Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Совет одағы тұсында Қарасай ауданы Шалқар ауылын немістер мекен еткен. Кейін Германияға қоныс аударған олардың орнын оралмандар басқан.
– «Бізге көшіп келушілердің негізін Өзбекстан, Қарақалпақстаннан келгендер құрайды. Олардың арғы жақтан алып келген жүргізуші куәлігінен басқа ешқандай мамандығы жоқ. Ондай куәлігі барлар мамандығы бойынша автобус айдап жүр. Қалғандары «Алтын Орда» мен «Барахолкада» сауда істейді, – деген еді Алматы облысы Қарасай ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қордай Әлібеков Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында.
ҚҰЖАТЫ ЖОҚ МЕШІТ
Сапар Оразұлы да Өзбекстаннан (Науаи облысы Кенемех ауданы Абай совхозынан) Қазақстанға - Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылына 2000 жылы қоныс аударған.
– Бұл ауылға алғаш көшіп келген кезімізде өзге ұлт өкілдері көп болды. Ауылдағы қазақ жастарының иманға ұйитын орны болсын деген ниетпен
інім Пернебек екеуміз өз қаражатымызға мешіт салған болатынбыз, – дейді кәсіпкер Сапар Оразұлы.
Алайда құжаттары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тапсырылған, жұмыс істеп тұрғанына жылдан асқан мешіттің қағаз шаруасы әлі де ретке келмепті.
– О баста жеке меншікке берілген жер белгісіз бір себептермен рәсімделмей қалды. Қазір «Жерді пайдалану» туралы заңға сәйкес 49 жылға жалға алып жатырмыз, – дейді Сапар Оразұлы.
Қаскелеңнің іргесінен шағын кірпіш зауытын салған кәсіпкер Сапар Оразұлы 50-ге жуық адамды қызметпен қамтамасыз етіп отырғанын айтады.
ҚЫТАЙДА – ЕГІНШІ, ҚАЗАҚСТАНДА – ЖҮН ТҮТУШІ
Шаруасын шалқытып жібермесе де, ешкімге масыл болмай-ақ, өз күнін өздері көріп жүрген оралмандардың бірі – Есенбек Жұмаділұлы Шамалған ауылында тұрады. Ол 2005 жылы Қытайдың Алтай өлкесінен көшіп келіпті. Қытайда егіншілік кәсіппен айналысқан екен. Қазір жүн түтіп, сырмақ тігеді. Қытайдан жүн түтетін шағын машина алып келіпті.
– Өзгелерге жұмыс тауып бермесе де, өзіміздің ас-ауқатты айыруға жарайды. Алла несібеден айырмаса, өзімізге осы да жетеді. Артық байлықтың керегі де жоқ, – дейді Есенбек.
Есенбек Жұмаділұлы алғаш келгенде Алматы қаласы Әуезов ауданына тіркеуге тұрған екен. Қаладан гөрі ауылдық жерді қолай тұтқан ол
Мұхтар Абдуллиннің ауласындағы жөндеу кезегін күтіп тұрған көліктер қаңқасы. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылы, 1 маусым 2011 жыл.
Шамалғанға қарай жылжыса керек. Әйелі Айнұр – қолөнер шебері. Тапсырыс берушілердің сырмақ, көрпесін тігеді. Екі баласы бар.
ШЕБЕРХАНАСЫ ЖОҚ ШЕБЕР
Шамалғанда тұрып жатқанына жиырма жылға жуықтаған оралмандардың бірі – Мұхтар Абдуллин. Аудан әкімшілігінің өкілі айтқандай, Мұхтар – «Қарақалпақстаннан келген, жүргізуші куәлігінен басқа мамандығы жоқ» қазақтың дәл өзі. Бірақ автобус та айдамайды, сауда да істемейді – ауласында көлік жөндейді.
Мұхтардың айтуынша, президент туып-өскен ауылда көлік жөндейтін бірде-бір орталық қалмаған екен. Ауласынан басқа басы артық жері жоқ ол ауыл машинасын осы жерде жөндеуге мәжбүр.
– Машинаның сыртқы қорабын қалпына келтіруден бастап, әрбір қозғалтқыш бөлшегін жөндеймін. Мен үшін мынау «советтік», мынау «шетелдік» машина деп бөлінбейді. Шемішкеше шағамын, – дейді Мұхтар Абдуллин.
Қаскелеңнің айналасында кірпіш шығарып, жер өңдеп жатқан басқа оралмандар да бар екен. Бірақ іссапармен бірі Қытайға, енді бірі облысы орталығына кеткендіктен жолыға алмадық.