Accessibility links

Түркіменстан қоныс аударушыларды кемсіту саясатын жүргізіп отыр


Бисенғұл Бегдесінов бейнеленген киім. Алматы. 16 мамыр 2011 жыл.
Бисенғұл Бегдесінов бейнеленген киім. Алматы. 16 мамыр 2011 жыл.

Түркіменстан қазақтарының жетекшісі Бисенғұл Бегдесіновке қатысты оқиғалар бұл елдің көші-қон саясатының ерекшеліктеріне назар аудартты. Азаттық радиосының тілшісі оның құқықтық ұңғыл-шұңғылына үңіліп көрмек болды.


Бисенғұл Бегдесіновтің жақтастары «Түркіменстанда азаматтарды ұлттық белгісіне қарап кемсіту жүргізіледі, елден кететіндерді дымын қалдырмай тонайды» дейді. Түркіменстаннан келетін оралмандар мал-мүліктерінің заңдық жағынан қорғалуы жөніндегі мәселені шешуге өз дипломаттарына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырма бергісі келер ме екен? Бұған жауап жоқ. Осы аптада Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайы да бұл сұраққа жауап берген жоқ.

САЯСИ ТҰТҚЫН

Түркіменстандық қазақ Бисенғұл Бегдесіновті түрмеден босату үшін оның Қазақстанға кеткен ұлдарының азаматтық белсенділік танытуына тура келді. Түркіменстан билігі мамыр айында оған «Ресей мен Қазақстанға кетіп жатқан азаматтарға делдалдық жасады» деген айып тағып, бес жыл шартты мерзімге соттаған. Ол бір ай бойы қамауда отырды. Бисенғұл Бегдесіновтің жақтастары «оның делдалдық бизнесі барынша заңды және ашық болатын, ол саяси қудалауға ұшырап отыр» деген. Халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымы да Бисенғұл Бегдесіновті саяси тұтқын деп атап, оған араша түсті.

Түркіменстанда кейде басқа ел азаматтары да ешқандай қорғаусыз қалады. Шет мемлекеттің Түркіменстан аумағындағы өз азаматын қорғаған бір-ақ оқиғасы белгілі. АҚШ билігі 2002 жылы Сапармұрат Ниязовқа қастандық жасауға қатысты деп айыпталған өз азаматын бостандыққа алып шықты. Бұл мәселені Сапармұрат Ниязовтың қабылдауында болған АҚШ елшісі шешті.

Ресми Ашғабаттың елден кетіп жатқандарға деген көзқарасы әртүрлі. Мұндағы бір ерекшелік – бұл елде тұрғын үйді жекешелендіруге қатаң тыйым салынған. Ал жекшелендірілген тұрғын үйді сатуға одан да үлкен үлкен шектеу қойылған. Ресейге тұрақты тұруға кетіп жатқандар үшін тұрғын үйін жекешелендіруге болады, ал өзге елдерге кетіп жатқандар үшін қатаң шектеу бар.

ОРЫСША ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР

СССР құлаған соң көптеген постсоветтік елдерде басқарусыз көші-қон басталды. Советтік республикалардың тәуелсіздігін жариялап, елшіліктерін ашуы тез арада ұлттық төлқұжат беріледі деген сөз емес еді.

Түркіменстанда тұратын азаматтар да біраз уақыт советтік төлқұжаттарды пайдаланды. Осы елде Ресей Федерациясының елшілігі ашылған соң, тілек білдірген азаматтардың советтік төлқұжаттарына «Ресей азаматы»
Түркіменстандағы тұрғын үйлердің бірі. Ашғабат, 15 тамыз 2010 жыл.

деген мөр басып берді. Бұдан соң мөрді анықтамамен ауыстырды. Түркіменстанның өзінде ұлттық төлқұжаттар 1994 жылдан бастап беріле бастады.

Ашғабатта 1993 жылдың 23 желтоқсанында Ресей мен Түркіменстан арасында «Қос азаматтық мәселесін реттеу туралы» және «Қоныс аудару үдерісін реттеу және қоныс аударушылардың құқын қорғау туралы» келісімдерге қол қойылды. Құжаттар 1995 жылдың 18 мамырында күшіне енді. Ашғабат өзге мемлекеттермен мұндай келісімге қол қойған жоқ. 2003 жылы Түркіменстан біржақты түрде Ресеймен арадағы қос азаматтық туралы келісімнен шықты.

Қазір Ресейде елден тыс жерлерде тұрып жатқан отандастарының Ресейге өз еркімен қоныс аударуына қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама 2006 жылдың 22 маусымында қабылданған. Бағдарламаға қатысу үшін үміткер Ресейдің «Ресей Федерациясының шетелдерде тұрып жатқан отандастарына қатысты мемлекеттік саясаты туралы» заңында бекітілген «отандас» деген түсінікке сай болуы керек.

«Отандастар» тобына жататындар Ресей Федералдық миграциялық қызметінің (ФМҚ) орыс елшілігіндегі өкілдігінде тіркелген соң арнайы шешім, сонымен бірге қоныс аударуға куәлік алады. Бағдарлама бойынша қоныс аударушыларға белгілі бір жеңілдіктер беріледі.

Қоныс аударушылар туралы ресей-түркімен келісімінде «қоныс аударуға рұқсат алғандарға мемлекеттік және муниципиальдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйін жекешелендіруіне» қолдау көрсету қарастырылған. «Қоныс аударуға рұқсат алған қоныс аударушыларға тараптар жекешелендірген тұрғын үйін өз қалауынша сатуға немесе өзгеше түрде пайдалануға кепілдік береді». Яғни қоныс аударушы мәртебесін алу тұрғын үйін жекешелендіруге құқық береді.

Ресей ФМҚ Ашғабаттағы өкілдігіндегі тақтада ілінген хабарламада қоныс аударушы мәртебесін алу үшін Ресей азаматының нотариус арқылы бекітілген шақырту қағазы, төлқұжатының көшірмесі, тұрғылықты жерінен анықтама және қоныс аударушыға байланысты құжаттар қажет делінген.

ҚАЗАҚША ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАР

Қазақстанда Конституцияға және «Азаматтық туралы» заңға сәйкес 1995 жылдан бастап Қазақстан азаматы өзге мемлекеттің азаматы бола алмайды.

Бұл ел «Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес қоныс аудару саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Бұған қатысты «Нұрлы көш» деп аталатын бағдарлама да бар. Қазақстанға қоныс аударуы үшін өзге мемлекетте тұратын азамат оралман мәртебесін алуы керек, бұдан соң соң ол қоныс аудару құқына ие болады.

Оралманға түрлі жеңілдіктер, өтемақылар және өзге де атаулы көмектер көрсетіледі. Баптың үшінші тармағында «олардың тұрған жерлерінде қалдырған мүліктерін заңдық жағынан қорғау, сонымен бірге Қазақстан Республикасына жіберілетін ақша аударымдарын мемлекеттік қорғау мен оны мұраға алу құқы» қарастырылған. Міне, дәл осы «заңдық қорғау»
Оралман мәртебесін алып Қазақстанға көшіп жатқан Түркіменстан азаматтарының тұрғын үй құқын Қазақстанның қалай қорғайтындығы түсініксіз

туралы тармақ қазақ билігінің Түркіменстанға қатысты шикілігін көрсетіп отыр.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында оралман мәртебесін қалай алуға болатындығы жөнінде толық ақпарат бар. Қазақстанның Түркіменстандағы елшілігінің сайтында мұндай ақпарат жоқ. Оралман мәртебесін алып Қазақстанға көшіп жатқан Түркіменстан азаматтарының тұрғын үй құқын Қазақстанның қалай қорғайтындығы түсініксіз.

ТҰРҒЫН ҮЙДІ ТҮРКІМЕНШЕ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ

Түркіменстан өз азаматтарының өзге мемлекет азаматтығын алуын мойындамайды.

«Миграция туралы» заң бойынша, «Елден шығу жөнінде құжаттар алған Түркіменстан азаматтары өздерінің жеке меншігіндегі заттарын кетіп бара жатқан еліне алып кетуге және Түркіменстан аумағында сақтап қалуға құқы бар». Азаматтың мүлкін сақтап қалуға құқық беретін құжат қандай нормативтік актімен реттелетіндігі көрсетілмеген. Түркіменстанда Ресейдегі және Қазақстандағы сияқты бағдарламалар қабылданбаған. Бұл ел көптен бері «қоныс аударушылар болмаса, проблема да жоқ» деген принциппен өмір сүріп келеді.

Бұл жақта тұрғын үйді жекешелендіруді сонау 1990 жылдардың басында сол кездегі президент Сапармұрат Ниязов тоқтатқан. Бұған екі жағдай себепкер болды. Ел астанасының орталық бөлігін қайта құру үшін тұрғын үйлерді жаппай бұзу керек болды. Сол себепті қала билігі қиын жағдайда қалды. Біріншіден, үйлері бұзылған адамдарға (ұлты мен азаматтығына қарамастан) басқа тұрғын үй беру керек болатын. Осыдан барып тұрғын үйдің орасан тапшылығы пайда болды.

Екіншіден, өзге мемлекеттің азаматтығын алған, өзге елдерге көшуге шешім қабылдаған, жекешеленген үйлері бар адамдар өз үйлерін қалада тұрмайтындарға сата бастады. Сонымен бірге ұйымдаспаған нарықта мемлекет бақылауына бағынбайтын тұрғын үйлер бар болатын. Пәтерлерді сатып алу-сатуды ұйымдасқан арнаға түсіре алмаған билік өзі үшін ең оңай жолды – жай ғана тыйым салуды таңдап алды. Елдің өзге жерлерінен келген азаматтардың Ашғабатқа тіркелуіне тыйым салынды.

ЕРЕКШЕ МЕМЛЕКЕТ

Түркіменстан – өзінше ерекше мемлекет. Мұнда тұрғын үйді жекешелендіруге толық тыйым салынған деп айтуға болмайды.

Елдегі жаңадан салынып жатқан элиталық тұрғын үйлер ел тұрғындарының жеке меншігіне сатылады және оларға банктерде
Түркіменстанның тәуелсіздігі күні ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің суретін көтеріп шыққан халық. Ашғабат, 27 қазан 2009 жыл.

ипотекалық несиелер беріледі. «Шетелдік азаматтардың Түркіменстандағы құқықтық жағдайы туралы» заң осы елде тұрып жатқан шетел азаматтарына жеке меншігінде тұрғын үй мен өзге де мүліктер ұстауына мүмкіндік береді.

Бұл тұзақтың мағынасы мынада: ұлтына және азаматтығына қарамастан тұрғын халыққа жеке меншігінде тұрғын үйінің болуына және оны сатып алуына мүмкіндік береді. Ал заңды түрде оны сату – қиындау. Сол себепті жұрт түрлі айла-шарғыларға, тіпті заңсыз әрекеттерге барады.

Оған қоса Ниязовтың тұсындағы өзгеше ойлайтындарға қарсы жаппай қуғын-сүргін кезінде (ұлтына қарамастан) шенеуніктер ұнамайтын азаматтардың үйлерін бұзып тастады немесе тұрғын үйді жекешелендіру туралы жергілікті әкімшіліктің бұған дейінгі қаулысының күшін жойды. Сарапшылар бұны заңсыздық деп есептейді. Жүздеген мың адам жеке меншік құқынан айырылды.

Өткен жылы Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тұрғын үйді жекешелендіру жөніндегі бағдарламаны жасауға, сонымен бірге жылжымайтын мүлік биржасын құруға тапсырма берді. Ол биыл жыл басында: «...Түркіменстан мәжілісі әр адамның тұрғын үйге конституциялық құқын жүзеге асырудың заңнамалық кепілдемесін жасау мәселесі бойынша жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты қысқа мерзімде Түркіменстанның жаңа Тұрғын үй жөніндегі кодексін жасауды аяқтау керек», – деп мәлімдеді.

Ресми Ашғабат кезекті күмпілдек бастамасын жүзеге асырмақ болған кезде сөзсіз пайда болатын мәселелерді қалай шешері белгісіз.
XS
SM
MD
LG