«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.
І. «ОЙБАЙ, ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫРМЫЗ» НЕМЕСЕ «НАН ҰРСЫН!»
Қазақстанда өткен аптада тағы бір маңызды оқиға - парламент сайлауы өткенін білесіздер. Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынова осы сайлау туралы дер кезінде пікір білдіріпті.
«Таңертеңгі сағат 10.30-да «Нұр Отан» партиясына дауыс бергенін», «өз басы Президенттің саясатын қолдайтынын», «сайлауға қатысып, болашақ алдындағы өз міндетін атқарғанын» баса айтқан ақын:
- Осы орайда айта кетпесем болмас, бір басылымдар Жаңаөзендегі жағдайға байланысты «Оңғарсынова қайда қарап отыр?» деп жазатын көрінеді. Түптеп келгенде, мұндай жағдай әр мемлекеттің басында бар. Халыққа мылтық кезенгендерді, әрине, жазалау керек. Қыршын кеткен жас жігіттерге обал болды. Бірақ арандатушылардың айтқанына еріп, мемлекеттің мүлкін қиратып, өртеу қаншалықты қажет болды? – депті 16 желтоқсан күні «Айқын» газетіне берген сұқбатында.
Шынымды айтайын, «қираған, өртенген мемлекет мүлкі» үшін жас жігіттерді қыршынынан қиюға болатынын әлі күнге дейін білмеппін.
Хо-о-ош! Ақын одан кейін «Президенттің жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүкіл жер шарын аралап, қазақтың атын шығарам деп жүрген саясатын», «Ресей иемденіп кетпек болған солтүстік облыстардың жағдайын ойлап, Астананы аласапыран кезде Алматыдан Ақмолаға көшіргенін» айта келе:
- ...Ендеше, мен біреулер ортаға от жақты екен деп қалай ереуілдеп кетемін? Осы жасқа келіп, пиғылы жат біреулердің айтағына еріп, көйлегімнің етегін желбіретіп,
«Мемлекеттік мәселелер мен елдің жағдайын шешетін, халықтың мұң-мұқтажына құлақ салатын, Елбасы мен оның басқаруындағы партияға бірауыздан» дауыс бергенін айтқан, осы арқылы «Президентіміздің бүгінгі саясатын қолдағаным деп есептейтін» ақын:
- Әңгіме қай партияның тізімінде болғаныңда емес, әңгіме сенің жүрегіңде, таңдауыңда. Туған Отаныңа, еліңе-жеріңе деген махаббатыңда, патриоттық сезіміңде, - деп аяқтапты әңгімесін.
P.S. Естеріңізде болса, Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы сайлау күні Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылына барғанда бюллетеньдерді дауыс беретін жәшікке уыстап салып жатқанын көріп қалып еді ғой. Сайлаушылардың бірі «Нұр Отанға» дауыс бердім! Нан ұрсын!» деп ант-су ішкен. Тілшімізді сайлау комиссиясындағы апайлардың бірі жұбатып:
- Шынын айтсам, сайлаушылардың 80 пайызы сауатсыз. Көрмейді! Енді не істеуіміз керек сонда?! - деп уәж айтқан.
«Нұр Отан» партиясы 80,99 пайыз дауыс жинады» деген жаңалықты естігенде сол апайдың «сауатсыз соқырлар» жайлы сөзі есіме түсіп кетті.
Әрине, 80 пайыз деген - жай ғана кездейсоқтық қой. «Әңгіме - сенің жүрегіңде, таңдауыңда, туған Отаныңа, еліңе-жеріңе деген махаббатыңда, патриоттық сезіміңде». Нан ұрсын!
ІІ. МЫЛТЫҚ ПЕН САЙЛАУШЫЛАР
Орталық сайлау комиссиясы дерегіне бақсақ, өткен аптадағы парламент сайлауына Қазақстан халқының 75,45 пайызы қатысыпты. Оны айтасыз, бір айдан бері өлісі түгенделіп, тірісі тергеліп жатқан, төтенше жағдай жарияланған Жаңаөзен қаласы тұрғындарының да саяси белсенділігі жоғары екен - тұрғындардың 70 пайызы сайлауға келіпті.
Мұның себебін білмей, басым қатып отыр еді – сырын саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов айтыпты «Свобода слова» газетіне берген сұқбатында.
- Сайлаушылар неге көп қатысты дегенге келсек, оғаш естілсе де айтайын, бұған
Оның ойынша, «Нұр Отан» басқа партияларға қарағанда сайлаушылар үшін көбірек біріктіруші болған».
P.S. Былтыры кезектен тыс өткен президент сайлауында (Жаңаөзенде ешкімнің қаны төгілмеген, 17 адам қайтыс болмаған, 100-ден астам жан жараланбаған кезде) Нұрсұлтан Назарбаев қалай 95,5 пайыз дауыс алды – соған ақылым жетпей отыр.
Халқы көп болса да, сайлауға 41,38 пайызы ғана қатысқан (ресми ақпарат бойынша) Алматы қаласы тұрғындарын сайлау қарсаңында «біріктіріп», «халық, ұлт ретінде сезімге бөлеу үшін» не істеу керек еді – саясаттанушы енді соны айтып жіберсе.
ІІІ. «АУЫР СӨЗДІ КӨТЕРЕ АЛМАЙМЫН!»
Қазақстанда қаңтардың 15-інде парламент мәжілісінің мерзімінен бұрын өткен сайлауын бақылаған бірқатар халықаралық ұйымдар, оның ішінде ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы «сайлау демократиялық талаптарға сай өткен жоқ» деп сынаған еді.
«Шаншар» әзіл-сықақ театрының «Жүзбе-жүз» деген скетчінің кейіпкері Еремет Кереметович айтпақшы, мұндай «артық әңгіме, ауыр сөзді көтере алмады» Қазақстан.
- Біз бұдан былай Қазақстанға өткізген сайлауымызды сынайтын, әлдекімдер
Бірақ Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов 19 қаңтар күні Вашингтонда жедел баспасөз мәслихатын өткізіп, «ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сайлауға берген бағасымен келіспесек те, ұйым бақылаушыларын болашақтағы сайлауларға шақыра береміз» деп, президенттің сөзін жуып-шайды.
P.S. Құдайдың құдіреті, неге екенін білмеймін, КПСС орталық комитетінің бірінші хатшысы Хрущёв марқұмның 1960 жылы БҰҰ ассамблеясы мәжілісінде бәтеңкесін шешіп алып, үстелді ұрғылап отырғаны есіме түсе береді. Ерлан Ыдырысов мырза сол кезде өмір сүріп, СССР-дің АҚШ-тағы елшісі болғанда, бастығының бұл қылығын не деп ақтар еді, а?