Назарбаевқа дауыс беруге үгіттеген мүгедектің ақысы

Үшінші топтағы мүгедек Әлімхан Мүліков. Алматы облысы. 17 шілде 2011 жыл.

Президент сайлауы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы атынан үгітші болған ІІІ топтағы мүгедек Әлімхан Мүліков әлі күнге дейін уәде етілген ақысын ала алмай жүр. Ал бұл іске жауапты адамдар оның үгіт жұмысына ерікті болып тіркелгенін айтады.

Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылында тұратын Әлімхан Мүліковтің оң қолы шынтағынан төмен қарай жоқ. Ол 2006 жылы Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімде пропорщик болып қызмет істеп жүріп науқасқа шалдығып, қолын кестірген екен.

«5 АДАМҒА – 20 МЫҢ ТЕҢГЕ»

– Дәрігерлердің қойған диагнозы – қатерлі ісік жарасы, – дейді Әлімхан Мүліков.

Оның айтуынша, бұл – Семей полигонының салдарынан болған дерт. Әлімхан бұрынғы Семей облысына қарасты Шұбартау ауданы Айғыз ауылында туып-өскен. Әскери қызметте жүргенде тайып жығылып, қолын сындырып алады. Сол сынық кейін жараға ұласып, бір жыл бойында химиялық-терапиялық ем алған.

– Қанша ем алсам да еш дауа болмады. Жара керісінше асқына түсті. Дәрігерлер «Егер қолыңды кестірмесең өлесің. Өміріңе кепілдік бере алмаймыз» деді, – дейді Әлімхан Мүліков.

Осылайша 2007 жылы оң қолынан айрылған Мүліков дәрігерлер берген «Үшінші топтағы мүгедек» деген анықтама бойынша тағайындалған 19 мың теңгеге қарап отыр. Отбасында үш бала бар. Әйелі – балабақшада тәрбиеші, жұмысы - Алматыда.

Айлық кірістері шығындарынан әлденеше есеге асып түсетіндігін, бұл күнде айналадағы азық-түлік дүкендеріне түгел дерлік қарыз екендіктерін айтқан сұхбаттасымыз:

– Зайыбымның жалақысы - 28 мың теңге. Оның тең жартысы жолақыға кетеді. Бензин қымбаттағалы таксилер де бағаны көтеріп алды. Ал менің 19 мың теңгемнің 15 мыңы үйдің коммуналдық қызметіне жұмсалады. Сонда орташа кіріс 20 мыңға да толмай қалады. Осы ақшаны бес адамға бөліп көріңіз, – дейді.

Әлімхан Мүліков аудандық, облыстық медициналық-әлеуметтік сараптама орындарына өзін бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер қатарына қосуын сұрап, қанша өтініш жазса да, еш нәтиже шықпағанын айтады.

– Дәрігерлер «қолың жазылып кетті, енді ауырмайды» деп тым болмағанда екінші топтағы мүгедектікті растайтын анықтама бермей отыр. Сонда менің қолым өсіп келе ме! Егер сол қолым болса, бір жөн. Оң қолым ғой. Ең аяғы аула сыпыруға да алмайды. Сонда дәрігерлер қалайша «жұмысқа жарамды» деп отырғандарын түсіне алмадым, – дейді Мүліков.

«ЕРІКТІ» ҮГІТШІЛЕР

Әлімхан Мүліков президент сайлауы қарсаңында «Нұр Отан» партиясының үміткері, қазіргі президент Назарбаевқа қолдау білдіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Оны бұл жұмысқа ауылдық «Мир»
Фатима Режетқызы, "Мир" көпбалалы әйелдер қоғамының жетекшісі. Алматы облысы, 17 шілде 2011 жыл.

көпбалалы әйелдер қоғамының жетекшісі Фатима Режетқызы тартқан. Қазір осы қоғамның аясында жұмыс істеген 20 адам түгел дерлік өздеріне тиесілі ақшаларын ала алмағандықтарын айтып отыр.

Олардың қолдарында Іле аудандық штаб төрағасы Әмзе Исаев берген куәліктері бар. Ол куәлікте үгітшілердің ерікті түрде тіркелгені жазылған. Алайда шағымданушылар аудандық сайлау штаб бастығы Әмзе Исаев «Сіздерге де ақша төленеді, қазір бұл мәселе облыста қаралып жатыр» деген болатын» дейді.

«Ерікті тіркелген» сөзі он үш үгітшінің куәлігінде жазылыпты. Қалған жетеуінде ондай сөз жоқ.

– Егер барлық мәселе осы «ерікті тіркелген» сөзіне тіреліп тұрса, онда қалған жетеуімізге берсін, – дейді ақшасын ала алмай жүрген жандар.

– Басында ақша туралы сұрағанымызда «төленеді» деді. Азын-аулақ ақша болса да, отбасылық кіріске сеп болсыншы деп істеген едім. Біз күн сайын атқарған жұмыстарымыз жайлы Исаевқа, аудан әкімі Логутовқа есеп беріп отырдық. Тіпті үгітшіге керек қағаз-қаламнан бастап скотчқа дейін өз қалтамыздан сатып алған болатынбыз, – дейді Әлімхан.

Сайлау күні Әлімхан Мүліков Жетіген ауылдық округіне қарасты Құйған елді мекенінде «Нұр Отан» партиясы атынан таңғы сағат 6-дан кешкі 20-ға дейін бақылаушы болып отырған.

– Ауылдың да, ауданның да әкімі әр жиналыс сайын біздің қызметімізге ақша төленетіндігін, облыстан қарастырылып жатқандығын жиі айтып отырды. Ал қалай сайлау бітті, солай сөздерінен тайқып шыға келді, – дейді Әлімхан Мүліков.

Үгіт-насихат жұмысына бастан-аяқ қатысқандардың бірі – Айгүл
Жетіген ауылының тұрғыны Айгүл Бабаханова. Алматы облысы, 17 шілде 2011 жыл.

Бабаханова. Үгіт науқаны кезінде оны ит қауып алыпты. Ит тісінен қалған тыртықты көрсеткен Айгүл Бабаханова:

– Ит қабуға қатысты сотқа шағым жазған болатынмын. Алайда «анықталмады» деп, істі әлдеқашан жауып тастапты. Оның өзін жақында білдім. Сонда ит қапқаны туралы дәрігердің анықтамасы, мені сүйемелдеп ауруханаға жеткізген куәгерлердің сөзі қайда қалған. Әлде олар «қаптың ба» деп иттен сұраған ба? – деп налиды.

КІМ «ЖЫНДЫ»?

«Мир» көпбалалы әйелдер қоғамының жетекшісі Фатима Режетқызы өзінің бұл іске аудандық сайлау штаб бастығы Әмзе Исаевтың ұсынысы бойынша кіріскендігін, аудан әкімі Н. Логутов та уәде бергендігін айтады.

Ал аудан әкімі Логутовтың сөзінше, заңды түрде жұмыс істеген 36 адамның тізімі жасалынып, тиесілі ақша әлдеқашан төленген. Алайда Фатима Режетқызы:

– Ол тізімді біз де көрдік Тізімге үйінде екі аяғынан аттап баса алмай жатқан зейнеткерлердің де фамилиясын енгізіп жіберіпті. Көзіммен көрдім,- дейді.

Ал Іле ауданының әкімі Логутов аудандық ауруханадан алған анықтамасын көрсетіп, Фатима Режетқызына дәрігер «ұстамалы ауру» деген диагноз қойғанын айтты.

Бөгде адамның үстінен мұндай анықтама қағазды қалай алғанын сұраған Азаттық радиосының тілшісіне:

– Бәрін де алуға болады, – деп жауап қатты аудан әкімі.

Фатима Режетқызы аудан әкімінің өзін жұрт көзінше «жынды» деп кемсіткенін, енді сотқа шағымданатынын айтып отыр.

Телефон арқылы хабарласқан Азаттық радиосының тілшісіне Жетіген ауылдық округінің әкімі Еркін Жақашев:

– Мен Фатима Режетқызына басында айтқанмын. «Жиырма адамға төлейтін ауылдық бюжетте ақша жоқ» деп. Бәрін ұйымдастырған – өзі. Өзі тауып берсін, – деп қысқа қайырды.