1996 жылдан бері бірінші типтегі қант диабетімен ауыратын оралман келіншек Жамал Қызыр мүмкіндігі шектеулі жандар алатын жеңілдікке жете алмады. Ол науқасының күн санап дендеп бара жатқанын айтады.
Жамал Қызыр 2006 жылы Қытайдың Үрімжі қаласынан Алматыға қоныс аударыпты. Жасы 48-де. Қазір Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Өжет ауылында тұрады. Жолдасы Мұхтар «Барахолка» базарының маңындағы дәретханалардың бірінде кассирлік қызмет атқарады. Айлығы – 30 мың теңге.
«НЕ СОҚЫР, НЕ ТОБАНАЯҚ БОЛУЫМ КЕРЕК ЕКЕН»
– Қазақстанға көшіп келгелі жыл сайын ауруханаға жатып, қараламын. Дәрігерлердің тұрақты тіркеуіндемін. Күніне бес мәрте инсулин аламын, – дейді Жамал.
2010 жылдан бастап мүгедектікке өту туралы құжат жинап, аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына тапсырғанымен, одан еш қайран болмай отырғанын айтқан Жамал:
– Мүгедектікке өту үшін екі көзім мүлдем көрмей қалуы керек, болмаса екі
Сен қазір өз аяғыңмен жүрсің. Көзің де көреді
аяқтан баса алмай қалуым керек екен. Комиссия мүшелері «Сен қазір өз аяғыңмен жүрсің. Көзің де көреді» деп қайтарып жіберді, – дейді.
Жамал Қытайда аспаз болып жұмыс істеген. Қазір қолын суға малса, саусақтары өз-өзінен тесіле бастайды. Тіпті, маса шаққан жерлері іріңдеп, жараға айналып кете береді екен.
– Сырмақ сыру, кілем тоқу, кесте тігу өнерін бір кісідей жетік меңгердім. Қазақстанда осы өнерді дамытып, кәсіп етемін ғой деп ойлап келгенмін. Оған күшім жетер емес. Егер денім сау болса, үкіметтен бір тиын да алмастан өз күнімді өзім көріп кетер едім, – деп күрсінеді Жамал.
ЕҢБЕК КІТАПШАСЫ
Азаттық радиосына хабарласқан оралман әйелдердің «Нұр-Қоныс» қоғамдық қорының атқарушы директоры Зәбира Алдабергенова:
–Жамал Қызыр екі жылдан бері медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан өте алмай жүр. Науқасы ауыр. Жұмыс істеуге қауқарсыз.
Зәбира Алдабергенова, оралман әйелдердің "Нұр-Қоныс" қоғамдық қорының атқарушы директоры. Алматы, 21 шілде 2011 жыл.
Алатау аудандық медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы одан о баста еңбек кітапшасын сұрапты. Екі елдің арасында еңбек келісім шарты болмағандықтан Қытайдан әкелген еңбек кітапшасы жарамсыз болып отыр, – дейді.
Зәбира Алдабергенованың айтуынша, еңбек кітапшасын жасау үшін Жамалды өз қорларына еден жуушы ретінде жұмысқа алыпты.
– Жұмысқа алдым деген аты ғана. Әйтпесе мына бір бөлменің еденін сүртіп шығуға шамасы келмейді. Орнына қызы келіп істеп жүр, – дейді оралман әйелдердің «Нұр-Қоныс» қоғамдық қорының атқарушы директоры.
Еңбек кітапшасының «жыры» жайлы сұрап, Алматы қалалық Әлеуметтік қорғау және бақылау департаменті бастығының орынбасары Гүлсара Асылбекқызына қоңырау шалған едік.
– Әрбір адам мүгедектікке ұшыраған жағдайда ақшаны әлеуметтік қордан алады. Ал әлеуметтік қордың талабы – міндетті түрде әлеуметтік төлемдер болу керек, яғни өзі жұмыс істеген кезінде. Сондықтан міндетті түрде еңбек кітапшасына қараймыз, – деп жауап берді Гүлсара Асылбекқызы.
«МҮГЕДЕКТІК БЕЛГІСІ ЖОҚ»
Жамалдың денсаулығын қадағалап отырған Алатау ауданына қарасты «Заря Востока» шағын ауданында орналасқан емхананың бас дәрігері Бибігүл Биғалиқызына тілдескен едік.
– Жамал Қызыр бізде тіркеуде тұрады. Ол кісіні жақсы білеміз. Ол кісінің науқасы жайлы диагноздарын шығарып, құжаттарын аудандық медициналық-әлеуметтік сарапатамаға жібергенбіз. Бірақ ол жақтан ол кісіні мүгедектікке өткізбей отыр. Медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы бізге бағынбайды, бізбен санаспайды. Біздің қолымыздан бар келетіні – қағаздарын дайындап беру ғана, – деді Бибігүл Биғалиқызы.
«Жамал Қызырдың денсаулығында үлкен өзгеріс жоқ. Яғни бүйрегі орнында. Көзі көреді. Өз аяғымен жүреді. Комиссия осыған қарап группаға шығармай отыр» дейді Бибігүл Биғалиқызы.
Өзін қалалық медицина-әлеуметтік сараптама орталығы №4 бөлімнің «бас маманы» деп қана таныстырған бейтаныс жан:
– Жамал Қызыр өткен ақпан айында да, жақында да бізге келіп кетті. Қант диабетімен ауыратыны рас. Бірақ ол кісінің науқасында мүгедектіктің
Қант диабетімен ауыратыны рас. Бірақ ол кісінің науқасында мүгедектіктің белгісі жоқ.
белгісі жоқ. Біз үкіметтің қаулысы бойынша ғана жұмыс жасайтын адамдармыз. Сол қаулыда айтылған. Мүгедектіктің белгілері болған жағдайда ғана біз группа береміз, – деді.
Бірақ «Мүгедектіктің белгісі деп нені айтасыздар» деген Азаттық радиосы тілшісінің сауалы сол күйінде жауапсыз қалып қойды.