Қазақстанға көшкен қазақтар үш есе азайған

Қарақалпақстаннан көшіп келген оралмандар. Жаңа-Құрылыс ауылы. Алматы облысы. 25 қараша, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанға шетелден қоныс аударушы этникалық қазақтар азайып кеткен. Көші-қон комитетінің өкілі «мұның басты себебі заңдағы өзгерістерде» деп біледі.

Он шақты жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақ, қазіргі «Жебеу» қоғамдық ұйымының бас хатшысы Рақым Айыпұлы биыл шеттен қоныс аударған қазақтар азайып кеткенін айтады. Оның пікірінше, «бұған себеп – шеттегі қазақтардың белсенділігі төмендеуі емес – Қазақстандағы әкімшілік кедергілердің көбеюі».

​– Мәселен, 2013 қабылданған «Еңбек көші-қоны туралы» заңы аясында үкіметтің шығарған қаулысында нақты екі түрлі кедергі бар. Біріншісі – шығу парағы, яғни «қоныс аударған азамат Қазақстанның азаматтығын алу үшін бұрынғы тұрған мемлекеттің келісімі керек» деген. Ал екіншісі – сотталмағаны жайлы анықтама. Осы екі талап соңғы жиырма неше жылда оралмандарға қойылмаған еді, – дейді ол.

«2013 ЖЫЛҒЫ ЗАҢНЫҢ ӘСЕРІ»

2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы Қазақстанға шеттен көшіп келуші этникалық қазақтар азайғанын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де растайды.

Министрліктің Азаттыққа берген мәліметіне қарағанда, Қазақстанға 2013 жылдың 9 айында – 21949 адам көшіп келген, ал 2014 жылы 9 айда бұл көрсеткіш 7468 адам (немесе 3490 отбасы) болған.

Астана түбіндегі оралмандар қоныстанған Қоянды ауылы. Ақмола облысы. 19 тамыз, 2011 жыл.

– 2014 жылдың алғашқы тоқсанында 3887 адам (1947 отбасы), екінші тоқсанында 3377 адам (1457 отбасы) келген. Ал үшінші тоқсанда көшіп келушілердің саны 204 адам (86 отбасы) болып азайған, – дейді осы министрліктің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті этникалық және ішкі көші-қонды реттеу басқармасының бастығы Марат Тоқсанбаев.

Марат Тоқсанбаев 2014 жылы сырттан қоныс аударушы этникалық қазақтардың күрт азайып кетуіне 2013 жылы қабылданған көші-қон туралы заңдағы («Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң) өзгерістер себеп болғанын айтады.

– 2013 жылы қайта қабылданған заңдағы өзгерістер шетелдегі қазақтардың көшіп келуіне кері әсерін тигізді. Заңдағы өзгерістер бойынша, көшіп келгеннен кейін алдымен ықтиярхат алуы керек. Сосын барып тұрақты тіркеуге тұрып, оралман мәртебесін алады. Ал азаматтық төрт жылдан кейін бір-ақ беріледі. Заңдағы осы секілді өзгерістер қазақ көшінің азаюына себеп болды, – дейді этникалық және ішкі көші-қонды реттеу басқармасының бастығы Марат Тоқсанбаев.

23 ЖЫЛДА 952 МЫҢ ҚАЗАҚ КЕЛГЕН

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өкілі айтқан, 2013 жылдың соңында қабылданған заңда оралмандарға бұрынғыдай квота бермей, оның орнына үй салуға, шаруашылықпен шұғылдануға жер учаскесі таратылатыны, тұрғын-үй құрылыс банкі арқылы оңайлатылған кредит беретіні жайлы жазылған. Заңда Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтықты төрт жылдан соң беру туралы (басқа мигранттар азаматтықты бес жылда алады – ред.) да айтылған. Көптеген оралмандар әсіресе осы соңғы талапқа наразы болған.

Қазақстан үкіметі бұл заңнан кейін 2014 жылы наурыздың 20-сында «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» деп аталатын 248-қаулысын шығарған. Ол қаулыға сәйкес көшіп келушілерді жеті облыс қана (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан) қабылдауға тиіс болған, басқа облыстарға қоныс аударушыларға оралман мәртебесі берілмейтіні айтылған. Билік өкілдері бұл заңды оралмандарды жұмыс және баспанамен қамтамасыз ету жайын ойлай отырып қабылдағандарын, ол өңірде бес жыл тұрған соң оралманның өз еркі өзінде екенін айтқан.

Оралман куәлігінің сыртқы мұқабасы.

Бірақ үкімет 2014 жылы шілденің 8-і күні қабылдаған 783-қаулы елдегі 14 облыстың бәрі де оралман қабылдай алатынын жариялаған. Ол қаулы оралмандарға арнайы жағдай жасайтын өңірлерді үкімет айқындайтынын, ол өңірлерге келген оралмандардың жол шығыны өтелетінін және қызметтік баспанамен қамтамасыз етілетінін мәлім еткен. Бұл қаулы жарияланған кезде Азаттыққа сұхбат берген көші-қон комитеті өкілі «оралмандардың енді азаматтық алуды төрт жыл күтпейтінін, алты айдың ішінде Қазақстан азаматтығын ала алатынын» мәлімдеген.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті этникалық және ішкі көші-қонды реттеу басқармасының бастығы Марат Тоқсанбаевтың мәліметінше, Қазақстанға 1991 жылдан 2014 жылдың қазан айына дейін 952 мың этникалық қазақ (258 мың отбасы) қоныс аударған. Оның 61,5 пайызы – Өзбекстаннан, 12,6 пайызы – Қытайдан, 11,6 пайызы – Моңғолиядан, 7,3 пайызы – Түркіменстаннан, 4 пайызы – Ресейден, қалған 3 пайызы басқа шет елдерден көшіп келген.