Интеллигенция «саяси ойынның құралы» болғанына наразы

Сайлау науқаны кезіндегі өнер адамдары мен спортшылардың суреті ілінген билборд. Астана, 1 сәуір, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Билік және билікке жақын партиялар 2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында интеллигенцияны (танымал ақын-жазушыларды) депутаттыққа үміткер ретінде партия тізіміне кіргізіп, үгіт-насихат науқанына белсенді пайдаланды. Бірақ кейін ол партиялардың тізіміндегі зиялылардың ешбірі парламентке өткен жоқ.

Депутаттыққа өтпей қалған интеллигенция өкілдерінің кейбірі «партиялар бізді пайдаланып кетті» деп ренжіді.

Азаттық радиосының осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстеліне саясаттанушы әрі журналист Сейдахмет Құттықадам, Guljan.org сайтының бас редакторы, парламент депутаттығына ЖСДП тізімімен түспек болып, сайлаудан аластатылған Гүлжан Ерғалиева, «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары тізімімен сайлауға түсіп, парламентке өтпей қалған интеллигенция өкілдері – ақын Серік Тұрғынбекұлы мен жазушы Дулат Исабеков қатысты.

«АҚ ЖОЛДЫҢ» «АЛАШ» БАҒДАРЛАМАСЫНА СЕНІП ҚАЛДЫҚ»

Ақын Серік Тұрғынбекұлының айтуынша, «Ақ жол» партиясының парламенттен небәрі 7-8 орын алатынын ел-жұрт алдын-ала ашық айтқан. «Сендердің партия тізімдерімен сайлауға түскендеріңнен түк шықпайды, сендердікі жай қарала шабыс, далбаса» деп ескерткендер де болды дейді ол.

Бұрынғы үміткердің айтуынша, «Ақ жол» партиясына 10 жылдай мүше болған интеллигенттердің біразы партияның «Алаш» бағдарламасына қатты сенген,

Ақын Серік Тұрғынбекұлы "Ақ жол" партиясының съезінде. Алматы, 27 қараша 2011 жыл.

Әлихан Байменовтің орнына келген Азат Перуашевтың «Алаш» бағдарламасын басшылыққа аламын деген сөзіне де тіпті шүбә келтірмеген.

– Депутаттыққа өткен қалталылар мемлекеттік тілден мақұрым екенін былай қойғанда, «Алаштың» аты тұрмақ затын да білмей, парламентке өтіп кетті, – дейді Серік Тұрғынбекұлы.

Ақын Тұрғынбекұлының айтуынша, «бірыңғай байлар мен кәсіпкерлердің партиясына айналған «Ақ жол» партиясынан өткен қалталыларға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлдарынан гөрі бүгінгі қолдан жасалған көсем-сымақтар әлдеқайда қымбат».

– Міне, осылардың бәрі интеллигенттердің наразылығын туғызып, біз «Ақ жол» партиясының таяуда болып өткен жиынында Амангелді Айталы сынды қадірлі кісілермен бірге «Алаш кеңесі» деген кеңес құрып, партиядағы осы мәселелерге қарсы күресуге күш жұмсағалы отырмыз, – дейді Серік Тұрғынбекұлы,

«ЛАҚТЫРЫП ТАСТАЙ САЛДЫ»

Жазушы Дулат Исабеков өзі мүше «Ауыл» партиясының соңғы сайлауда «7 пайыздық межеден өткеніне әбден көзі жеткенін» айтады.

Бірақ ол Коммунистік халық партиясының парламентке өтуін «сонау бастан

Жазушы Дулат Исабеков мемлекеттік тілді қолдау жиынында. Алматы, 19 қыркүйек, 2010 жыл.

жоспарланған, қолдан ұйымдастырылған, халықаралық ұйымдар алдында «үш партиялы парламент сайланды» деп айту үшін ғана жасалып отырған саяси ойын» дейді.

– Ол өзі біздің баяғыдан келе жатқан әдісіміз емес пе! Оларды (интеллигенттерді) үгіт-насихат үшін пайдаланып, партияның қатарында кім бар дегенде, «осындай-осындай ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері бар» деп, оларды бетке ұстап, үгіт-насихаттың бір құралы ретінде пайдаланды да, жеме-жемге келгенде оларды лақтырып тастай салды, – дейді Дулат Исабеков интеллигенттердің депутаттыққа өтпей қалуы туралы.

«ИНТЕЛЛИГЕНТТЕРДІҢ ӨКПЕЛЕЙТІН ЖӨНІ ЖОҚ»

Гүлжан Ерғалиева «интеллигенттердің билік пен оған жақын партияларға өкпелейтін жөні жоқ» дейді.

– Өйткені интеллигенттер билікке ауыз ашып, алақан жайып қараса, билік те интеллигенттермен соған сай сөйлеседі. Билік әлдеқашан интеллигенцияны ғана емес, бүкіл халықты сыйлаудан қалған, – дейді журналист.

Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, билік интеллигенция өкілдеріне «Халық

Guljan.org сайтының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева (оң жақта) наразылық шеруінде. Алматы, 17 қаңтар, 2012 жыл.

жазушысы», «Еңбегі сіңген қайраткер» сынды атақтар беріп, кеуделеріне түрлі медальдер іліп, олардан «халық сүйіктілерін» жасайды. Одан соң билік олардың халық алдындағы бүкіл абырой-беделін өз пайдасына жаратады.

Гүлжан Ерғалиева белгілі интеллигенция өкілдерінің, әсіресе егде адамдардың «билік берген атақ-даңқ, медаль-марапаттарға алданып, «Хабар» телеарнасынан президентті, «Нұр Отан» партиясын көкке көтере мадақтағанын көргенде, оларды аяйтынын, екінші жағынан – олар үшін жерге кірердей ұялатынын» айтты.

– Ондай адамдарға деген құрметім бірден жоғалып кетеді. Олардың беделі, кәсіби қарымы жұрт көзінше біртіндеп өшіп бара жатыр, – дейді Гүлжан Ерғалиева.

«ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ – ҚОРҚАҚ, ЖАНЫ ТӘТТІ»

Жазушы Дулат Исабеков «қазір зиялы қауым адасып қалды» дейді. Оның айтуынша, партияларға деген сенім жоғалды, жұрт кімнің соңынан ерерін, кімді тыңдарын да білмей қалды.
Билік «адам өзіне-өзі үш рет оқ атып өле береді» дегенге сенген халық бәріне сене береді, бәріне көне береді деп есептеп...

– Билік халықтың момын екенін, бұл халықпен ойына келген тәжірибесін жасай беруге болатынын, «адам өзіне-өзі үш рет оқ атып өле береді» дегенге сенген халық бәріне сене береді, бәріне көне береді деп есептеп, халықтан, интеллигенттерден ақыл сұрамайтын болды. Бүгінгі Қазақстанда ақылды интеллигенцияның сөзі қажет болмай қалды. Қысқасын айтқанда, бүгінгі біздің қоғамға ойлы адамның қажеті жоқ, – дейді Дулат Исабеков.

Ал Сейдахмет Құттықадам «Интеллигенцияға неге билік, партия ақыл айтуға, жөн көрсетуге тиіс?» деп сұрақ қойып, оған өзі жауап берді.

– Зиялы болсаң, білімді, оқымысты болсаң, қайта сен ақыл-кеңес беруің керек, жөн сілтеуің керек. Билікке де, оппозицияға да, халыққа да сен жол көрсетуің керек. Арың, қолың, жүрегің таза болса, әрине. Ал бізде, өкінішке қарай, зиялы қауым – қорқақ, жаны тәтті. Сонда олардың қорқатыны – «биліктің беріп жатқан тиын-тебенінен айырылып қаламын-ау» деген уайым, – дейді Сейдахмет Құттықадам.

«Интеллигенция өз орнын таппаса, халқының ар-ұяты, намысы, жол көрсетер рухани жетекшісі бола алмаса, елі үшін арын, жанын құрбан қыла алмаса – ол өзін интеллигенциямын деп атай алмайды» дейді Сейдахмет Құттықадам.

Дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасын тыңдаңыз:

Your browser doesn’t support HTML5

Интеллигенция «саяси ойынның құралы болғанына» наразы