Атабекті хлормен «азаптауды» қауесет деп атады

Арон Атабек сот залында тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Түрмедегі диссидент Арон Атабектің туыстары Бақытжан Төреғожинаның оны хлормен «азаптады» деген мәлімдемесіне алаңдайды. Түрме бастығы бұл сөздерді қауесетке балайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бас прокурор, омбудсмен және Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы комиссиясына «Арон Атабек мекеме әкімшілігі тарапынан адамшылыққа жатпайтын, ар-намысын таптайтын әрекеттерге ұшырады» деген үндеу жолдады.

Ақын әрі диссидент Арон Атабек Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отыр. Ертеректе туыстары мен жақтастары денсаулығына қатысты шағымы негізінде оны емдетуді сұрап, түрме жүйесі басшылығына, омбудсмен және өзге де мекеме-ұйымдарға өтініш жолдаған. Бірақ олардан «Арон Атабек емге мұқтаж емес» деген жауап келген.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ ҚАУПІ

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында сотталғандарды медициналық қызметпен қамтитын топ майоры Шайдуллинаның «Арон Атабектің денсаулығы мен тізесін қарап шығып, оны санитарлық бөлімге ауыстырудан тағы бас тартқанын» жазды.

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

«Арон серуенге шыққан кезде оның камерасына адам тұншығатындай етіп бір шелек хлор төгіп тастаған. Камера желдетілмейді. Серуеннен келген соң хлор төгілген еденді көріп наразылық білдірген Арон Атабекті таяқпен қабырғасынан ұрған. Әлгі жанжалдан кейін Павлодар қаласындағы СИ-14 мекемесінің бастығы оны Арқалық қаласындағы өмір бойға сотталғандар отыратын түрмеге үшінші рет жіберуге уәде еткен» дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы бұл эпизодты бас прокурор, омбудсмен және Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы комиссиясына жолдаған үндеуінде де сипаттап жазған.

Арон Атабектің туыстары Төреғожинаның хабарламасынан кейін алаңдап отыр. Түрмедегі әкесіне қарсы «адамшылыққа жатпайтын, ар-намысын таптайтын әрекеттер жасалды» деген мәлімдемеге байланысты Асқар Айдархан да көңілі орнына түспей тұрғанын айтты.

ТҮРМЕ БАСТЫҒЫНЫҢ СӨЗІ

Павлодар қаласындағы тергеу абақтысы бастығы Ернұр Саспанов түрме әкімшілігі қызметкерлерінің Атабекке қатысты заңсыз әрекеттері туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Түрме бастығының сөзінше, «Арон Атабек аса танымал тұлға болғандықтан, оған қатысты заңсыз әрекеттерге жол берілуі мүмкін емес. Ал болған күннің өзінде ондай әрекеттер жазасыз қалмайды».

Саяси тұтқын Арон Атабектің ұлы Асқар (ортада) мен әйелі Жайнагүл Айдархан (оң жақта) Лондондағы Қазақстан елшілігі алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Ұлыбритания, 5 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мені үнемі тексереді. Жуырда прокуратураның жетінші басқарамасынан келіп, тексеріп кетті. Ондай бірдеңе болса, мына орында отырмас едім, - дейді тергеу абақтысы бастығы Ернұр Саспанов Азаттық тілшісіне.

Камераға хлор төгу оқиғасын да терістеген полковник Саспанов «Бұл - өтірік сөз. Жұрттың шығарып алғаны» деді.

61 жастағы ақын, әрі диссидент Арон Атабек «2006 жылдың шілдесінде Алматыдағы Шаңырақ кентінде болған оқиғаларды ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде бір полицей қаза тапқан еді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп санайды. 2010 жылы ақын әрі диссидент Арон Атабек халықаралық "Шығармашылық еркіндігі" сыйлығына лайық деп танылған. Ол - оппозицияның 2007 жылғы «Азаттық» сыйлығының лауреаты.