Паралимпиадаға Қазақстаннан жеті спортшы барады

Паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшы Әнуар Ахметов (Сурет спорт және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметінен алынды)

Тамыздың 29-ы күні Лондонда мүгедек спортшылардың басын қосатын әлемдегі ең ірі жарыс – паралимпиада ойындары басталады. Жарыс тоғызыншы қыркүйекке дейін жалғасады.
Биылғы жазғы паралимпиадаға әлемнің 165 елінен 4 мың 200 спортшы барады. 20 спорт түрінен 502 медаль комплектісі сарапқа салынады.

Қазақстан алғаш рет 1996 жылғы Атлантада (АҚШ) өткен паралимпиадаға қатысқан еді. Содан бері дәстүрлі түрде мүгедектер олимпиадасынан сырт қалған емес. Алайда қазақ спортшылары әзірге бұл ойындарда жүлде ала қойған жоқ.

Биылғы паралимпиадаға жолдама алған қазақстандық жеті спортшының алғашқы тобы тамыздың 24-і күні Лондонға ұшады.

Қазақстанның спорт және дене шынықтыру агенттігі паралимпиада ойындарында чемпион атанған спортшыға – 50 мың, күміс медаль алған атлетке – 35 мың, ал қола алған спортшыға 25 мың доллар сыйақы тағайындағанын мәлімдеді. Ал төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші орын алғандарға 14 мың доллар қаржы беріледі.

Паралимпиадаға Қазақстаннан жеті спортшы қатысады.

ӘНУАР АХМЕТОВ

Паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың ішіндегі ең жасы (19 жаста) - Әнуар Ахметов. Ол жүзу спортымен айналысады. 2009-2012 жылдардағы Қазақстан чемпионы. Қазір Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия паралимпиада ойындарында күміс және қола жүлде алған. 100 метрге еркін әдіспен жүзуден Азия рекордын жаңартқан.

2011 жылы Қазақстанның ең үздік паралимпиадашысы атанған. Биыл жүзуден Ұлыбритания ашық чемпионатына қатысып, 100 метр шалқалап және брасс әдісімен жүзуден екі қола жүлде иеленді. Осы жеңісінен кейін паралимпиада ойындарына қатысуға жолдама жеңіп алды.

ИСЛАМ СӘЛІМОВ

Паралимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшы Ислам Сәлімов (Сурет Қызылорда облыстық әкімдігінің ресми сайтынан алынды)

Ислам Сәлімов 1989 жылы туған. ІІ топтағы зағип мүгедек. Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қызылордадағы спорт мектептерінің бірін бітірген. Биыл Қызылорда мемлекеттік университетіне дене шынықтыру мамандығы бойынша оқуға түсті.

2006 жылы көзі дұрыс көрмейтіндер арасында Голландияның Ассен қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, 800 метрге жүгіруден тоғызыншы орын алды. 2006 жылы Куала-Лумпур (Малайзия) қаласында өткен Азия паралимпиада ойындарында 1500 метрге жүгіруден қола жүлде, 400 және 800 метрге жүгіруде төртінші орын алған.

2007 жылы жеңіл атлетикадан мүгедектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, 800 метрге жүгіруде жетінші, 400 метрге жүгіруден тоғызыншы орын иеленді.

2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия паралимпиада ойындарында 800 метрге жүгіруден үшінші орын алды. Паралимпиадаға жолдаманы 2011 жылы Зиген (Германия) қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіп алған. Ұзындыққа да секіреді. Лондонда 400, 800 метрге жүгіру және ұзындыққа секіру бағдарламалары бойынша жүлдеге таласады.

АЙБЕК ӘБЖАН

Қызылордалық Айбек Әбжан пауэрлифтингтен (штанганы жатып көтеру бойынша) паралимпиадаға қатысады. Жасы – 19-да. Спортпен 2008 жылдан бері айналысады. Қазақстан чемпионатын бірнеше рет ұтқан. 2009 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль алды. 2010 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Әлемдік деңгейдегі жарыстарға алғаш рет қатысқалы отыр.

Паралимпиада ойындарының чемпионына берілетін алтын медаль (Сурет паралимпиаданың ресми сайтынан алынды)


АЙНҰР БАЙДУЛЛАЕВА

31 жаста. 2005 жылы ҚазҰТУ-ды бағдарламашы мамандығы бойынша тамамдаған. Ғылым магистрі. Спортпен 2005 жылдан бері айналысады. 2006 жылы Куала-Лумпур қаласында өткен Азия паралимпиада ойындарына қатысып, бесінші орын иеленген. 2008 жылы жеңіл атлетикадан «Қазақстанның спорт шебері» атағын алған. 2010 жылы мүгедектер арасындағы Ресей чемпионатында қола жүлдеге ие болды. 2011 жылы ІІІ Қазақстан паралимпиада ойындарына қатысқан. Осы жылы Біріккен Араб әмірліктерінде (БАӘ) өткен мүгедектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. 2012 жылы БАӘ (қола) мен Италия (алтын) ашық чемпионаттарына барған.

СЕРГЕЙ ХАРЛАМОВ

Жеңіл атлет. Жасы - 42-де. Спортпен 2007 жылдан бері айналысады. 2010 жылы Ресей ашық чемпионатының жүлдегері болды. 2011 жылғы Қазақстан чемпионы. 2012 жылы БАӘ-де өткен лицензиялық жарыстың жеңімпазы (ұзындыққа секіру). Паралимпиадаға осы ұзындыққа секіру және 100, 200 метрге жүгіруден қатысады. Биыл Загребте өткен Хорватия ашық чемпионатының күміс жүлдегері (ұзындыққа секіру).

ЗҮЛФИЯ ҒАБИДУЛЛИНА

Зүлфия Ғабидуллина паралимпиадаға жүзу спортынан қатысады. Жасы - 47-де. 2007 жылдан бері жүзумен айналысады. Қазақстан паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 2011 жылы Шарджа (БАӘ) қаласында өткен бүкіләлемдік мүгедектер ойынының чемпионы. Паралимпиада ойындарының жолдамасын British Interniotal Disability Swimming Championships-2012 жарысында жеңіп алды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшы Кабира Асқарова. Сурет спорт және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметінен алынды.


КӘБИРА АСҚАРОВА

Кәбира Асқарова – 36 жаста. Паралимпиадаға пауэрлифтинг спорты бойынша қатысады. Негізгі мамандығы – есепші. 2008 жылы Қазақстан чемпионатын ұтып алған. 2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері. 2009 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Қазір Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университеттің студенті.