АТЫ-ЖӨНІ АТАЛҒАН ТҰЛҒАНЫҢ КЕЛІСІМІ
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев таныстырған БАҚ мәселелеріне қатысты заң жобасы журналистерді таратылатын ақпараттың шынайылығын сауалдар жолдау арқылы тексеруге және жеке өмірі, отбасы, банк және басқа да құпиялары туралы ақпаратты БАҚ-та жариялау үшін мақалаларда аты-жөні аталған тұлғалардың келісімін алуға міндеттеуді ұсынады.
Министр Абаевтың пікірінше, адамның дербес деректері, жеке өміріне қатысты мәліметтер "тек оның келісімімен жариялануы тиіс" және бұл - "қалыпты практика". Бірақ құпия дегеннің не екенін кім және қалай анықтайтыны, қандай деректер құпия деп жариялануы мүмкін екені қазіргі уақытта әзірше түсініксіз.
- Егер біз бұл мәселені алып тастасақ, жұрттың бәрі жапатармағай банктердегі есеп-шот нөмірлерін сұрай бастайды, ал бұл онша дұрыс болмайтын сияқты, сондықтан бұл мәселеге қатысты үлкен проблема жоқ, азамат ондай деректерін жариялай алады, меніңше, бұл жерде оның келісімі керек. Біз әлемдік тәжірибені зерттеп, ұзақ ойландық. Әлемдік тәжірибе азаматтардың жеке бас мәліметтерін жариялауға олардың келісімі қажет екенін көрсетіп отыр, - деді Дәурен Абаев.
Мемлекеттік органдарға жолданған журналистік сауалға жауап беру жылдамдығына қатысты тағы бір өзгеріс енгізілуі мүмкін. Егер бұл норманы қолданыстағы заңға енгізсе, онда ресми жауапты қазіргіден төрт есе ұзақ уақыт – екі апта бойы күтуге тура келеді. Бірақ министр Абаевтың уәде етуінше, жергілікті журналистер есесіне "сапалы ақпарат" алатын болады. Оның сөзінше, мемлекеттік органдардың үш күн ішінде қайтарған жауаптарын талдау барысында оның "80-і көңіл толмайтын жауап болғаны" анықталған.
Үш күндік мерзімді қалдыруымызға болушы еді, онда сіздер ылғи көңіл толмайтын жауап ала беретін едіңіздер.
- Егер сіздер журналист ретінде жолдаған сауалдарыңызға шынымен сапалы жауап алғыларыңыз келсе, сіздер уақыт беруге тиіс боласыздар – бұл қалыпты практика. Үш күндік мерзімді қалдыруымызға болушы еді, онда сіздер ылғи көңіл толмайтын жауаптар ала беретін едіңіздер, - дейді Дәурен Абаев.
Тағы бір ұсынысқа сәйкес, егер үстінен сотқа дейінгі шағым түскен БАҚ бес күн ішінде басылымның бас парағында даулы ақпаратқа қатысты терістеу жарияласа, онда оны жауапқа тартпайды.
"ФАКТІЛЕР БОЛСА – АЛҒА!"
Депутаттар алдында заң жобасын таныстыру кезінде министр Абаевқа сұрақ қою мүмкіндігін кей журналистер ғана пайдаланды. "Жеке басқа қатысты кез-келген ақпаратты таратуға келісім сұрау журналистік зерттеулерді құрдымға жібереді" деп мәлімдеп, Ratel.kz сайты тілшісі Болат Әбілқасымов ғана наразылық білдірді.
- Біз бәрін тамаша түсінеміз, сіз "Құқық қорғау органдарына жолдаңдар" дейсіз. Қазақстандықтардың офшорлық есеп-шоттарына қатысты жанжал шыққан кезде қай мемлекеттік орган тексеру бастады, әлгі іс бойынша тергеу жүргізілді ме? Жүргізілген жоқ, ал ондай кезде не істеу керек? Сіздер бізді шектей бересіздер, ел үшін өмірлік маңызы бар дүниелерді тексерейік десек, шектейсіздер, әлдебір коррупцияға қарсы әлдебір материалдарды жариялауды шектейсіздер, - дейді Болат Әбілқасымов.
Бұған ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев былай деп жауап қатты:
- ...Ал ондай шулы істерге қатысты зерттеу жүргіземіз десеңіздер сіздерге кім қой деді? Ешқашан тоқтатпайды - тексеріңіздер, егер қолдарыңызда фактілер болса - алға. Ал банктегі есеп-шотына қатысты сауал жолдау арқылы әлдебір жаңа оффшорлық есеп-шоттар таба алмайсыздар. Бұл жерде әңгіме Қазақстанның ондаған, мыңдаған азаматы жайлы болып отыр, олар үшін банк құпиясы - қалыпты практика.
Былтыр бүкіл әлем елдері саясаткерлерінің офшорлық есеп-шоттары туралы "Панама құжаттарынан" тарап кеткен деректер көптеген жанжал мен аты шулы отставкаларға ұласқан болатын. Қазақстанда халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) жүргізген зерттеу материалына қатысты реакция туған жоқ. Кей деректерге сәйкес, офшорлық аймақтарға қатысты аталған адамдар тізімінде елден 260 жеке тұлға, он шақты компания бар. Әлгі құжаттарда дербес мәліметтері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен жиені Нұрәлі Әлиевпен аты-жөні ұқсас офшор иелері аталған. Ол кезде Қазақстан бас прокуратурасы ICIJ материалдарында баяндалған деректерге қатысты Азаттықтың сауалына "тексерумен айналысып жатқан жоқпыз" деп мәлімдеген.
Оқыңыз: "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның аты жүр
Қазақстанда әлгі тексеру туралы санаулы ақпарат құралдары ғана жазған. 2011 жылдың аяғында Жаңаөзен қаласында болған қайғылы оқиғалар жайлы оппозициялық және тәуелсіз басылымдар хабар таратқаннан кейін 2012 жылдан бері елде ондаған БАҚ жабылды.