Оқушы ақшасын қалай жұмсайды?

Мектеп оқушылары. Алматы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстан оқушылары мектептеріне оралды. Жарты күн сабақта болатын олар қалтасындағы ақшасын қалай жұмсайды? Мұны экономика мен педагогиканың көлеңкелі секторы деуге де болады.
Қазақстандағы «Хоум Кредит Банкі» жасаған сауалнама қорытындысы бойынша, қазақстандық ата-аналардың 94 пайызы баласына ақша береді. Төменгі сынып оқушыларының шамамен 60 пайызы әке-шешесінен ұсақ ақша алады. Ата-аналар 10 жастағы баланың қолына орта есеппен айына үш мың теңгедей ұстатады.

Қарағанды облысы Абай кентінде тұратын Лидия Ворончук «балаларға ұсақ ақша беріп тұрған дұрыс екенін, үзіліс кезінде жүрек жалғап, сусын ішетіндерін» айтты. Ол:

- Әдетте балалар ұсақ ақшаны жеті жасынан, мектепке барған кезден бастап алады, - дейді ол.

КҮНІНЕ - 100-200 ТЕҢГЕ

Ата-аналар 12-13 жастан асқан жасөспірімдерге көбірек сенетіндіктен, оларға апта сайын азын-аулақ ақша беріп тұрады. Осы кенттің тағы бір тұрғыны Надежда Веркиенко:

- Түскі асқа деп қызыма күн сайын 100 теңге беремін. Мектепте тегін тамақтандырмайды. Атасына немесе анасына сыйлық алу үшін кейде әлгі ақшаны жинайды. Ал жалпы мектепте жұмсайды. Кейде артық ақша да береміз, бірақ тым еркелете алмаймыз, - дейді.

Әке-шешесі берген ақшаға балалар сусын, вафли, печенье, бәліш, сағыз, шоколад, балмұздақ, дәптеріне жапсырмалар, ойыншықтар сатып алады. Жоғары сыныпта оқитындары кітап-журнал, сусын алып, телефонына ақша салады. Ата-аналардың көпшілігі баласының қалтасындағы ақшаны қалай жаратып жүргенін білмейді, не сатып алса да баланың өз еркі.

Мектеп оқушылары. Алматы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Бизнесмендер оқушылар қалтасындағы осы майда ақшаны алудың амалын тапқан. Көбінесе олар мектеп маңынан ұсақ-түйек сататын коммерциялық дүңгіршектер ашып тастаған. Надежда Веркиенконың айтуынша, балалар жапырлап келіп, күн сайын осында бірталай ақша қалдырып кетеді.

- Біздің қызымыздың достары қолындағы бар ақшасын осында келіп жұмсайды, шемішке, түрлі қытырлақтар, сусындар алады. Атжалман немесе тышқан сатып алатындар да бар, - дейді ол.

Астанада тұратын Майра Балтабекова қызына күн сайын 100-200 теңге ұстатады.

- Егер қызым коньки тебуге немесе басқалай бір шараға барып жатса, үш мың теңге беремін. «Қалған ақшаны өзің ал, мектептегі қажетіңе жұмса» деймін, - дейді Майра.

Азаттық тілшісінің «Күнделікті ақша беру баланы бұзбай ма?» деген сауалына Майра Балтабекова:

- Әке-шешеміз бізге мүлде ақша бермейтін. Біздің заманның балалары басқа болдық қой. Алты сабақ біткенше шыдап, тамақты үйге келіп ішетінбіз. Қазіргілер ерке сияқты. Заман басқа, балаңның жанында жүрген бай баласының қалтасына әке-шешесі толытырып ақша салып береді. Өз басым бала ақшаны еңбекпен алуы тиіс деп есептеймін. Қазіргі балалардың үй шаруасына мүлде қыры жоқ қой. Бұған әке-шешелері кінәлі. Баласының жүріс-тұрысын мүлде қадағаламайды. Әлден сыра ішіп, темекі шегетін балалар бар. Олар оның бәрін әке-шешесі берген ақшаға алады, - дейді Майра Балтабекова.

АҚШАНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘСЕРІ

Астанада тұратын 15 жастағы Сәуленің әке-шешесі - ауқатты адамдар. Олар банктен карточка ашып, қыздарына беріп қойған. Сауданы карточкамен жасайтын Сәуле біраз уақыт заттардың бағасын білмей келіпті. Күнделікті жейтін шоколадты қымбатқа сатып алып жүргенін құрбысы айтқан. Сәуле өзінің тым ысырап жасап жүргенін түсінген.

Баланы қолындағы «капиталын» дұрыс жұмсауға қалай үйретуге болатыны жайлы зерттеулер көп. Бұл зерттеулердің нәтижесі көбінесе «бала ақшаны орнымен жұмсауды, жиған-тергенін сақтап, үнемдеуді үйренгені, ең бастысы - ақшаның құнын білгені жөн» дегенге саяды.

Мектеп қасында отырған оқушы мен ересек адам. Алматы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Балаға ара-тұра ұсақ ақша ұстатудың педагогикалық тұрғыда пайдасы да бар. Бала ақшаны қалай орынды жұмсауды үйрене бастайды, ақшасын санап, есебін жүргізеді. Өзіне қызыққан затты сатып алуды жоспарлайды. Ал кішкентай кезінде ақша ұстап көрмеген бала қаржы жұмсаудың жөнін білмеуі мүмкін. Мысалы, Шымкентте тұратын Бахтияр Кенжалиевке әке-шешесі 16 жасында ақша бере бастаған. Ол сүйікті әншісінің компакт-дискісін жаңа альбомның құнындай бағаға сатып алған. Бахтияр мұны әлі күнге дейін өкініп еске алады.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен адамдар «баланың ақша ұстауды, үнемдеуді ертерек үйрене бергені дұрыс» деп санайды.

- Төрт балам бар. Оларға аптасына бір рет ақша беремін. Ересек екеуінің ақша жұмсауды жап-жақсы үйреніп қалғанын байқадым. Бала бойында ұқыптылық пен үнемшілдік қасиеттері болғаны жөн ғой, - дейді астаналық тұрғын Дүйсен Ибрагимбеков.

Ірі құрылыс компаниясында бухгалтер болып істейтін Айжан Махметова Дүйсеннің бұл пікірімен келіспейді. Оның ойынша, «бала сұраған сайын ақша берсең, жаман үйреніп алады. Бала ақшаны еңбекпен, мәселен, әке-шешесіне қолғабыс жасау арқылы алуы тиіс.

- Менің балаларым ыдыс-аяқ жуып, үй тазалайды, итті серуенге шығарады, дүкенге бару да олардың міндеті. Ай сайын оларға 3 мың 500 теңгеден беріп отырамын, - дейді Айжан.

Оқушылардың күніне қанша теңгеге не сатып алатынын мына видеодан көре аласыз:

Your browser doesn’t support HTML5

Оқушының ақшасы


ЕУРОПАДА ҚАЛАЙ?

Германия балалары жылына миллиардтаған еуро жұмсайды. KidsVerbraucherAnalyse орталығының зерттеуіне қарағанда, ата-аналардың балаларға беретін ақша көлемі рекордты шамаға жеткен. Алты мен 13 жас аралығындағы балалар әке-шешесінен ай сайын мөлшермен 27 еуро алады. Бұл - шамамен 5 мың 500 теңге. Бірақ Германиядағы жалақы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп.

Бұған қоса неміс балалары туған күн, Рождество мерекесінде ақшалай сыйлықтар алады. Туған-туыстары да ақша береді. Соңғы жылдары неміс баласының қалтасында ақша көбейген. Мысалы, 2012 жылғы зерттеу бойынша, ата-аналар балаға «күніне 2,3 еуро беріп отырған дұрыс» деп есептеген.

Чехияда да бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Чех мектептерінде оқушыларға ақшаны қалай жұмсауды үйрететін арнайы пән бар. Бұл елде ата-аналардың 90 пайызға жуығы баласына күнделікті ақша беріп отырады.

Мақаланы әзірлеуге тілші Мәншүк Асаутай қатысты.