Арон Атабек Қаражал түрмесіне қайтты

Шаңырақтағы полиция мен тұрғындар қақтығысынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек түрмеде кітап жазды. Алайда оны түрме әкімшілігі туыстарына бермей отыр. Арқалықтағы қатаң режимдегі колониядан Қаражалдағы түрмеге әкелінген тұтқынның денсаулығын түрме басшылығы "қанағаттанарлық" дейді.

Наурыздың 6-сынде Азаттық радиосының сауалына орай жауап берген Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Дулат Ахметов "Арон Атабек Қаражалдағы АК 159/22 мекемесінде екенін" хабарлады. Бұл қатаң режимдегі колонияда Арон Атабек Арқалық түрмесіне жіберілгенге дейін де отырған еді.

Арон Атабектің әйелі Жайнагүл Айдархан күйеуіне қатысты саяси дискриминация жасалынып жатқанын айтып, ЕҚЫҰ адам құқығы мен демократиялық институттар бюросына, Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Вотч"), Amnesty International және Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросына ашық хат жазды.

2006 жылы «Шаңырақ оқиғасы» бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек әуелі Қаражалдағы түрмеге түсті. Сол түрмеде «тәртіпке мойынсұнбады» деген айыппен кесімді мерзіміне тағы екі жыл қосылып, 2010 жылы Арқалықтағы аса қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды. УК 161/12 түрмесінде 2007 жылға дейін өлім жазасына кесілген адамдар отыратын.

САЯСИ ДИСКРИМИНАЦИЯ

Ақын және саясаткер Арон Атабек түрмеде бірнеше мақала, кітап жазған. Олардың арасында интернетте жарияланған «Назарбаевщина и революция» атты мақаласы мен «Назарбаевщина и поэзия» атты шығармалары бар.

Диссидент Арон Атабек Шаңырақ оқиғасы кезінде жарақат алды. 14 шілде 2006 жыл.

Арон Атабек Арқалық қаласындағы қатаң режимдегі түрмеге осы еңбектері үшін ауыстырылған еді. Жұрт «жабық» деп атап кеткен осы абақтыда Атабек 2010 жылдан 2012 жылға дейін қамалды. Екі жыл бойы қатаң режимнің кесірінен ол туыстарын көрмеді, бір кісілік камераға жабылып, жақындарымен кездесу құқынан айырылды, осы уақыт ішінде туыстары одан тек жалғыз хат алды. Ал туыстарының жазған хаты қамаудағы диссидентке жетпеген.

Қаражалға қайту - «жабық» абақтыдан, бір кісілік камерадан шығып, туыстарымен жиірек көрісуге мүмкіндік беретін колонияға ауысу деген сөз. Бірақ туыстары оның қазір қайда екендігінен хабарсыз болып шықты.

- Осы күнге дейін онымен еш байланыс жоқ. Атабекке қатысты түрме әкімшілігі тарапынан материалдық немесе тұрмыстық қысым жоқ. Алайда оған қарсы саяси дискримнация қолданады. Атап айтқанда, осы екі жыл мерзім ішінде оған бірде-бір рет телефонмен хабарласуға, бірде-бір кездесуге рұқсат етілмеді. Бізден жіберілген хаттардың біреуі ғана Атабектің қолына тиді. Тіпті мұрагерлікті рәсімдеуге де рұқсат етілмей отыр, - деді Азаттыққа түсініктеме берген Арон Атабектің ұлы Асқар.

САРАПТАМАНЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН КІТАП

Асқардың айтуынша, әкесінен соңғы рет өткен жылдың тамызында бір хат келген. Ол хатта Арон Атабек өзі жазған тағы бір кітабы туралы айтқан.

«Мен, Арон Атабек, Арқалық қаласындағы түрмеде отырып «Сердце Евразии или Великий Арийский Каганат Алтын Орда (Евразийство и казахо-ариизм)» атты тарихи-саяси эссе жаздым. Кітап - алдағы 10-20 жылға арналған саяси болжам

Арон Атабектің түрмеден үйіне жазған хатының фрагменті.

. Кітапта Назарбаев режимі жүйелі түрде, ғылыми негізде сыналады. Кітапқа 2010-2011 жылдар аралығында жазылған өлеңдер мен эпиграммалар кірді.

Мен бас прокуратураға бұл кітаптың Қазақстан конституциясына сай не сай емес екенін анықтау үшін сараптама жасауын сұрап, арыз жаздым. Сараптама екі қорытындының бірін жасауы тиіс. Біріншісі, кітап конституцияға сай келмейді, яғни оның мазмұны антиконституциялық болып шығады. Олай болса, мен ондай кітап жазғаным үшін қылмыстық кодекске сай кез-келген жазаны қабылдаймын. Екіншісі, кітап конституцияға сай болса, оны жариялауға құқым бар. Бұл жағдайда менің кітабымды отбасыма беруді сұраймын» деп жазады сол хатында Арон Атабек.

Арон Атабектің ұлы Асқардың айтуынша, бұл арыз бен кітаптың қолжазбасы бас прокуратураға жіберілмей, әлі түрме әкімшілігінде жатыр. Сондықтан олар кітап пен арызды тиісті органға жіберуді талап етіп отыр.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтис:

- Мен кітапты құқықтық экспертизаға жіберудің қандай да бір қажеттігін көрмей отырмын. Мәселе, тұтқында отырған адамның жазған дүниелерінің бәрі (хат немесе кітап - ред.) хат алысу болып саналады. Заң түрмедегі кісінің жазбаларының көлемін шектемейді. Тұтқынның кітап жазуға да құқы бар. Ол жазғандарының барлығын туыстарына жіберсе, түрме әкімдігі ол жазбаларды тұтқынның туыстарына беруге міндетті. Түрме әкімдігіне бұл кітапты қарап шығуға болады. Егер онда заңға қайшы жазбалар болса, ол туралы түрме әкімдігі сотталушының өзін хабардар етуі тиіс. Түрме әкімдігінің сол шешімін сотталушы сол кезде әкімшілік сотқа бере алады. Міне, осы кезде кітапқа толық сараптама жасауға болады, - дейді.

ДИССИДЕНТТІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Осы айтылған жайттарға қатысты наурыздың 1-і күні Азаттық радиосының тілшісі алдымен Арон Атабек қамауда отырған Арқалық түрмесіне хабарласып, оның

Жайнагүл Айдархан, қазақ диссиденті Арон Атабектің зайыбы. Алматы, 4 маусым 2010 жыл.

жағдайын білмек болды. Мекеме бастығының орынбасары майор Дархан Белгібаев, тілшінің Азаттық радиосынан хабарласып тұрғанын ести салып телефон тұтқасын тастай салды. Одан ары мүлде көтермеді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов «өткен аптада Арон Атабек Арқалық түрмесінен Қарағандыға жіберілгенін» айтты.

Азаттық тілшісі наурыздың 1-і күні Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне ресми сұрау салды. Наурыздың 2-сінде келген жауапта «сотталушы 1953 жылы туылған Арон Едігеев (Арон Атабектің ресми аты-жөні - ред.) Қарағандының АК-159/1 мекемесінде» және «сотталушының денсаулығының қанағаттанарлық» екені көрсетілген.

САЯСИ ТҰТҚЫН

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтис, Атабектің әйелі Жайнагүл Айдарханның халықаралық құқық қорғаушы ұйымдарға

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Евгений Жовтис. Алматы, 25 тамыз 2009 жыл.

жазған ашық хатындағы «Арон Атабек - саяси тұтқын» деген пікірімен толық келіседі.

- Мен Арон Атабекті, жалпы оған қатысты процессті, Шаңырақ оқиғасына қатысты оған тағылған айыптың саяси негізі бар деп санаймын. Ісіне қатысты бірқатар сұрақтардың туындауына себеп болатын саяси контекст бар болса, ол адамды – саяси тұтқын деуге болады, - дейді Евгений Жовтис.

Осы жерде қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасеновтің "Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ" деген пікірін де айта кеткен жөн.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтистің пікірі бойынша, заңда жекелеген жайттарда тұтқын мен оның туыстарына кездесуге рұқсат берілмеуі мүмкін, дегенмен телефонмен қоңырау шалу – сотталушының заңды құқы. Ол «Атабекке мұрагерлікті рәсімдеуге неліктен рұқсат берілмей жатқанын түсінбейтінін» айтты.

- Тұтқынның жақын туыстарына телефон шалуға хақы бар. Егер оған рұқсат етілмесе, түрме әкімдігі заңды бұзып отыр деген сөз. Мұндай жағдайда тұтқын арнайы прокурорға шағымдана алады, арнайы прокурор заңды бұзғаны үшін түрме басшыларын жазалауы керек. Сонымен қатар, түрме басшылары мұрагерлікті рәсімдеуге тосқауыл қоя алмайды. Қазіргі заңға сәйкес, мекеме бастығы - құжаттардың барлық түрін куәландыра алатын адам. Ол нотариус шақырта алады. Мұрагерлікті рәсімдеуге рұқсат бермеу – түрме әкімдігі тарапынан болып жатқан мүлде заңсыз әрекет, - деді құқыққорғаушы Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис пен ол басшылық ететін құқық қорғаушы ұйым Арон Атабектің құқықтарының бұзылып жатқанына орай, егер оның өзінен жазбаша өтініш түскен жағдайда, барлық құқықтық көмекті көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

"Шаңырақ" қоғамдық ұйымының төрағасы Асылбек Қожахметов Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысып отыр. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.


Арон Атабектің жұбайы бұрын «Арон Атабектің атын пайдаланып, өз мүдделеріне қол жеткізген адамдардың қазір оған көмектескісі келмейтінін» бірнеше рет жария түрде айтқан болатын.

Осы ретте Азаттық радиосының тілшілері тіркелмеген «Алға» партиясының бұрынғы басшысы, Арон Атабектің сотында оның қоғамдық қорғаушысы болған «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Асылбек Қожахметовке хабарласқан еді.

Асылбек Қожахметов Арон Атабекке көмектесе алмай отырғанын қысқа түсіндіріп:

- Біздің көмектесе алмай отырғанымызды кейбіреулер «көмектескісі келмей отыр» деп түсінеді, - деді.