін дейтін сарапшылар, оны биыл ақпанның 27-сіне өтеді деп жарияланған «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезімен де байланыстырады. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейінгі сайлаулар алдында «президент сайлауына қатысатыны жайлы» «Нұр Отан» партиясының съезінде хабарлап келген болатын.
Кейбір саяси болжамдарға қарағанда Нұрсұлтан Назарбаев мұнан кейін президент сайлауына қатыспай, Конституцияда көрсетілген «Тұңғыш президент - Елбасы» статусын пайдалануына да болады. Конституцияға «Тұңғыш президент - Елбасы» ұғымы енгізілгеннен бастап, оның статусы жайлы бірнеше рет жетілдіріліп, қосымша өкілеттіктер берілген. Нұрсұлтан Назарбаев «Тұңғыш президент - Елбасы» статусымен Қазақстан қауіпсіздік кеңесін өмір бойына басқара алады. Ал қауіпсіздік кеңесінің құрамына келесі президент те, премьер-министр де кіреді.
78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды Совет дәуірінен бері 30 жылға жуық басқарып келеді. Ол ресми мәлімет бойынша 2015 жылғы президент сайлауында 97 пайыз дауыс алып, бесінші рет сайланған.
2018 жылы ол қазақстандық журналистерге берген сұхбатында «Қазақстанда кезектен тыс сайлау жоспарланбағанын» айтқан. Ал былтыр Финляндияға барған сапарында «алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспайтыны туралы кейін жариялайтынын, 2020 жылға дейін әлі уақыт барын» айтқан.
P.S. Мақала жарияланғаннан кейін президент Назарбаев не себепті Конституциялық кеңеске өтініш білдіргенін орыс тілінде түсіндірді. Президенттің айтуынша, Конституциялық кеңеске жүгіну - мемлекет үшін әдеткі мәселе. 1995 жылы Конституция қабылданғаннан бері Конституциялық кеңеске 220 өтініш түскен. Оның ішінде 22 өтініш президент тарапынан берілген. Заң бойынша Конституциялық кеңес Конституция мен заңдардағы олқы тұстарды түсіндіріп беруге құқылы. "Бұл да сондай кезекті әдеткі жағдай" деп қайталаған Назарбаев өзінен Конституцияда президентті алмастыру жолдары айқындалмағанын сұрайтындар бар екенін айтты. "Бәлкім, мен қызметті тастап отставкаға кетуім керек шығар, бірақ бұл айқындалмаған. Мен Конституциялық кеңестен осыны түсіндіріп беруін сұрадым" дейді президент Назарбаев. Президенттің айтуынша, мұндай мәселе әлем елдері конституцияларында бар. "Қазір бәрін де сайлау, транзит мәселесі қызықтырып отыр. Бұл туралы шулаудың қажеті жоқ" деген Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияны және президент туралы заңды оқуды ұсынған. "Конституция бойынша президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас" деп екіұшты пікір білдірген Қазақстан басшысы.