2004 жылы наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сынағаннан кейін төтенше жағдайлар агенттігі жетекшісі Заманбек Нұрқаділов «қызмет міндетін дұрыс атқармаған» деген уәжбен орнынан алынды. Көп ұзамай Нұрқаділов Қазақстандағы коррупцияға қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялап, «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының құрылтай комитетіне енді.
Суретте: Еуропа сапарынан оралған Заманбек Нұрқаділов Алматы әуежайында журналистерге сұхбат беріп тұр. 3 ақпан 2005 жыл.
Ұзақ жылдар билікте лауазымды қызметтер атқарған Заманбек Нұрқаділов өмірінде екі рет жұмыстан босатылды. Екі жолы да ол оппозицияға қосылып, билікті сынады.
Заманбек Нұрқаділовтің (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге тұрған суреті. Заманбек Нұрқаділовтің музей-үйіндегі фото.
Заманбек Нұрқаділов әйелі Мақпал Жүнісовамен. 2002 жылғы сурет.
"Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысы құрылтай комитетіне мүше қазақстандық оппозиция өкілдері (солдан оңға): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов, Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
"Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының құрылтай жиналысына қатысқан қазақстандық оппозиция өкілдері (оңнан солға): Заманбек Нұрқаділов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Серікболсын Әбділдин, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов. Алматы, 20 наурыз 2005 жыл.
2005 жылғы қарашаның 12-і кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда мерт болды. Оның жансыз денесінен үш оқтың ізі және оқиға орнынан кезінде оған сыйға тартылған тапанша табылғаны хабарланды. Ресми тергеу «Нұрқаділов өз-өзін екі рет кеудесінен және бір рет басынан тапаншадан атып қаза болған» деген қорытынды жасады. Бірақ оппозиция «билікті сынаған қайраткер қастандық құрбаны болған» деп санайды.
Суретте: Заманбек Нұрқаділов мықты күзеті бар осы үйінде оққа ұшқан. Алматы, 13 қараша 2005 жыл.
Ақпарат күткен журналистер Нұрқаділов үйінің сыртында тұр. Алматы, 13 қараша 2005 жыл.
Нұрқаділов отбасының адвокаты Серікқали Мусин (ортада) журналистерге оның қазасы жайында алғашқы деректерді - марқұмның денесінен үш оқтың ізі (екеуі - кеудесіне, біреуі - басына тиген) табылғанын хабарлады. Алматы, 13 қараша 2005 жыл.
Қазақстан ғылым академиясы ғимаратында Заманбек Нұрқаділовпен қоштасу рәсіміне мыңдаған адам келді. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.
Марқұммен қоштасу Ғалымдар үйінің фойесінде өтті. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.
Заманбек Нұрқаділовтің туыстары мен жақындары марқұммен қоштасу кезінде. 15 қараша 2005 жыл.
Сол жақта - Нұрқаділовтің ұлы Қайрат, қатарында - жесірі Мақпал Жүнісова. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.
Заманбек Нұрқаділовті соңғы сапарға шығарып салуға жиналған қазақстандық оппозиция жетекшілері. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.
Оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы Заманбек Нұрқаділовпен қоштасу рәсімінде. Тура үш айдан кейін оның өзі де жұмбақ жағдайда қаза тапты. 15 қараша 2005 жыл.
Заманбек Нұрқаділов қазасының құпиясын ашуды биліктен талап етіп тұрғандар. Алматы, 24 қаңтар 2006 жыл.
Әнші Мақпал Жүнісова көзі тірісінде күйеуі ұнатқан суреттердің бірінің жанында тұр. Заманбек Нұрқаділовтің музей-үйі, Алматы, 19 қазан 2010 жыл.
Әнші Мақпал Жүнісова қызы Мерей Заманбекқызымен бірге. Алматы, 19 қазан 2010 жыл.
Туыстары мен дос-жаран, серіктері Заманбек Нұрқаділовтің зиратына гүл қойып жатыр. Алматы, 12 қараша 2010 жыл.
Оппозиция белсенділері мен журналистер Заманбек Нұрқаділовтің қаза болғанына 6 жыл толуына орай марқұмның зиратында құран бағыштады. Алматы, 12 қараша 2011 жыл.
Туыстары мен серіктері Заманбек Нұрқаділовтің зираты басында құран бағыштап отыр. Алматы, 12 қараша 2012 жыл.
Заманбек Нұрқаділов Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген.