Польша астанасы Варшава қаласында орналасқан «Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы осы аптада түрмедегі ақын әрі диссидент Арон Атабектің құқығын бұзу фактілері туралы баяндама жариялады. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Атабекке тиісті медициналық көмек көрсетуге, оған қысым жасауды тоқтатуға және рақымшылық жариялауға шақырады.
«АШЫҚ ДИАЛОГ» БАЯНДАМАСЫ
Жаза мерзімін әуелі Қарағанды облысындағы түрмеде өтей бастаған Арон Атабекті билік бір түрмеден екіншісіне бірнеше мәрте ауыстырды. Қоғам белсенділері Қазақстан билігінен оны отбасына жақын жерге - Алматы маңына ауыстыруды сұраған. Бірақ билік оны диссиденттің бұрынғы отырған түрмесінен де алыс Павлодар тергеу абақтысына этаппен жөнелтті.
Халықаралық құқық қорғаушылар «Атабекті бір түрмеден екіншісіне үнемі ауыстыруды диссидентке қысым көрсету тәсілі ретінде бағалауға болады. Соңғы екі жылда Арон Атабек Қаражал, Арқалық, Қарағанды және Павлодар сияқты төрт түрлі қаладағы түзету мекемесіне ауыстырылды. Ал Қазақстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) Атабекті түрмеден түрмеге ауыстырудың заңды негіздерін көрсетпейді» деп санайды.
Атабекті бір түрмеден екіншісіне үнемі ауыстыруды диссидентке қысым көрсету тәсілі деп бағалауға болады.
Олардың баяндамасында «оппозициялық өлеңдер топтамасын жариялағаннан кейін Арон Атабекті Қазақстанның тәртібі ең қатал түрмесі Арқалық қаласындағы бір кісілік камераға екі рет қамаған» деп жазылған.
Халықаралық құқық қорғаушылар «Арон Атабектің денсаулығы нашарлап кетті» деген хабарларға да алаңдайды. Биыл жазда оның ұлы Асқар Айдархан «тергеу абақтысы қызметкерлері әкемнің басы мен арқасынан ұрған» деп мәлімдеді. «Қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалмады.
Туыстары мен жергілікті құқық қорғаушылардың Атабекті стационарлық ауруханада емдеу туралы өтініштеріне билік «тұтқынның денсаулығы жақсы, емделуге мұқтаж емес» деп мәлімдеді. Бірақ Арон Атабекке церебросклероз және остеохондроз диагнозы ресми түрде қойылған. Жергілікті құқық қорғаушылар жолдаған сауалға Қазақстан омбудсмен кеңсесі «Арон Атабекке тиісті медициналық көмектің бәрі көрсетілген» деп жауап берді.
БАЛДАҚҚА ТЫЙЫМ
Ал Атабек өз хатында «тіземнің буыны ісіп кетіп, жүріп-тұруым қиындады» дейді. Ол туыстарынан балдақ немесе сүйеніп жүретін таяқ жіберуді сұраған. Бірақ колония әкімшілігі Арон Атабекке құқық қорғаушылар жіберген балдақты пайдалануға тыйым салған.
«Ашық диалог» ұйымы баяндамасында «Дәрігерлер Атабектің аяқ буыны «толық жазылып-бүгіледі» деген ұйғарым жасады. Ал абақты әкімшілігі оған құқық қорғаушылар жіберген балдақты пайдалануға тыйым салды. Түрме қызметкерлері диссиденттің жазған өлеңдерін тартып алады. Халықаралық міндеттеме алғанына қарамастан, Қазақстан билігі Арон Атабекке қатысты қатыгез әрекеттерді көремегенсіп отыр» делінген.
Қазақстан билігін бұл жайттарды толық тексеруге халықаралық Pen International ұйымы да шақырды.
«Ашық диалог» ұйымы Арон Атабектің денсаулығын «Шекарасыз дәрігерлер» және «Халықаралық Қызыл крест» ұйымы өкілдерінің қатысуымен толық тексеріп, оған тиісті медициналық көмек көрсетуге шақырады.
Ұйым амнистия туралы келесі заң қабылдағанда Арон Атабекті рақымшылыққа ілігуге құқығы бар тұтқындар тізіміне енгізуді ұсынады.
«Ашық диалог» құқық қорғау ұйымы сарапшысы Игорь Савченко Азаттық тілшісіне Арон Атабекке қатысты жағдай туралы комментарий берді. «Билік заңды өзінің саяси ыңғайына бейімдеп алғандықтан, түрмеде отырған Арон Атабек өзін заңды әдістермен қорғай алмайды. Атабектің мемлекеттік органдарға берген өтініштерінен нәтиже шықпай отыр. Өйткені олар билікке тәуелді әрі сараптамаларын тәуелсіз қоғамдық және халықаралық ұйымдарды қатыстырмай өткізеді. Түрмеге барып, Атабектің халін өз көзімен көрмеген омбудсменнің өзі «тиісті медициналық көмектің бәрі көрсетілген» деп мәлімдейді» дейді ол.
Құқық қорғаушылар тиісті медициналық көмек көрсетпеуді қатыгездік пен азаптау әрекеттеріне теңейді. Савченконың айтуынша, «Арон Атабектің ісі - биліктің адамды саяси көзқарасы үшін азаптау мен қудалау әрекеттерін тексергісі келмейтінінің тағы бір дәлелі».
ҚАЖК ПОЗИЦИЯСЫ
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов Арон Атабектің жағдайынан хабардар. Хасеновтың айтуынша, тұтқынға тиісті ем жасалған әрі оның құқығы бұзылмаған.
Атабек бұрын отырған колония әкімшілігі мен Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және ҚАЖК басшылығы да осы тақілеттес пікір айтады. Хасеновтің айтуынша, мүшелері биыл жазда Арон Атабекпен кездесіп қайтқан Павлодар облысы қоғамдық бақылау комиссиясы баяндамасында да осы жайт көрсетілген.
Арон Атабек тиісті медициналық көмек алғанын, құқығы бұзылмағанын қанша айтсақ та, құқық қорғау ұйымдары бізге бәрібір сенбейді. Біздің айтқанымызға сенбесе, қадағалаушы орган - прокуратураға сауал жолдап, тексерсін, - дейді полковник Хасенов.
Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған. Арон Атабек пен тағы үш азамат 2006 жылы шілдеде билік Алматы маңындағы Шаңырақ ауылында заңсыз салынды деген үйлерді қиратпақ болған кезде шыққан тәртіпсіздікке байланысты қылмыстық сипаттағы айыптармен сотталған. 18 жылға сотталған Атабек әлі 10 жыл жазасын өтеуі тиіс.