Қазақстан парламентінде зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заң жобасына түзетулер енгізуді қарастырып жатыр, егер оны қабылдаса, жұмыс берушілерді қызметкерлердің жалақысының бес пайызын зейнетақы қорына аударуға мәжбүрлейді. Заң жобасы мәжілістен өтіп, сенатқа кетті.
Заң жобасын әзірлеуші – денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жарналардың жұмысшының жеке меншігі емес екенін және мұраға берілмейтінін түсіндіреді. Биліктің ойынша, бұл бес пайыз қызметкердің «шартты зейнетақы шоты» деп аталатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) тіркелуге тиіс. Бұл шотқа жинақтаған ақшасын адам тек зейнетке шыққан соң ғана алады – заң жобасы бойынша, ақша ай сайын төленеді.
Парламент депутаты, бұл заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Светлана Ферхо Азаттыққа берген түсініктемесінде жаңа заң жобасын «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында сақтандыру элементі ретінде» қарастыру керек дейді.
Бұл көптеген елдерде қолданыста бар – зейнетақы қорын құруға жұмыс беруші де қатысады, ол болашақтағы жақсы өмірдің кепілі.
- Бұл көптеген елдерде қолданыста бар – зейнетақы қорын құруға жұмыс беруші де қатысады, ол болашақтағы жақсы өмірдің кепілі. Мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы ортақ жауапкершілік туралы айтып отырмыз. Егер бұл мәселені қазір шешпесек, болашақта зейнетақы төлемі жеткіліксіз болуы мүмкін, әсіресе болашақ ұрпақ үшін, - дейді Светлана Ферхо.
«БИЗНЕСКЕ САЛМАҚ» ЖӘНЕ «КӨЛЕҢКЕГЕ КЕТУ»
Құжатты әзірлеушілер мен ол бойынша қорытынды жасаған депутаттар «заң жобасын қабылдаған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды» деседі. Бірақ бизнес өкілдері ондай пікірмен келіспейді.
Еуразиялық кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Жомарт Алдоңғаровтың пікірінше, өзгерісті қолдаған билік жергілікті бизнеске «оң қабақ танытпаған».
Жағдайымыз жақсы болса, бизнеске нақты қолдау көрсетілсе, бес пайызды да, одан көпті де төлейтін едік.
- Үкімет өз жауапкершілігін кәсіпкерлердің мойнына іле салды. Жағдайымыз жақсы болса, бизнеске нақты қолдау көрсетілсе, бес пайызды да, одан көпті де төлейтін едік. Қазіргі бизнестің онсыз да жүктемесі көп! Кеден Одағы, ЕЭО шарттары ауыр тиді, ДСҰ-ға өтіп жатырмыз. Енді бес пайыз шықты, - деді Азаттыққа Жомарт Алдоңғаров.
«Финпотребсоюз» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Айдар Әлібаевтің айтуынша, мемлекет осы бастаманың орнына жұмыс берушіге қандай да бір өтемақы жасамаса, бастаманың пайдасынан зияны көп болмақ. Қаржыгер өзгерістің нәтижесінде, «қара және сұр» (жасырын – ред.) бухгалтерия кең тарайды деп болжайды.
- Көп кәсіптің көлеңкелі бизнеске айналуына ықпал етеді. Жалақыны конвертпен береді, яғни, ресми бухгалтерияда аз ақша көрсетіледі. Көпшілік жалақыны азайтып, сол бес пайызды қызметкерлердің өз мойнына артады, - дейді Әлібаев.
Жеке жұмыс берушілер заң жобасы қабылданған күнде оның әсерін сезінбей қоймаймыз дейді. Астаналық құрылыс фирмасының қожайыны Болат Рақымжановтың сөзінше, кәсібін ашық жүргізетіндер қызметкерлердің жалақысын жасырмайды.
- Білікті жұмысшыларды бағалаймыз. Оларға «ашық» жалақы керек, несие алу мүмкіндігі болуы үшін зейнетақы аударымы қажет. Көпшілік енді былай істейді: он адамның жұмысын жеті-сегіз адамға жүктейді, - дейді Болат Рақымжанов.
Қолданыстағы заң жобасы бойынша, барлық жұмыс істейтін қазақстандықтар өз жалақысының он пайызын зейнетақы қорындағы шотына аударуға тиіс. Бұл ақшаны олар зейнетақыға шыққан соң немесе шетелге тұрақты түрде тұруға кеткенде ала алады. Зейнетақыға дейін өмір сүрмеген адамның салымы мұраға қалады.
Билік «жинақтау» деп атаған осындай жүйеге Қазақстан 1998 жылы көшті. 2013 жылға дейін елде бірнеше жеке және бір мемлекеттік зейнетақы қоры болды, реформа авторларының түсіндіруінше, олар болашақ зейнеткерлердің қаржысын бағалы қағаздар, валюталар мен қаржылық активтерге инвестиция жасайды.
Бірақ 2013 жылы жеке қорлардың барлық жарнасы мемлекетке ауыстырылып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) деп атала бастады. Бұндай реформаның қажеттілігін билік былай түсіндірді: ішкі шығыны жоғары жеке қорлар жақсы пайда әкелмейді. Бірақ қазіргі таңда 4,5 триллион теңге (24 миллион доллар) жиналған БЖЗҚ табыстылығы сарапшылар мен салымшыларды қуантпайды. 2014 жылдың нәтижесі бойынша, БЖЗҚ табыс көрсеткіші 6,3 пайызды құраған, ал сол жылғы инфляция жеті пайыздан асты.
Мақала орыс тілінен аударылды.