Паралимпиаданың 50 жастағы рекордшы чемпионы

Қазақстандық жүзуші Зүлфия Ғабидуллина 100 метрлік жарыстан кейін таблодан өзінің жеңіске жеткенін көріп тұр. Рио-де-Жанейро, 8 тамыз 2016 жыл.

Паралимпиада чемпионы 50 жастағы Зүлфия Ғабидуллина Азаттыққа берген сұхбатында тағдырын өзгерткен жол апаты туралы, жеке өмірі һәм арманы жайлы әңгімеледі.

Your browser doesn’t support HTML5

50 жастағы рекордшы чемпион Зүлфия. Аудиоподкаст.


Зүлфия Ғабидуллина Риода өткен паралимпиада ойындарында 100 метрге еркін әдіспен жүзуден чемпион атанды. Ол бұл қашықтықты 1 минут 30 секундта жүзіп өтіп, әлем рекордын жаңартты. Бұрынғы 1 минут 34 секундтық рекорд та Ғабидуллинаға тиесілі еді. Ол бір аяғы не қолы сал болып қалған спортшылар арасындағы жарыста жеңіске жетті.

Оқи отырыңыз: Зүлфия Ғабидуллина - паралимпиада чемпионы

- Риоға мен қола медаль алсам оның өзі үлкен жеңіс деп барған едім. Бірақ әлем рекордын жаңартуды армандадым. Бапкерім екеуміз жыл бойы әлем рекордың жаңарту үшін жоспар құрдық. Бұл медальды алу үшін 25 жыл тер төктім, - дейді Рио чемпионы.

ВИДЕО: Астанада паралимпиадашыларды қарсы алды (22 қыркүйек түсірілген)

Your browser doesn’t support HTML5

Астанада паралимпиадашыларды қарсы алды

СПОРТШЫНЫҢ ӨКІНІШІ

Ғабидуллинаның айтуынша, ол Риода 100 метрден гөрі 50 метрге еркін әдіспен жүзуде медаль алам деп ойлаған. Ол өзіне 50 метрлік жарыстың қолайлы екенін айтады. Зүлфия Ғабидуллина 50 метрге еркін жүзуден 2014 жылы Инчхонда алтын жүлде алған. Бірақ Риода ол 50 метрлік жүзуден 4-орын алды. Зүлфия осы жарыста мәреге жеткен сәтте таблодағы нәтижені көріп, өкініштен көзіне жас алды.

- 50 метрлік жарыста медаль алуым керек еді. Соңғы төрт жылда қатысқан жарыстарымның барлығында 50 метр жүзуден үздік үштікке еніп жүрдім. Риода тағы бір медаль алғым келген. Медальға санаулы секунд жетпей қалғанын көргенде жылап жібердім, - дейді спортшы.

Зүлфия Ғабидуллина Рио паралимпиадасында жүзіп бара жатыр. 8 тамыз 2016 жыл.

«АЯҒЫМ ЖАНСЫЗ БОЛЫП ҚАЛДЫ»

Зүлфия Ғабидуллина Таразда дүниеге келген. Алты жасында жол апатына ұшырап, бел омыртқасын, қол-аяғын сындырып алады. Апаттан миына да зақым келеді.

- Аяғым жансыз болып, қолыммен қасық ұстай алмай қалғанымды білемін. Қасық ұстау, аяқты қозғалтудың өзі жеке жаттығуды талап ететін еді. Бала кезімде оңалту орталықтарында көп болдым. Сол жерде екі-үш айлап жатқанымды да білемін. Сол кезде менің бар қолдаушым анам Наджия болды, - дейді ол.

Зүлфия бүгінде Тараздың ескі көпқабатты үйлерінің бірінде 3-қабатта 16 жастағы қызы Руфиямен бірге тұрады. Лифтісі жоқ үйде пәтеріне өз күшімен түсіп, көтеріледі.

Зүлфия Ғабудиллинаның (оң жақта) Рио-де-Жанейрода түскен суреті. Фотография Қазақстан паралимпиада комитетінен алынды.

- Үйімнің бір бөлмесі шағын спорт зал. Жаттығуға арналған құралдарым бар. Ал негізгі жаттығуымды «Тараз-арена» спорт кешеніндегі бассейнде жасаймын. Үшінші қабатқа шығып-түсудің өзі - мен үшін спорт, - дейді паралимпиада чемпионы.

Спортшы жеке өмірі туралы көп ашылып айта бергісі келмейді. Тек 2000-жылдардың басында отбасын құрғанын, бірақ дәм-тұздары жараспағанын ғана айтты.

- Тараздан басқа қалаға көшкім келмейді. Анам осында жатыр (анасы Таразда жерленген – ред). Қызым дүниеге келген жылы анам өмірден өтті. Қызымды өсіруге көршілерім мен жақындарым көмектесті. Қызым қазір мектепте оқиды. Денсаулығына байланысты спортпен айналыса алмайды. Бірақ сурет салуға әуес, - дейді Зүлфия.

«ТОКИОДА ӨЗ РЕКОРДЫМДЫ ЖАҢАРТҚЫМ КЕЛЕДІ»

1991 жылы Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық жарыс ұйымдастырылды. Зүлфия спартакиадаға мүгедектер арбасымен жарысу бойынша қатысып, бес қашықтықта 1-орын алады.

- 2007 жылы Тараздағы оңалту орталығында Саттар Бейсенбаев мені бассейнге шақырды. Содан бері ол - жеке бапкерім. Бүкіл жетістігім - Саттардың арқасы. Мені жаттығу мен жарыс кезінде бассейнге түсіріп, қайта шығарып жанымда жүреді. Маған сенген, мені осы деңгейге шығарған да бапкерім. Сондықтан жеңісімді бапкеріме арнаймын, - дейді чемпион.

Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина мен бапкері Саттар Бейсембаев (Сурет Қазақстан паралимпиада комитетінен алынды).

Зүлфия Ғабидуллина 2013 жылы Монреальда (Канада) өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы әлем чемпионатында – күміс, 2015 жылы Глазгода өткен (Шотландия) мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы әлем біріншілігінде екі қола жүлде алған. Қазір ол - 50 және 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Азия рекордының иесі. Зүлфия Ғабидуллина Халықаралық паралимпиада комитетінің шешімімен Рио паралимпиадасындағы ең үздік үш әйел атлеттің қатарына енді. Спортшының айтуынша, оның ендігі мақсаты - 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін паралимпиада ойындарында өз рекордын жаңартып, тағы алтын алу.

Рио паралимпиадасы алдында Қазақстан алтын жүлде әкелген спортшыға - 50 мың, күміс жүлдегерге - 35 мың, қола жүлдегерге 20 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған. Кейін Қазақстан спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы көлемі олимпиада жүлдегерлерімен теңесетінін хабарлап, алтын жүлдеге - 84 миллион теңге (шамамен 247 мың доллар), күміс жүлдеге 50 миллион теңге (шамамен 150 мың доллар) берілетінін мәлімдеген еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Рио паралимпиадасы

Рио паралимпиадасы

Қыркүйектің 7-сі мен 18-і күндері өткен Рио-де-Жанейродағы паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 11 спортшы барды. Бұл ел паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алды. Күмісті пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева иеленді.