«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бәріңіз білесіздер, осы апта ерекше болды. Бірақ мен оның бәрін айтпай-ақ қояйын.
І. «БАЙЛЫҚТЫҢ КЕСІРІ»
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы жұма күні сайлау штабына барып, «айрықшы даму мен байлықтың кесірінен құлаған» Рим империясы тарихын айта келіп:
- Халық байи бастады. Байыған адам қызметші жалдайды, жүргізуші жалдайды, ауылдағылар бақша салдырады. Қалтасына ақша түсіп, бос уақыты табылады. Сол бос уақытты олар білімін арттыруға, скрипка үйренуге, тағы бірдеңеге, сурет салуға жұмсаса ғой. Жоқ, ол сол бос уақытын тән қалауы мен өңшең жаман істерге жұмсайды. Міне, байлықтың кесірін көрдіңдер ме. Біз – жас ұлтпыз, жұмыс істеуіміз керек, - деді.
P.S. Осы сөзге орай «байлықтың кесірі», скрипка мен сурет, «тән қалауы» мен «жаман істер» жайлы толғанып көрейін деп едім, Жаңаөзендегі 7
– Екі әйел адам мен алты ер адам көз жұмды. Мен оларды жедел жәрдем машинасына салып жібердім. Жедел жәрдем үлгермей жатыр. Оқ кей адамдардың тамағына, басына тиген: олардың арасында қарапайым халық та, бар, ереуілшілер де бар, – деп, ойымды бөліп жіберді.
ІІ. «УРА! УРА! УРА!»
«Ғасыр ғұламасы» атағының иесі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы күні Астанада - Орынбор көшесі мен № 25 көшенің қиылысқан жерінде, биіктігі 20 метр, ені 13 метр «Мәңгілік ел» салтанат қақпасын ашу салтанатына қатысты.
– Біз бұл тамаша Салтанат қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көп ұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге Ұлы мерекені – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз, – деді «Ғасыр ғұламасы» атағының иесі.
Жұрт ду қол шапалақтады:
– Қазақтың бірлігі жасасын, – деді «Ғасыр ғұламасы» атағының иесі.
– Ура! – деді жиналған жұрт.
– Еліміздің аман-саулығы жасасын, – деді «Ғасыр ғұламасы» атағының иесі.
– Ура! – деді жиналған жұрт.
– Болашақ бақытымыз мол болсын, – деді «Ғасыр ғұламасы» атағының иесі.
– Ура! – деді жиналған жұрт.
– Мереке құтты болсын! – деді «Ғасыр ғұламасы» атағының иесі.
– Ура! – деді жиналған жұрт.
P.S. Мен де жұртпен бірге қуанып, «уралайын» деп едім, «қазақтың бірлігі», «елдің аман-саулығы», «болашақ бақыт», «құтты мереке» туралы жазайын деп едім – Жаңаөзендегі ереуілші мұнайшылардың бірі Бейсен Нұров оқ тиіп жараланып, оның 16 жастағы қызы Айткүл Нұрова әкесінің басын құшақтап жылап, «мерекелік көңіл-күйімді» бұзып жіберді.
ІІІ. «БҰЗАҚЫЛАР», «ОТАНДАСТАР» ЖӘНЕ «ОППОЗИЦИЯ»
«Менің шабытыма бөгет болған, Жаңаөзендегі Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық тойының шырқын бұзған кім болды екен?» деп, мәлімет іздедім.
– Бүгінгі акция Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы күнінде заңсыздықпен тәртіпсіздікке барған адамдардың шынайы бет-бейнесін көрсетіп берді... Олар өздерінің жеке бастарының қамын ұлттық мүддеден де жоғары қойып отыр. Қоғам Жаңаөзенде орын алған оқиғаларға мемлекет тарапынан қатаң баға берілуін қалайды, – деген талап қойып жатыр екен «ҚазАқпарат».
Мемлекеттік ақпарат құралдарын қарап едім, Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Қазақстан президенті:
– Осы орайда мұнайшылардың еңбек дауын өздерінің қылмыстық ниеттері үшін осы жағдайды пайдаланып қалғысы келген бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды. Біз бұл іспен кім айналысқанын, қайдан қаржыландырылғанын ашатын боламыз. Осы жылдар ішінде Жаңаөзен халқының әлеуметтік жағдайын шешу үшін көптеген шаралар атқарылды. Жалақы көлемі жоғарылады. Әр елде шашырап жүрген отандастарымызды Жаңаөзенге шақырдық. Оларға барлық жағдайды жасадық. Осы үшін олар мемлекетке риза болуы тиіс, – деп отыр екен.
Интернетті ақтарып едім, Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев:
– Жаңаөзендегі оқиғаның шектеулі ғана сипаты бар. Халықтың көбі біздің президентті қолдайды. Оған қоса Маңғыстау облысындағы тәртіпсіздікке қатысты адамдарды Қазақстанның толық азаматтары деуге болмайды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырған – Жаңаөзенге Түркіменстаннан мен
P.S. Ал мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі айыптаулар мен үкімдерді есіме алдым.
Құдайға шүкір, Қазақстанда саяси тұрақтылық бар екен – 25 жыл бұрынғы күйімізден еш өзгермеппіз.
Әлде өзгердік пе – өйткені 1986 жылы «бұзақы», «нашақор», «қылмыскер» топты «қаржыландыратын» «оппозиция» мен «сыртқы күштер» болмап еді ғой, әрі ол кезде «әр елде шашырап жүрген отандастарымыз» да Қазақстанға оралмаған еді...